Reuters: Freedom Holding акцияларын Гонконг биржасында орналастыруды қарастыруда

Freedom Holding Corp., тамыры Қазақстаннан тарайтын қаржы компаниясы, бизнесін одан әрі кеңейту үшін Гонконг биржасында екінші рет жария орналастыру мүмкіндігін қарастыруда.

Бұл туралы компанияның бас директоры Тимур Турлов Reuters агенттігіне берген пікірінде мәлімдеді.

Акциялары АҚШ-та саудаланатын топ дәстүрлі Орталық Азия нарықтарынан тыс кеңеюді жоспарлап отыр және Еуропада және Түркияда банктерді сатып алу немесе жаңадан құру мүмкіндігін зерттеуде, сондай-ақ Пәкістанда бизнесін кеңейту нұсқаларын да қарастырып жатыр.

«Біздің негізгі алаңымыз – Nasdaq, онда біз сауда-саттыққа қатысып жатырмыз, және бұл листинг бізді толық қанағаттандырады. Сонымен қатар, біз Гонконгте екінші рет орналастыру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз», – деді Тимур Турлов.

Қазақстанның бөлшек несиелеу нарығында Freedom ірі ойыншылар – Kaspi.kz және Halyk Bank компанияларымен бәсекелеседі, олардың соңғысы активтер көлемі бойынша елдегі ең ірі банк болып табылады. Freedom қызметі банк және брокерлік қызметтерді, сақтандыруды және ипотеканы қамтиды.

Сатып алулар жоспары

Тимур Турловтың айтуынша, Freedom өз қызметін негізінен Қазақстанда жүргізіп және Орталық Азияның басқа да бірқатар елдерінде жұмыс істей отырып, Түркиядан Моңғолияға дейінгі Еуразия кеңістігінде экономикалық интеграцияны дамыту мақсатын көздейді. Өткен жылы компания Грузияда банктік лицензия алды.

Жаңа юрисдикцияларда банктерді құру немесе сатып алу осы стратегиялық бағыттың бір бөлігі болып табылады, деп атап өтті ол.

«Иә, біз Түркияда банк сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Бұл мәміленің егжей-тегжейін әзірге жариялай алмаймыз, бірақ оның алдағы айларда логикалық қорытындысына жетуі мүмкін деп күтемін», – деді Турлов.

Еуропада Freedom, оның айтуынша, «классикалық континенталды еуропалық елдердің» бірінде шағын банкті сатып алу мен өз банкін құрудың арасынан таңдау жасап жатыр. Ол нақты қандай ел екенін атап айтқан жоқ.

Өткен аптада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге делегация құрамында барған Пәкістанда компания, шамасы, қолданыстағы бизнесінің филиалын ашуға назар аударатын болады.

Freedom басшысы сондай-ақ компанияның Ресей нарығына оралуды қарастырмайтынын атап өтті. Freedom 2023 жылдың ақпанында бұл елдегі активтерін шамамен $140 млн-ға сатқан.

Ол кезде мәміле Ресейдің Украинаға толық масштабты басып кіруімен байланысты болған, ал Freedom компаниясы елдегі қызметін толық тоқтататынын мәлімдеген еді.
Украина бойынша бейбіт келісім жасалып, Батыс санкцияларының алыну мүмкіндігі туындаған күннің өзінде Ресейге жедел оралмаймыз, — деп атап өтті Турлов.
«Тек экономикалық тұрғыдан қарағанда тәуекелдер мен әлеуетті мүмкіндіктер арасынан орынды тепе-теңдікті көріп тұрған жоқпын», – деп түйіндеді ол.

Басқа жаңалықтар