Freedom Holding Corp. SDU University студенттері үшін жаңа оқу блогын салады

SDU University-де Freedom Holding Corp. қолдауымен салынатын университеттің жаңа блогының іргетасын қалау рәсімі өтті.

Жалпы ауданы 5600 шаршы метрден асатын аумақта студенттерге жасанды интеллект негізіндегі технологияларды түрлі қолданбалы салаларда пайдалануға мүмкіндік беретін заманауи оқу корпусы бой көтереді. Робототехника, киберқауіпсіздік, спорттық бағдарламалау және машиналық оқыту салаларындағы AI-зертханалары бар Freedom space аймағын ашу жоспарлануда. Бұл бірегей зертханалар студенттерге теориялық біліммен қатар практикалық тәжірибе алуға жол ашады.

Кампуста сондай-ақ қаржылық сауаттылық бойынша интерактивті орталық құрылады, онда Freedom Academy сарапшыларынан инвестициялау және трейдингтің негізгі қағидалары туралы білуге болады. Бұдан бөлек, университеттің жаңа блогы финтех-инновациялар және басқа да ілеспе салалар бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған хабқа айналуы тиіс. Мұнда түрлі бағыттар бойынша іс-шаралар, конференциялар мен семинарлар өткізуге жағдай жасалады. Жаңа ғимаратта тек сапалы білім алуға ғана емес, жайлы демалуға да барлық мүмкіндік қарастырылған.

Нысанның құрылысы толығымен Freedom Holding Corp. компаниясының «Freedom Шапағат» атты қайырымдылық қоры арқылы қаржыландырылады. Жобаның жалпы құны — 1,8 млрд теңге.

Тимур Турлов, Freedom Holding Corp. Бас атқарушы директоры:

«Сапалы білім – прогрессивті қоғамның тіректерінің бірі. Бұл бастама – Қазақстан азаматтарының қазіргі және болашақ ұрпақтарының жан-жақты дамуына қолдау көрсетуге дайын екеніміздің тағы бір дәлелі. Елдің әлеуметтік өміріндегі бизнестің рөлін, соның ішінде үздік білім беру жағдайларын жасаудағы маңызын түсіне отырып, біздің холдинг бұл жобаны үлкен ынтамен қолдады. Себебі білім беру процесінде бірінші деңгейлі инфрақұрылымның болуы маңызды рөл атқарады.

SDU University жаңа блогының салынуы – еліміздегі жоғары деңгейдегі IT-мамандарды даярлайтын техникалық оқу орнының базасын күшейтіп, студенттердің қаржы саласындағы білімін едәуір арттыруға септігін тигізеді деп сенемін».

Салтанатты рәсімге Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:

«Жастар – өңірдің дамуы мен стратегиялық жоспарларды жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың облысқа сапары барысында Қонаев қаласы ғылыми және білім беру бастамаларының орталығына айналуы тиіс екенін атап өтті. Бұл қала студент жастарды тартатын орталыққа айналуы қажет. Өңірде жоғары білімнің дамуы шешуші рөлге ие, себебі оқу орындары жергілікті өмірге серпін беріп, оның гүлденуіне ықпал етеді. Осы саланың дамуына SDU университетінің қосқан үлесіне ерекше назар аудару қажет. Өткен жылы Алматы облысында жастар саясаты жөніндегі жаңа басқарма құрылды, себебі облыс тұрғындарының шамамен 30%-ы 35 жасқа дейінгі жастар. Жастар мәселелерін шешуге бағытталған екі жылдық жоспар аналитикалық деректер негізінде әзірленді».

Университет аумағында қосымша ғимарат салу туралы шешім студенттер санының артуына және оқу бағдарламасының кеңеюіне байланысты қабылданды”.

Әлімжан Игенбаев, SDU University ректоры:

«Бүгінде Қазақстанда жаңа форматтағы мамандарға деген сұраныс бұрынғыдан да жоғары: уақыт өз талабын қоюда, ал менеджерлерге болып жатқан өзгерістерге жедел әрі икемді түрде жауап беру қажет. Білім беру саласындағы жаһандық тәжірибе университеттің елдің экономикалық, әлеуметтік және қоғамдық өміріне белсенді қатысуының маңыздылығын көрсетеді. SDU University – ағылшын тілінде білім беруді алғаш енгізген жоғары оқу орындарының бірі. Біз IT, инженерия, педагогика, құқық, әлеуметтік ғылымдар және бизнес салаларында сұранысқа ие мамандарды 27 жылдан астам уақыт бойы даярлап келеміз. Сондықтан халықаралық серіктестермен, академиялық институттармен және бизнес өкілдерімен ынтымақтастық аясында даму перспективаларын көріп отырмыз. Индустрия өкілдерімен, яғни біз кадр дайындайтын кәсіпорындардың иелері мен басшыларымен кері байланыс енді SDU University-дің серпінді дамуының маңызды элементіне айналады».

Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың күзіне дейін аяқталады деп жоспарлануда.