Тимур Турлов: «Шахматтың “Формула-1”-мен бәсекелесуге толық әлеуеті бар»

Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры, FIDE президенті Тимур Турлов Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында шахматқа тұрақты қаржыландыру тарту, трансляцияларды кең аудитория үшін тартымды ету және бұл зияткерлік ойынды Олимпиада бағдарламасына енгізуге жақындату жөніндегі жоспарларымен бөлісті. Сұхбат барысында сондай-ақ Қазақстандағы жас спортшыларды қолдау, кәсіпкерлік және уақыт өте келе ақшаның жеке мақсаттан гөрі жаңа жобаларды жүзеге асыратын ресурсқа айналатыны туралы сөз болды.

Сұхбаттың ықшам түрін ұсынамыз.

– FIDE президенті болып сайланған соң қандай әсерде болдыңыз?

– Бұл менің өмірімдегі ең күрделі әрі бәсекесі жоғары сайлау науқандарының бірі болды. Соңғы бес күннің өзінде барлық іс-шараларымызды қоспағанда, делегаттармен 80-нен астам кездесу өткіздік. Бұған дейін әлемдік шахмат қауымдастығымен үш жарым жыл бойы жүргізілген ауқымды жұмыс тұрды.

Бірінші турда жеңіске жету үшін бізге небәрі бір дауыс жетпей қалды, сондықтан екінші тур өтті. Бір жағынан, біздің атқарған жұмысымыз ауқымды болғандықтан, жеңіске сенімім мол еді. Алайда сайлауалды науқан өте тартысты өтті, оның барысында қуантқан да, көңілге қаяу түсірген де сәттер аз болған жоқ. Соңғы нәтижелер жарияланған кезде, біз қуанышпен қатар зор жеңілдік сезімін бастан өткердік.

Әлемдік шахмат қауымдастығының шахматты жаңғырту, жаңа цифрлық платформа құру, сондай-ақ шахматтың әлемдік қаржы және технологиялық қауымдастықтардағы маңызын арттыру жөніндегі бастамамызды қолдағанына ризамын.

– Жаңа қызметте алдыңызға қандай міндеттер қойып отырсыз?

– Менің басты міндетім – шахматқа тұрақты қаржы тарту және оның Олимпиада бағдарламасының бір бөлігіне айналуына қол жеткізу. Бұл, бәлкім, біздің ең үлкен мақсатымыз.

Егер трансляциялар мәселесін дұрыс шеше алсақ және жасанды интеллекттің көмегімен гроссмейстердің партия барысында қандай ой өрбітіп отырғанын көрсете білсек, бұл көрермендер үшін аса қызықты форматқа айналуы мүмкін. Күшті шахмат талдаушыларын, жасанды интеллект мүмкіндіктерін және трансляция жасаумен кәсіби түрде айналысатын мамандарды бір арнаға тоғыстыра алсақ, жоғары деңгейдегі бірегей өнім ұсына аламыз.

Шахматтың «Формула-1»-мен бәсекелесуге толық әлеуеті бар. Біздің міндетіміз – шахматты да дәл сондай беделді, тартымды әрі мәртебелі қауымдастыққа айналдыру. Онлайн-платформалардың арқасында бүгінде жүздеген миллион адам шахмат ойнайды, алайда чемпионаттарды тамашалап, жарыстардың трансляциясын тұрақты түрде көретіндердің саны әлдеқайда аз. Сондықтан біздің мақсатымыз – көрермендер аудиториясын кеңейтіп, шахматты тек ойнайтын емес, тамашалайтын да спорт түріне айналдыру.

– FIDE-дің бұрынғы басшылығы, Аркадий Дворкович пен оның командасы орасан зор жұмыс атқарды. Олар шахматтың беделін көтеріп, көптеген мәселелерді шешті және әлемдік шахмат қауымдастығының басым бөлігімен тиімді қарым-қатынас орната білді. Біздің ендігі мүмкіндігіміз – келесі деңгейге көтерілу. Яғни шахматты ауқымды коммерциялық индустрияға айналдыру.

