S&P Global Ratings және Moody’s Freedom Holding Corp. еншілес компанияларының бағасын арттырды

Freedom экожүйесіне кіретін қаржы компанияларының бағаларын халықаралық рейтингтік агенттіктер жақсартты. S&P Global Ratings агенттігі Freedom Bank-тің BB-/B деңгейіндегі рейтингтерін растады, ұлттық шкала бойынша бағасын kzA- деңгейінен kzA деңгейіне дейін көтерді және болжамын «Тұрақтыдан» «Позитивті» деңгейіне өзгертті. Moody’s агенттігі алғаш рет Freedom Life компаниясына инвестициялық деңгейдегі Baa3 рейтингін, ал Freedom Insurance компаниясына Ba1 рейтингін беріп, екі компания бойынша да «Тұрақты» болжамын белгіледі.
S&P -ден «Позитивті» болжам
S&P Global Ratings – компаниялардың, банктердің және мемлекеттердің несиелік қабілеттілігін, сондай-ақ олардың қарыздық міндеттемелерін уақытылы орындау ықтималдығын бағалайтын әлемдегі жетекші рейтингтік агенттіктердің бірі. Инвесторлар мен кредиторлар бұл агенттіктің рейтингтеріне сүйенеді, өйткені оның сарапшылары кредиттік тәуекелдерге тәуелсіз баға беріп, әртүрлі компанияларды өзара салыстыруға мүмкіндік жасайды.
S&P Global Ratings агенттігі «Фридом Банк Қазақстан» АҚ-ның ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді кредиттік рейтингтерін BB-/B деңгейінде растады, алайда ұзақ мерзімді рейтинг бойынша болжамды «Тұрақтыдан» «Позитивті» деңгейінде қайта қарады. Сондай-ақ банктің Қазақстанның ұлттық шкаласы бойынша рейтингі kzA- деңгейінен kzA деңгейіне көтерілді. Бұл S&P агенттігінің Freedom Bank-тің несиелік қабілеттілігін Қазақстан ішіндегі басқа қарыз алушылармен салыстырғанда жоғарырақ бағалай бастағанын білдіреді. Ұлттық шкала ішкі нарықтағы салыстырмалы кредиттік тәуекелді көрсетеді және халықаралық рейтингтермен тікелей салыстыруға арналмаған.
«Позитивті» болжам S&P Global Ratings агенттігінің алдағы 12 ай ішінде банк рейтингін көтеруі мүмкін екенін білдіреді, егер Қазақстандағы экономикалық тәуекелдерге берілетін баға жақсарса. Бұған дейін агенттік елдің егеменді рейтингін BBB-/A-3 деңгейінен BBB/A-2 деңгейіне дейін көтеріп, мемлекеттің қаржылық міндеттемелерін орындау қабілеті нығайғанын атап өткен болатын. Сондай-ақ S&P Қазақстанның банк секторындағы салалық тәуекел бағасын 7 деңгейден 6 деңгейге дейін төмендетіп, қайта қарады.
Freedom тобына баға беру кезінде S&P сарапшылары тәуекелдерді басқару және комплаенс жүйесінің шоғырландырылған түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Агенттік холдинг пен еншілес компаниялар деңгейіндегі бақылаудың күшеюі бизнестің ауқымы кеңейген сайын тәуекелдерді тиімді қадағалауға мүмкіндік береді деп есептейді. Рейтингтік агенттік талдаушыларының пікірінше, капиталдандыру деңгейін баланс көлемінің қалыпты өсуі мен түрлі бағыттар мен елдер бойынша әртараптандырылған табыс қолдап отырады.
Банк активтер мен түсімдерді арттыруда
2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Freedom Bank активтері $6,2 млрд-қа жетті. 2027 қаржы жылының І тоқсанының қорытындысы бойынша банк активтер көлемі жөнінен Қазақстан банктері арасында тоғызыншы орыннан жетінші орынға көтерілді.
2026 жылғы маусымда банктің депозиттік портфелі бір жыл ішінде 45%-ға өсті. Бұл Қазақстандағы ең ірі он банктің арасындағы ең жоғары өсім қарқыны болды. Клиенттер алдындағы міндеттемелер, оның ішінде депозиттер мен шоттар бойынша қаражат көлемі 30 маусымдағы жағдай бойынша $3,566 млрд-қа жетіп, бір жыл бұрынғы $2,266 млрд-пен салыстырғанда 57,4%-ға артты. Кредиттік портфель көлемі $2 млрд болды, ал проблемалық кредиттердің үлесі 2,77%-ды құрады.
