Тимур Турлов: «FIDE офлайн шахматтың ғана емес, онлайн шахматтың да реттеушісіне айналуы тиіс»

FIDE президенті Тимур Турлов әлемдегі ең беделді шахмат басылымдарының бірі саналатын New In Chess журналына сұхбат берді.
– Сайлаудан бері екі апта өтті (сұхбат алынған кездегі жағдай бойынша – ред.). Осы уақыт ішінде шахмат әлемінің жұмысына қаншалықты терең араласып үлгердіңіз? Бастапқы кезеңнен-ақ назарыңызды талап еткен міндеттер көп болды ма?
Сайлау барысында күтпеген жағдайлар аз болған жоқ. Қазір бәрі жалпы алғанда біздің күткенімізге сай өрбіп жатыр. Әрине, жұмыс өте көп, өйткені біз басқарушы команданы қайта құрылымдаумен белсенді түрде айналысып жатырмыз және жақын арада жаңа тағайындаулар туралы жариялаймыз. Сонымен қатар, биылғы Бас ассамблеяда өтетін 2030 жылғы Шахмат олимпиадасының өтетін орнын анықтаудан бастап, осы қыста ұйымдастырылатын рапид пен блицтен әлем чемпионатының ұйымдастырушылық мәселелеріне дейін бірқатар маңызды міндеттерді шешуіміз керек. Бұл мәселелердің барлығын мүмкіндігінше тезірек реттеу қажет. Дегенмен, мұның бәрі қалыпты жұмыс үдерісінің бір бөлігі.
– Сайлау туралы айтсақ, бастапқыда сіз Аркадий Дворковичтің командасының құрамында болдыңыз, кейін оған сайлауға қатысудан бас тартуға тура келген соң, өзіңіз FIDE президенттігіне кандидат атандыңыз. Сізді FIDE президенті қызметіне түсуге ұзақ уақыт көндірді ме, әлде мұндай мүмкіндікті бұған дейін де қарастырып жүрген бе едіңіз?
Мен мұндай мүмкіндікті бұған дейін де қарастырып жүргенмін. Біз бұл мәселені талқыладық, әрі мен вице-президент қызметіне үміткер болуға дайын едім. FIDE-ні реформалау бағытында ауқымды жұмыстар атқара алатынымызға сендім: ұйымның цифрлық трансформациясын жүзеге асыру, көбірек демеуші тарту, ірі технологиялық компаниялар мен Батыс елдерінің бизнес өкілдерін қызықтыру, сондай-ақ FIDE беделін нығайту. Менің ойымша, бұл бағытта қазірдің өзінде елеулі нәтижелерге қол жеткіздік. Сайлау өтпей тұрып-ақ FIDE келесі матчты өткізу жөнінде Salesforce компаниясымен демеушілік келісім жасасты. Біз бұл тәжірибені одан әрі жалғастыруға, яғни танымал брендтермен, халықаралық қаржы институттарымен және технологиялық компаниялармен жаһандық серіктестікті дамытуға мүдделіміз. Шахмат интеллектуалды әрі дарынды адамдарды біріктіретін бірегей орта деп есептеймін. Оның қатарында өнер қайраткерлері, банкирлер мен саясаткерлер аз емес. Негізінде бұл өте ықпалды қауымдастық, сондықтан оның коммерциялық әлеуеті бүгінгіден әлдеқайда жоғары болуы тиіс. Сондай-ақ халықаралық нормалар мен талаптарды сақтау тұрғысынан да FIDE беделін арттыра алатынымызға сенімдімін.