– Неліктен шахмат  сіздің өміріңізде алатын орны ерекше?

– Бұл адамға өз-өзін тереңірек тануға мүмкіндік беретін ғажайып ойын. Түптеп келгенде, қарсыласыңмен емес, ең алдымен өзіңмен ойнайсың. Шахмат арқылы өзіңнің қалай ойлайтыныңды, қай кезде дұрыс шешім қабылдайтыныңды, ал қай кезде қателесетініңді жақсырақ түсіне бастайсың.

Өмірдегі көптеген шешімдер де шахматтағыдай қабылданады. Кезекті бизнес немесе жаңа жоба туралы ойлаған кезде, өз қадамыңнан кейін не болатынын алдын ала болжай білу маңызды. Басқалар қалай әрекет етеді? Сенің әлсіз тұсыңды қалай пайдалануы мүмкін?

Егер қандай жағдайға дайын болу керектігін білсең, оқиға сен ойлағандай өрбімесе де, сабыр сақтап, салқынқанды есепке сүйене аласың және эмоцияның жетегінде кетпейсің. Ал нақты жоспарың болса, кез келген жағдайда әлдеқайда тиімді әрі нәтижелі әрекет ету ықтималдығың жоғары болады.

– Егер кез келген адамды таңдау мүмкіндігі болса, кіммен шахмат ойнағыңыз келер еді?

– Мен әкеммен ойнайтын едім. Ол кәсіби шахматшы болған жоқ. Өкінішке қарай, мен оны іс жүзінде мүлде танымаймын: мен өте кішкентай кезімде әкем хабар-ошарсыз кеткен.

– Ұлы шахматшылардың бірімен ойнауды армандаймын деп айту маған қиын. Мен жақсы ұйымдастырушы, жаман емес кәсіпкер әрі басшымын, бірақ кәсіби шахматшы емеспін. Деңгей айырмашылығы тым үлкен.

Мен үшін шахмат әрдайым әлеуметтік байланыс құралы болды. Бұл – балаларыммен қарым-қатынас жасаудың бір тәсілі. Біз бірге отырып шахмат ойнауға көп уақыт бөлеміз. Өйткені балаңмен жарты сағаттай қатар отырып, түрлі тақырыптарды талқылауға мүмкіндік беретін басқа қандай ортақ іс табыла берсін?

Шахмат тек ойын емес, ол жақындарыңмен уақыт өткізуге, бір-біріңді жақсырақ түсінуге және еркін әңгімелесуге жағдай жасайтын ерекше құрал.

– Жас қазақстандық шахматшылардың ересектер спортына өтуі үшін не жетіспеді?

– Бізде ұзақ уақыт бойы бір мәселе болды: жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған балалар кейін ересектер деңгейіндегі жоғары додаға көтеріле алмайтын. Біз оның себебін анықтауға кірістік.

Алғашқы жеңістерден кейін жас спортшыларға кәсіби бапкерлермен жұмыс істеу, түрлі турнирлерге қатысу қажет. Мұның бәрі қомақты қаржыны талап етеді. Жыл сайынғы шығын кем дегенде ондаған мың долларды, кей жағдайда жүздеген мың долларды құрауы мүмкін.

Қазір біздің жас дарындарды қолдау бағдарламасына ондаған шахматшы қатысады. Біз олардың ел ішіндегі және шетелдегі жарыстарға сапарларын, сондай-ақ турнирлерге қатысу шығындарын қаржыландырамыз.

Қазақстанда көптеген турнир өткізе бастадық. Елге гроссмейстерлер мен мықты шетелдік шахматшылар келеді, ал бұл жас спортшылар үшін баға жетпес тәжірибе береді. Соның арқасында олар гроссмейстерлік нормативтерді өз елінде-ақ орындауға мүмкіндік алып отыр.

