S&P Global Ratings Freedom Holding компаниясының еншілес ұйымдарына оң болжам берді

Халықаралық рейтингтік агенттік S&P Global Ratings Freedom Holding Corp. және оның еншілес компанияларының кредиттік бағаларын растады. Ұзақ мерзімді кредиттік рейтинг «B-» деңгейінде қалдырылды, ал топтың негізгі банктік және брокерлік құрылымдары «B+/B» деңгейіндегі бағаларын алды.

«Фридом Финанс» АҚ және «Фридом Банк Қазақстан» АҚ Қазақстанның ұлттық шкаласы бойынша «kzBBB+» деңгейінде бағаланды.

«Фридом Финанс» АҚ, Freedom Finance Europe Ltd., Freedom Finance Global PLC және «Фридом Банк Қазақстан» АҚ эмитенттерінің ұзақ және қысқа мерзімді рейтингтері де «B+/B» деңгейінде расталды, болжамы — «позитивті». Агенттіктің пікірінше, бұл бағалар холдингтің бірыңғай тәуекелдерді басқару және комплаенс жүйесін қалыптастырудағы елеулі прогресін, сондай‑ақ осы функциялардың еншілес ұйымдарда нығаюын көрсетеді.

2025 жылы Freedom Holding жаңа секторлардағы, соның ішінде телекоммуникациялық жобалардағы кеңеюді қаржыландыру үшін 600 млн доллар көлемінде облигациялар шығарды. Бұл инвестициялар холдингтің қарыз жүктемесін арттырғанымен, S&P компанияның өз міндеттемелерін табысты қайта қаржыландыра алатынын күтеді.

«Біз үшін капитал нарықтарында болуы өте маңызды, әрі қазіргі таңда инфрақұрылымдық және экожүйелік жобаларымыз үшін ұзақ мерзімді әрі тұрақты қаржыландыру тарту – бүкіл холдингтің орнықты дамуының маңызды элементі деп санаймыз. Freedom Holding Corp. компаниясының меншікті капиталы қазіргі кезде 1,3 млрд доллардан асады, жалпы балансы – 10 млрд доллар. Сондықтан, қарыз жүктемесінің жалпы өсіміне қарамастан, біз бұл жағынан ешқандай мәселе көріп тұрған жоқпыз. Біздің еншілес бөлімшелеріміз әлі де жоғары табыстылық көрсетіп отыр, бұл бізге капитал мен қарыз арасындағы тепе‑теңдікті айтарлықтай тәуекелсіз ұстап тұруға мүмкіндік береді», – деді Freedom Holding Corp. бас директоры Тимур Турлов.

Қазіргі уақытта Freedom Holding Corp. өзінің географиялық қамту аймағын және қызметтер тізімін белсенді түрде кеңейтіп жатыр. Атап айтқанда, холдинг Түркияда брокерлік компания құрды, ал қазір осы елде банк сатып алу жөніндегі келісімді аяқтап жатыр. Енді Freedom Holding Corp. еншілес компаниялары 21 елде жұмыс істейді.

Холдингтің қаржылық нәтижелері

Холдингтің жиынтық активтері III тоқсанның соңында 12,38 млрд долларды құрап, алдыңғы қаржы жылының соңымен салыстырғанда (9,91 млрд доллар) 25%‑ға өсті. Бұл өсімге инвестициялық портфельдің кеңеюі және клиенттердің брокерлік шоттарындағы қаражаттың артуы ықпал етті.

III тоқсанның кірісі 628,6 млн долларды, ал тоғыз айдағы кіріс 1,69 млрд долларды құрады. Негізгі кіріс көздері – пайыздық және брокерлік операциялар, комиссиялар және сақтандыру төлемдері.

2026 қаржы жылының III тоқсанындағы таза пайда 76,2 млн долларға жетті, ал 2025 жылдың 31 желтоқсанында аяқталған тоғыз ай ішінде 145,4 млн доллар болды. Таралған (diluted) бір акцияға шаққандағы пайда (EPS) тоқсан бойынша 1,25 долларды, ал тоғыз ай бойынша 2,38 долларды құрады.

2026 қаржы жылының алғашқы үш тоқсанының қорытындысы бойынша холдинг клиенттік базасын да ұлғайтты. Брокерлік шоттар саны 21%‑ға өсіп, 828 мыңға жетті (2025 жылғы 31 наурыздағы 683 мыңмен салыстырғанда). Банктік сегменттің клиенттері 78%‑ға артып, 4,4 млн адамға жетті (бұрын – 2,5 млн). Сақтандыру клиенттерінің саны 1,2 млн болды. Бизнестің басқа сегменттеріндегі клиенттер саны 15%‑ға өсіп, 0,7 млн адамға жетті. Freedom экожүйесіне кіретін серіктес компаниялардың пайдаланушыларын қосқанда, жалпы клиенттер саны 11 миллионнан асады.

Топтың акциялары АҚШ‑тың Nasdaq биржасында FRHC тикерімен саудаланады. Холдингтің капитализациясы 8 млрд доллардан асады.

Басқа жаңалықтар