Жасөспірімдер лигасынан – еурокубокқа дейін: Freedom QJ League қандай жетістікке жетті

Мектеп алаңдары, балалар турнирлері және жасөспірімдер лигасы – Қазақстанда жас футболшының кәсіби спортқа бастар жолы осылай қаланып келеді. Тимур Турлов Freedom QJ League арқылы жас спортшыларды қолдауды дамытып келеді. Жақында лига төртінші маусымның қорытындысын шығарды. Бұл жобаның мақсаты – ойыншылардың кәсіби деңгейге көтерілуіне мүмкіндік жасау. Ал холдинг өзге бастамалар арқылы балалар командаларын дамытып, қажетті инфрақұрылымның құрылысына инвестиция салып келеді.

Freedom QJ League төртінші маусымының қорытындысын шығарды. Қазақстанның жасөспірімдер футбол лигасы 66 команданы және 2 мыңға жуық ойыншыны біріктірді. Маусым барысында командалар шамамен 700 матч өткізді. Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушы әрі CEO-сы Тимур Турловтың айтуынша, төрт жыл ішінде лиганың 350 тәрбиеленушісі кәсіби деңгейге көтерілген.

Жасөспірімдер турнирлерінен кәсіби клубтарға

Тимур Турлов пен Freedom QJ League-ті басқарған футбол функционері Рохус Шох лиганы 2023 жылы құрды. Жобаның мақсаты Қазақстанның әртүрлі өңірлеріндегі жас ойыншыларға жасөспірімдер футболынан кәсіби деңгейге өтуге мүмкіндік беру болды.

«Freedom QJ League-ті құрған кезде біз оны футболды жан-тәнімен сүйетін және үлкен мансапты армандайтын жасөспірімдер үшін кәсіби футболға бастар баспалдақ ретінде көрдік», – деді Тимур Турлов маусым қорытындысы бойынша.

Қазір лига аясында алты турнир өткізіледі, оның ішінде қыздар арасындағы жарыстар да бар. Төртінші маусым қатысушылар саны мен өткізілген матчтар көлемі бойынша ең ауқымдысы болды. Шамамен 700 ойынның барлығы интернет арқылы көрсетіліп, жекелеген кездесулер республикалық телеарналардан тікелей эфирде көрсетілді. Ал U-18 санатында чемпион атанған команда – «Қайрат» футбол клубы.

Жобаның басты нәтижесі ретінде Тимур Турлов лига тәрбиеленушілерінің ересектер футболына жолдама алуын атайды. Оның айтуынша, QJ League мектебінен өткен ойыншылар бүгінде еурокубок жарыстарында және ұлттық құраманың ресми матчтарында өнер көрсетіп жүр.

Қаржыландыру және серіктестік

Freedom Holding лига чемпионаттарын өткізуді қаржыландырып келеді: қолдау матчтарды ұйымдастыруды, төрешілікті, көлік шығындарын, сондай-ақ командалардың сырт алаңдағы ойындар кезіндегі жатын орны мен тамақтануын қамтиды. QJ League серіктестерінің қатарында Mastercard, Astana Motors, SCAT Airlines және UNICEF бар. Лига сонымен қатар Дортмундтың «Боруссия» клубымен және City Football Group ұйымымен стратегиялық келісімдер жасасқан. Тимур Турловтың айтуынша, жоба тәжірибесіне FIFA тарапынан да қызығушылық танытылып отыр.

Қарағанды облысындағы футбол

Жасөспірімдер лигасын қолдаумен қатар Тимур Турлов Қарағанды облысындағы футбол жобаларын да дамытуда. 2025 жылғы тамызда ол өңірлік футбол қауымдастығын басқарып, саланы дамытудың төрт жылдық жоспарын таныстырды. Тимур Турлов пен Freedom Holding Corp. бұл бағытқа 18,5 млрд теңге бөлуді көздеп отыр: оның 12 млрд теңгесі «Шахтер» академиясын дамытуға, ал тағы 6,5 млрд теңгесі бұқаралық және балалар-жасөспірімдер футболын қолдауға бағытталады.

2025 жылғы қарашада холдинг құрылымына кіретін компания аукционда «Шахтер» футбол клубын сатып алды. Биылғы маусымда клуб Премьер-лигаға мерзімінен бұрын қайта оралу мүмкіндігін қамтамасыз етті.

«Біз футболшылардың жаңа буыны қалыптасатын футбол академиясын саламыз және туған қаламыздағы инфрақұрылымды дамытамыз», – деп мәлімдеген еді Тимур Турлов команданы осы жетістігімен құттықтау кезінде.

Академияны 9 гектардан астам аумаққа орналастыру жоспарланып отыр. Жоба аясында үш толық өлшемді футбол алаңы, жабық манеж, жылыту жүйесі бар жаттығу алаңы, 3,5 мың көрерменге арналған стадион, интернат және медициналық инфрақұрылым салу көзделген.

Бағдарлама аясында жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыру да қарастырылған. Үздік мамандар UEFA стандарттары бойынша лицензия алуға арналған гранттарға ие болып, халықаралық тағылымдамалардан өте алады. Сонымен қатар Қарағандыда «Локомотив» стадионын жаңғырту жұмыстары басталса, Абай қаласында «Жігер» стадионы қайта жаңартылып жатыр.

Мектептегі футбол сабақтары мен футбол командалары

Қарағанды облысының мектептерінде футбол сабақтары өткізіліп, ауылдар мен шалғай аудандарда футбол алаңдары салынып жатыр. Оның өңірлік қауымдастықты басқарған алғашқы жылының өзінде 40 мектепте 200 футбол сабағы ұйымдастырылды. Балалар турнирлеріне 159 команда мен 2,5 мыңнан астам жас спортшы қатысты.

«Футбол үлкен стадиондардан басталмайды. Ол ауладағы және мектеп алаңдарындағы алғашқы ойындардан бастау алады», – дейді Тимур Турлов.

Бұл жобалардың маңызды ерекшелігі – олар футболшыны даярлаудың барлық кезеңін қамтиды. Мектептегі сабақтар балаларды футболмен таныстырса, өңірлік жарыстар ойын тәжірибесін жинауға мүмкіндік береді, ал QJ League жасөспірім ұлдар мен қыздардың кәсіби деңгейге өтуіне дайындалуына жағдай жасайды.

Басқа жаңалықтар