Сонымен қатар біз олардың гроссмейстерлермен жаттығуына қаржылай қолдау көрсетеміз. Осылайша алғашқы жетістіктер мен кәсіби мансаптың арасындағы алшақтықты жоюға кірістік. Бұрын дәл осы кезең көптеген дарынды шахматшылар үшін үлкен кедергі болатын. Қазір біз сол олқылықтың орнын толтырып, олардың жоғары деңгейге көтерілуіне қажетті жағдай жасап жатырмыз.

– Қазақстан әйелдер құрама командасының болашағы қандай?

– Біздің команда өте жас. Қыздар әлі де шеберліктерін шыңдап, нәтижелерін жақсарта түседі. Самарқандтағы Олимпиадада олардың бірінші орын алуға тамаша мүмкіндігі болды. Кейбір кездесулерде олар беделі мен тәжірибесінің арқасында жеңіліске жақын партияларды тең нәтижемен аяқтай алды, ал кейбірінде жеңіске жетуге сәл ғана жетпей қалды. Дегенмен біз қазірдің өзінде чемпиондыққа өте жақынбыз.

Қазіргі таңда біз Қазақстанда ірі халықаралық жарыстарды, соның ішінде Шахмат олимпиадасын өткізу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Мұндай ауқымды додаға лайықты дайындалуға және жоғары нәтиже көрсетуге барлық алғышарт бар деп ойлаймын. Меніңше, әйелдер құрамасының алтын медаль жеңіп алуына толық мүмкіндігі бар. Сонымен қатар ерлер құрамасы да жүлделі орындар үшін таласуға қауқарлы.

– Мектепте шахмат сабағы не үшін қажет?

– Бұл тек кәсіби спорт үшін ғана емес, балалардың жан-жақты дамуы үшін де маңызды. Соңғы үш жылда біз шамамен 2,5 мың мектепті қамтыдық. Бұл – федерацияның министрліктермен бірлесіп жүзеге асырып жатқан ауқымды жұмысы.

Шахмат саласындағы қаржыландырудың басым бөлігі жекеменшік қаражат есебінен қамтамасыз етілгенімен, мемлекет ұйымдастыру жағынан зор қолдау көрсетіп келеді. Әкімдіктер көмектесуде, сондай-ақ біз мектептерге таңдау пәні ретінде шахмат сабағын енгізу мүмкіндігіне ие болдық. Алматыдағы педагогикалық университетте «шахмат мұғалімі» атты қосымша мамандану бағыты да ашылды.

Шахмат зейінді шоғырландыруға үйретеді. Қазіргі кезде адамдарға назарын ұзақ уақыт бір нәрсеге аударып отыру барған сайын қиындап бара жатқандықтан, бұл ерекше маңызды дағдыға айналды. Сонымен қатар шахмат – жалықтыратын жаттығу емес, қызықты ойын.

Бес жастағы бала да, гроссмейстер де бірдей ережемен ойнайды, бірақ әрқайсысы өз деңгейінде өнер көрсетеді. Соның арқасында әр ойыншы шахматтан өзіне тән қызығушылықты да, терең мағынаны да таба алады.

– Шағын қалалар мен ауылдардағы балалар үшін мүмкіндіктер бар ма?

– Мүмкіндіктер айтарлықтай көбейді. Қазақстан шахмат федерациясының еліміздің барлық өңірінде филиалдары мен өңірлік федерациялары жұмыс істейді. Бүгінде республика бойынша жиырмадан астам филиал бар.

Бұл тек турнир өткізумен ғана шектелмейді. Филиалдардың нақты міндеттері бар: жарыстар ұйымдастыру, нәтижелерді қадағалау, іріктеу кезеңдерін өткізу және талантты спортшыларды анықтау. Сонымен қатар мемлекеттік тілде шахматты оқытуды дамытып жатқан мектептер де еліміздің барлық аймағында жұмыс істейді.

Осының арқасында балалардың қай өңірде тұратынына қарамастан, шахматпен жүйелі түрде айналысуына, жарыстарға қатысуына және өз қабілетін дамытуына кең мүмкіндік жасалып отыр.