2027 қаржы жылының І тоқсанында Freedom Bank-тің түсімі 54%-ға өсіп, $146,242 млн-нан $225,226 млн-ға жетті. Бұл ретте таза пайда $17,371 млн-нан $3,685 млн-ға дейін төмендеді. Ал 2026 қаржы жылының қорытындысы бойынша банктің түсімі рекордтық $689,202 млн-ды құрап, таза пайдасы $84,003 млн болды.
Банк цифрлық үлгіні белсенді түрде дамытуда: ипотеканы рәсімдеу өтінім берген сәттен бастап шартқа қол қоюға дейін 24 сағатқа дейінгі уақыт ішінде жүзеге асырылады. Кәсіпкерлер мен компаниялар үшін жасанды интеллект көмекшісі кіріктірілген Freedom Business қосымшасы іске қосылды. Сонымен қатар банк бағыты Қазақстаннан тыс жерлерде де кеңейіп келеді: компания Тәжікстанда еншілес банк құрды және Грузияда банк ашуға реттеушінің рұқсатын алды.
Freedom Bank рейтингтері қалай өзгерді
2026 жылғы наурызда халықаралық Moody’s рейтинг агенттігі Freedom Bank-ке алғаш рет ұзақ мерзімді депозиттік Ba3 рейтингін беріп, оған «Тұрақты» болжамын белгіледі. Агенттік банктің капиталдандыру деңгейін, клиенттік базасы мен депозиттерінің өсуін, бөлшек және цифрлық бизнестің дамуын, сондай-ақ Freedom Holding Corp экожүйесіндегі маңызды рөлін атап өтті.
S&P Global Ratings агенттігі маусым айында Freedom Bank-тің ұзақ мерзімді рейтингін B+ деңгейінен BB- деңгейіне дейін көтеріп, қысқа мерзімді B рейтингін растады және «Тұрақты» болжамын белгіледі. Сол кезде банктің ұлттық шкала бойынша рейтингі kzBBB+ деңгейінен kzA- деңгейіне дейін көтерілген болатын. Бұл шешімге алдыңғы үш жыл ішінде топтың тәуекелдерді басқару және комплаенс жүйесінің айтарлықтай нығаюы негіз болды. Қыркүйек айында агенттік Freedom Bank-тің BB-/B деңгейіндегі халықаралық рейтингтерін қайта растады, болжамды «Позитивті» деңгейіне жақсартты, ал ұлттық рейтингті тағы бір сатыға көтеріп, kzA деңгейінде бағалады.
Сақтандыру компаниясының алғашқы рейтингі
Компаниялар мен мемлекеттердің несиелік қабілеттілігін бағалайтын Moody’s рейтинг агенттігі алғаш рет Freedom Life компаниясына ұлттық және шетел валюталарындағы сақтандырушының қаржылық тұрақтылығы бойынша Baa3 рейтингін пберіп, «Тұрақты» болжамын белгіледі. Baa3 рейтингі инвестициялық санатқа жатады және S&P мен Fitch шкалаларындағы BBB− деңгейіне сәйкес келеді. Freedom Life Moody’s агенттігінен инвестициялық деңгейдегі рейтинг алған Freedom Holding Corp құрамындағы алғашқы компания атанды. Басқаша айтқанда, агенттік сақтандырушының қаржылық міндеттемелерін орындау қабілетін жеткілікті жоғары, ал онымен байланысты кредиттік тәуекелдерді салыстырмалы түрде төмен деп бағалайды.
Moody’s агенттігі Freedom Life компаниясының негізгі артықшылықтары ретінде активтер сапасын, капиталдандыру деңгейін, табыстылығын және нарықтағы орнықты позициясын атады. 2025 жылы компания Қазақстандағы өмірді сақтандыру компаниялары арасында үшінші орынды иеленіп, сақтандыру сыйлықақылары көлемі бойынша нарықтың шамамен 20%-ын бақылап отырды.
2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша Freedom Life инвестицияланған активтерінің шамамен 90%-ы тұрақты кіріс әкелетін қаржы құралдарына орналастырылған. Портфельдің негізгі бөлігін Қазақстанның мемлекеттік, квазимемлекеттік және мемлекетпен байланысты эмитенттерінің бағалы қағаздары құрады.
Moody’s агенттігі Freedom Life компаниясының инвестициялық кіріс пен активтердің табыстылығы мен сақтандыру шарттары бойынша кепілдендірілген мөлшерлемелер арасындағы айырмашылық есебінен тұрақты табыстылығын сақтайды деп күтеді. «Тұрақты» болжам алдағы 12–18 ай ішінде компанияның нарықтағы өз позициясын және орнықты қаржылық көрсеткіштерін сақтап қалатынын білдіреді. Ұзақ мерзімді тәуекел факторларының қатарында агенттік зейнетақы аннуитеттерінің үлесінің артуын және осыған байланысты активтер мен міндеттемелерді басқару міндеттерінің күрделенуін атап өтті.