Бастапқыда менің бағдарламам дәл осы мақсаттарға негізделген болатын. Аркадийдің сайлауға қатыспайтыны белгілі болған кезде, өзімнің кандидатураны ұсыну туралы шешім мен үшін табиғи әрі айқын қадам болды. Сайлауалды науқан өте қысқа өтті. Алайда түптеп келгенде бұл тиімді болды деп ойлаймын, өйткені бір айдың ішінде 200-ге жуық делегаттың барлығымен дерлік жеке кездесуге мүмкіндік алдым. Төрт құрлықты аралап, қысқа уақыт ішінде жүздеген кездесу өткіздім. Оның ішінде конгресс алдындағы соңғы аптада Самарқандта 80 кездесу ұйымдастырылды. Менің бағдарламамның адамдар тарапынан қолдау тапқанына және шахмат қауымдастығының маған осындай зор сенім артқанына өте қуаныштымын. Сайлау өте тартысты әрі бәсекелі өтті. Қарсыласымның көптеген әрекеті мен үшін күтпеген жағдай болды. Олардың кейбірі шабыттандырса, енді бірқатары көңілімді қалдырды.
– Сізді ең көп таңғалдырған не болды? Өйткені сайлаудың оңай өтпейтінін алдын ала түсіндіңіз ғой.
Кейде өз командамның бір бөлігі деп санаған адамдардың шешімдері мені таңғалдырды. Мысалы, Еуропа шахмат одағының президенті Зураб Азмайпарашвили сайлауға бір апта қалғанда өз ұстанымын өзгертіп, Вадим Розенштейнді қолдады. Бұған дейін біз бірге сайлауалды кездесулер өткізіп жүрген едік. Сондай-ақ Азия шахмат федерациясының бас хатшысы Хишам Аль-Тахер де сайлау қарсаңындағы түні өз шешімін өзгертті. Мен үшін ең үлкен тосынсый осы болған шығар. Ашығын айтсам, мұндай әрекеттер маған оғаш көрінді. Дегенмен олардың саяси таңдауын құрметтеймін және, әрине, осы екі ірі құрлықтық шахмат ұйымының өкілдерімен ынтымақтастықты жалғастыруға әрдайым дайынмын.
– Сіз ренжідіңіз бе, әлде сабыр сақтай алдыңыз ба? Мұны ойынның бір бөлігі ретінде қабылдадыңыз ба?
Әрине, бұл ойынның бір бөлігі. Адамдар арасындағы қарым-қатынас пен сенім мәселесіне келгенде эмоциялардың туындауы қалыпты жағдай. Бірақ мұнда таңғаларлық ештеңе жоқ. Тіпті әлемнің ең үздік шахматшыларының өзі кейде партия барысында күшті эмоцияларға беріліп, дәл сол эмоциялардың әсерінен өрескел қателіктер жіберіп жатады. Көп жағдайда мұндай қателіктердің себебі басқа факторлар емес, дәл эмоция болады.
– Көптеген шахматшылар дәл қазір ғана Freedom Holding Corp. компаниялар тобының қаншалықты ауқымды конгломерат екенін түсініп жатқан сияқты (күліп). Бұл шынымен де ірі финтех-экожүйе, әрі сіз оның ішінде шахматқа да орын бар екенін айтқан едіңіз. Мұны қалай елестетесіз?
FIDE ірі офлайн жарыстардың негізгі реттеушісі болып табылады. Халықаралық чемпионаттардың барлығы және кәсіби шахмат күнтізбесіндегі басты турнирлер FIDE қамқорлығымен өтеді. Бұл әлемдегі ең ықпалды халықаралық ұйымдардың бірі және шахмат саласындағы жалғыз жаһандық реттеуші деуге болады. Алайда, өкінішке қарай, тарихи тұрғыдан алғанда FIDE-нің цифрлық шахмат кеңістігіндегі өкілеттігі өте шектеулі және оның ықпалы да айтарлықтай емес. Ал бүгінде бұл өте үлкен нарыққа айналып отыр.