Сонымен қатар біз тек кәсіби спортты дамытумен ғана айналыспаймыз. Клубтық, әлеуметтік және корпоративтік турнирлер, Senat Open, әкімдер кубогына арналған жарыстар, сондай-ақ «Түрмелердегі шахмат» бағдарламасы сияқты бастамалар бар. Сондықтан шахмат тек жоғары жетістіктер спорты ғана емес, ол қоғамның көптеген саласын қамтитын ауқымды әлеуметтік құбылыс.

– Технологиялар шахматты қызығырақ ете ме, әлде оның адами тосын сипатын азайта ма?

– Технологиялар шахматты сөзсіз қызықтырақ етеді. Адамдар ойынға әлдеқайда сапалы дайындалатын болды, бір-бірінің партияларын және өз қателіктерін терең талдауға мүмкіндік алды. Бұл жасанды интеллекттің адамның мүмкіндіктерін кеңейте түсетінінің жарқын мысалы.

Екі ойыншы да жасанды интеллекттің көмегімен дайындалып, өз қателерін саралаған кезде, олар өз әлеуетінің шекарасын кеңейтеді: талдау қабілеті артады, білімі тереңдейді. Бірақ соған қарамастан, ойынның өзінде адами фактор өте көп сақталады.

Біздің миымыздың нұсқаларды есте сақтау және заңдылықтарды байқау мүмкіндігі бәрібір шектеулі. Жасанды интеллект дайындық барысында көмектескенімен, шахмат тақтасының басында өз қабілеті мен шектеуі бар адам ғана қалады.

– Шахмат кәсіпкерге не береді?

– Шахмат адамды жеңілісті қабылдауға және соққыға төтеп беруге үйретеді. Тіпті әлемнің ең мықты шахматшысы да ұдайы жеңіске жете бермейді. Шахматта жеңіліссіз мансап деген болмайды.

Бизнесте адамдардың ең үлкен қателіктері көбіне эмоцияның әсерімен жасалады. Қысымға төтеп беріп, сынбау – аса маңызды дағды. Соңғы жылдары мен де осыған үйреніп келемін. Тіпті соңғы бес-он жылда бұл тұрғыда өте мықты тәжірибе жинақтадым деп ойлаймын.

Көшбасшыдан өзіне сенімді болуы, не істеу керектігін білуі және кез келген сын-қатерге сабырмен қарай алуы күтіледі. Мұның бәрі де жаттығу арқылы қалыптасатын дағдылар. Қиындықтарды еңсере білген сайын соққыны қабылдау да жеңілдей түседі, ал қателік жасау ықтималдығы азаяды.

– Сіздің табысты болу туралы түсінігіңіз қалай өзгерді?

– Қаржылық жетістіктер мен үшін ешқашан аса қызықты мақсат болған емес. Бір сәтте өмір сүруге, балаларды оқытуға жеткілікті қаражатқа қол жеткізесің. Тіпті менің өмір сүру деңгейім он жыл бұрын қандай болса, қазір де шамамен сондай деп айта аламын.

Ал одан да қызығырақ нәрсе – адамдарға қажет болатын дүниелерді жасау. Шахматқа қаржы тартуға болатынын көрсету. Қазақстанда құрылған цифрлық банктің жаһандық деңгейде табысқа жетіп, әлемдегі ең үздік өнімдердің бірін ұсына алатынын дәлелдеу.

Бұл біреудің ақшасын екіншісі ұтып алатын нөлдік нәтиже ойыны емес. Негізгі мәселе – адамдарға жаңа мүмкіндіктер ашатын сапалы өнім жасай аламыз ба деген сұрақта. Түптеп келгенде құндылық қалыптастыратын идеялармен адамдарды шабыттандыру мені әлдеқайда көбірек қызықтырады.

Ақша – бір нәрсе жасау үшін қажет ресурстардың бірі ғана. Ал уақыттың жөні бөлек: ақшаны қарызға алуға болады, ал уақытты қарызға алу мүмкін емес. Сондықтан уақыт – шын мәнінде ең тапшы ресурс.

Басқа жаңалықтар