Freedom Insurance «Тұрақты»
Moody’s агенттігі сондай-ақ алғаш рет Freedom Finance Insurance компаниясына ұлттық және шетел валюталарындағы сақтандырушының қаржылық тұрақтылығы бойынша Ba1 рейтингін беріп, «Тұрақты» болжамын белгіледі. Ba1 рейтингі алыпсатарлық санаттың ең жоғары деңгейі болып саналады және инвестициялық деңгейдегі Baa3 рейтингінен бір саты төмен орналасқан. Ол S&P және Fitch агенттіктерінің BB+ рейтингіне сәйкес келеді. Мұндай баға компанияның қаржылық міндеттемелерін орындау қабілеті жеткілікті жоғары екенін көрсетеді, алайда оның қаржылық тұрақтылығы инвестициялық санаттағы сақтандырушыларға қарағанда іскерлік және экономикалық ортадағы өзгерістерге көбірек тәуелді болады.
Moody’s агенттігі Freedom Insurance компаниясының негізгі артықшылықтары ретінде нарықтағы берік позициясын, активтер сапасын, консервативті инвестициялық стратегиясын және капиталдың жеткіліктілігін атап өтті. 2025 жылы компания жалпы сақтандыру нарығындағы ұйымдар арасында Қазақстанда үшінші орынды иеленіп, жалпы сақтандыру сыйлықақылары көлемі бойынша нарықтың шамамен 10%-ын бақылап отырды.
2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша Freedom Insurance инвестицияланған активтерінің шамамен 90%-ы тұрақты кіріс әкелетін қаржы құралдарына орналастырылған. Портфель негізінен Қазақстанның мемлекеттік және мемлекетпен байланысты эмитенттерінің бағалы қағаздарына шоғырланған, бұл компанияның жоғары тәуекелді активтерге салымдарын шектеуге мүмкіндік берді.
Moody’s агенттігі алдағы 12–18 ай ішінде Freedom Insurance компаниясының табыстылығы сақтандыру қызметі нәтижелерінің қалпына келуі және инвестициялық кірістің артуы есебінен жақсарады, ал капитал жеткіліктілігі жоғары деңгейде сақталады деп күтеді. «Тұрақты» болжам компанияның нарықтағы позицияларын және қаржылық бейінін сақтап қалатынын білдіреді. Болашақта сақтандырушы тәуекелдер бейінін жақсартып, Қазақстан нарығындағы өз орнын одан әрі нығайтатын болса, оның рейтингі жоғарылауы мүмкін.
Цифрлық сақтандыру және өнімдер желісі
2026 қаржы жылының қорытындысы бойынша Freedom Life компаниясының таза сақтандыру түсімі $279 млн болды. Компания 325 мыңнан астам белсенді шартқа қызмет көрсетті. Сонымен қатар сақтандыру полисін цифрлық форматта рәсімдеу бес минуттан аз уақыт алады.
Freedom Life зейнетақы аннуитеттерін, саяхаттаушыларды, денсаулықты, білім алуды және спортпен шұғылдануды сақтандыру өнімдерін, жинақтаушы бағдарламаларды, сондай-ақ Freedom Security және Freedom Health корпоративтік бағдарламаларын ұсынады. Компания түсімінің негізгі өсу көздерінің бірі зейнетақы аннуитеттеріне деген сұраныстың артуы болды.
Moody’s бағалауынша, Freedom Holding Corp. экожүйесіне бірігу брендтің танымалдылығын арттыруға, кросс-сатылымдарды дамытуға және Freedom SuperApp арқылы клиенттік базаға қолжетімділікті кеңейтуге ықпал етеді. 2026 жылғы наурыздағы жағдай бойынша қосымшада тіркелген пайдаланушылар саны 5 миллионнан асты.
Moody’s агенттігінің бағалауынан бұрын Freedom Life компаниясының қолданыстағы рейтингін S&P Global Ratings агенттігі берген болатын. 2025 жылғы қазанда агенттік рейтингті BB деңгейінен BB+ деңгейіне дейін көтеріп, «Тұрақты» болжамын сақтап қалды. Ал Moody’s агенттігінің жаңа Baa3 рейтингі инвестициялық санатқа жатады және бұл компанияға аталған агенттік тарапынан берілген алғашқы рейтинг болып табылады.