Еуропада Freedom24 өзінің жеке экожүйесін қалай құрды

Freedom Holding Corp.-тың еуропалық бөлімшесі дамудың жаңа кезеңіне дайындалуда

Соңғы жылдары Еуроодақтағы ең ірі бөлшек брокерлердің біріне айналған компания инвестициялық, банктік және басқа да цифрлық сервистерді бірыңғай технологиялық платформада біріктіретін толыққанды қаржылық экожүйе құруда.

Бұл туралы Finance Magnates басылымына берген сұхбатында компанияның атқарушы директоры Евгений Тяпкин айтып берді.

Брокерден де ауқымды ұғым

Тяпкиннің айтуынша, брокерлік бизнес компанияның Еуропадағы стратегиясының негізі болып қала береді, алайда Freedom24 дәстүрлі онлайн-брокер моделінен әлдеқашан өтіп кеткен.

«Біз өзімізді тек мәмілелерді арзан орындауға бағытталған необрокер деп санамаймыз және ескірген инфрақұрылымға тәуелді дәстүрлі брокерлер қатарына да жатпаймыз», – деп атап өтті Тяпкин.

Бүгінде Freedom24 Еуропалық одақ пен Еуропалық экономикалық аймақтың барлық елдерінде 600 мыңнан астам клиентке өздерінің Tradernet сауда платформасы арқылы қызмет көрсетеді.

Көптеген финтех-жобалардан айырмашылығы, Freedom еуропалық нарықтарда физикалық қатысуын сақтап отыр: жергілікті кеңселер мен командалар Еуропаның он елінде жұмыс істейді, ал қызметкерлер клиенттерге кеңес беру және инвестициялық қолдау көрсетуге көмектеседі.

Freedom24 топ-менеджерінің пікірінше, дәл осы цифрлық технологиялар мен жергілікті қатысудың үйлесімі әртүрлі нарықтардағы инвесторлардың сенімін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Еуропадағы финтех нарығы қандай болады

Freedom үшін еуропалық бизнестегі негізгі бағдарлардың бірі – Орталық Азияда жұмыс істейтін Freedom SuperApp қосымшасының тәжірибесі. Бұл қосымша банктік қызметтерді, төлемдерді, инвестицияларды, сақтандыруды, мемлекеттік сервистерді, билет сатып алуды, сапарларды брондауды және басқа да цифрлық өнімдерді бір ортаға біріктіреді. Бүгінде оның аудиториясы 5,5 млн пайдаланушыдан асады.

Компанияда Еуропа нарығы біртіндеп осындай модельге қарай дамып келеді деп есептейді. Қазіргі уақытта Еуропада банктік қызметтер, инвестициялар, сақтандыру және төлем сервистері әлі де жеке сегменттер ретінде қарастырылады. Алайда пайдаланушылар әртүрлі қызметтерді бір цифрлық интерфейс арқылы алуға барған сайын көбірек ұмтылуда.

«Мәселе енді технологияларда емес. Негізгі міндет осындай деңгейдегі интеграция үшін қажет дұрыс операциялық базаны және сенімді қалыптастыру», – деп атап өтті Тяпкин.

Оның пікірінше, дәл әртүрлі қаржылық сервистерді бірыңғай инфрақұрылым аясында біріктіре алатын платформалар алдағы жылдары еуропалық нарықтың даму бағытын айқындайды.

Бизнесуке не үшін жаңа технологиялар қажет

Сонымен қатар Freedom24 өз технологиялық инфрақұрылымын белсенді түрде дамытуда – компания Tradernet платформасын толық бақылауда ұстап, негізгі цифрлық шешімдерді өз бетінше әзірлеуде. Мұндай тәсіл жаңа сервистерді жедел енгізуге, деректерді тиімді басқаруға және үшінші тарап технология жеткізушілеріне тәуелді болмауға мүмкіндік береді.

Жұмыстың тағы бір бағыты – реттеушілік процестерді автоматтандыру. Компания Neo Compliance жүйесін әзірледі, ол құжаттарды тексеру, қаражаттың шығу тегін талдау және клиенттердің транзакцияларын мониторингтеу үшін жасанды интеллектіні пайдаланады.

Freedom24 деректеріне сәйкес, жүйе 80-нен астам елдің құжаттарын өңдей алады және күрделі тексерулерді бірнеше минут ішінде жүргізеді. Маңыздысы – жасанды интеллект талдау жұмыстарын орындайды, алайда түпкілікті шешімдерді комплаенс бөлімдерінің қызметкерлері қабылдайды. Евгений Тяпкиннің пікірінше, дәл осындай шешімдер операциялық шығындарды пропорционалды түрде арттырмай-ақ қаржылық бизнесті ауқымдауға мүмкіндік береді.

Еуропа картасы

Бүгінде Freedom-ның еуропалық желісі Кипр, Германия, Франция, Испания, Италия, Нидерланды, Польша, Литва, Грекия және Болгария елдерін қамтиды. Алдағы уақытта компания Португалия, Чехия, Венгрия және Румыния нарықтарында дамуын жалғастыруды жоспарлап отыр.

Еуропадағы ең ірі жобалардың бірі ретінде Францияда банкті дамыту көзделуде – компания бұл елде банк лицензиясын алу үшін құжаттарын тапсырды.

Freedom Holding Corp. Франция нарығына бес жыл ішінде цифрлық банк пен технологиялық инфрақұрылымды дамытуға шамамен €500 млн инвестиция салуды жоспарлап отыр. Компания үшін Франция нарығы Еуроодақтағы бизнесті одан әрі ауқымдау тұрғысынан негізгі бағыттардың бірі болып саналады. Банк инфрақұрылымның базалық элементі ретінде қарастырылады, оның айналасында кейін инвестициялық, төлем, сақтандыру және басқа да цифрлық сервистер дами алады.

Бизнестің өсуі

2025 жылдың қорытындысы бойынша Freedom Finance Europe компаниясының таза комиссиялық кірісі $368,9 млн-ға жетті, ал екі жыл бұрын бұл көрсеткіш $190,4 млн деңгейінде болған.

Осы кезеңде таза пайда екі еседен астам өсіп, $120,7 млн-нан $252,7 млн-ға дейін артты. Салық салуға дейінгі пайда $139 млн-нан $284 млн-ға дейін ұлғайды. Еуропалық платформадағы клиент активтерінің көлемі $11 млрд-қа жетіп, клиенттер саны 600 мыңнан асты.

Бұл көрсеткіштер еуропалық бөлімшені Freedom Holding Corp. құрамындағы ең қарқынды өсіп келе жатқан және ең табысты активтердің біріне айналдырады.

Freedom Еуропа нарығына 2013 жылы Кипрге шығу арқылы кірді. Дәл осы ел холдингтің Еуроодақтағы алғашқы қатысу нүктесіне айналып, бүгінге дейін еуропалық бизнестің штаб-пәтері болып отыр.

Қазіргі уақытта компания Кипрдің CySEC реттеушісінің лицензиясы бойынша жұмыс істейді – бұл реттеу жүйесі Еуропадағы ең қатаңдардың бірі болып саналады.

Басқа жаңалықтар