Шахмат партияларының 99,99%-ы бүгінде Chess.com, Lichess, Playchess, енді World Chess секілді түрлі платформаларда онлайн форматта ойналады. Сондықтан FIDE цифрлық бағытта батыл қадам жасауға тиіс деп есептеймін. Атап айтқанда, бізге CRM-платформаны (пайдаланушылармен өзара қарым-қатынасты басқару жүйесін) жетілдіру қажет. Salesforce-пен ынтымақтастықтың арқасында бұл міндетті жақын арада жүзеге асыра аламыз деп үміттенемін. Сонымен қатар, FIDE онлайн жарыстарды ұйымдастыруға белсенді түрде қатысып, офлайн шахматты реттегендей, онлайн шахматтың да реттеушісіне айналуы керек деп санаймын. Әйтпесе, жақын болашақта онлайн шахматты реттеу ісі FIDE-нің емес, коммерциялық құрылымдардың қолына өтуі мүмкін. Менің ойымша, бұл әрі шахмат қауымдастығына, әрі жеке серіктестер мен коммерциялық платформаларға пайда әкелмейді. Коммерциялық платформалар өз жұмысын жалғастыра беруі керек, олар бұл істі өте жақсы атқарып отыр. Бірақ бүкіл шахмат қауымдастығының мүддесін қорғайтын бейтарап ұйым, толыққанды халықаралық құрылым бәрібір қажет. Дәл осындай реттеуші рөлді FIDE атқаруы тиіс.
Мен осы бағытта жұмыс істеуді жоспарлап отырмын. Біз барлық ұлттық федерацияларға цифрлық трансформациядан өтуге көмектесуіміз, онлайн турнирлер өткізуге арналған платформалар ұсынып, цифрлық өсім мен дамуды монетизациялау мүмкіндігін жасауымыз қажет. Сондай-ақ шахматтың әртүрлі цифрлық экожүйелер мен платформалардың ажырамас бөлігіне айналғанын қалаймын. Біз мұндай жобаны Қазақстанда Freedom SuperApp негізінде жүзеге асырып үлгердік (камера алдында телефондағы қосымшаны көрсетеді). Мысалы, Қазақстандағы ең танымал банктердің бірі саналатын Freedom Bank қосымшасын ашқанда, пайдаланушы тек дебеттік карталарға, сақтандыру және брокерлік қызметтерге ғана емес, шахмат сервистеріне де қол жеткізе алады. Біз қазірдің өзінде ChessBase платформасымен шахмат функцияларын біріктірдік. Пайдаланушылар шахмат ойнай алады, тапсырмалар шеше алады, түрлі турнирлердің трансляцияларын қарай алады, өзінің ұлттық шахмат ID-сін және FIDE ID-сін басқара алады, жергілікті турнирлерге тіркеліп, жарыстарға қатыса алады. Бұдан бөлек, қосымшаның балаларға арналған нұсқасында ата-аналар балаларының шахмат тапсырмаларын орындауын ынталандыра алады. Мысалы, бала күн сайын шахмат тапсырмаларын шешкені үшін ата-анасынан сыйақы ала алады. Бұл шахматты ойын элементтері арқылы ынталандырудың және оны цифрлық экожүйелерге кіріктірудің жарқын мысалы. Сонымен қатар бұл серіктестіктерді қалай құрып, осындай шешімдерді жаһандық деңгейде қалай кеңейтуге болатынын көрсететін көптеген мысалдардың бірі ғана.
– Бүгінде шахмат әлемі барған сайын бірнеше бөлек кеңістікке бөлініп барады, соның бірі – онлайн шахмат. Жаңа технологияларды енгізу және оларды FIDE жүйесіне интеграциялау осы шашыраңқы шахмат әлемін біріктірудің бір жолына айнала ала ма?
Әрине. Жүздеген миллион адам шахматты онлайн ойнайды, әрі бұл ең маңызды факторлардың бірі. Біз онлайн және офлайн шахматты міндетті түрде біріктіруіміз керек. Ол үшін бірыңғай рейтинг жүйесін қалыптастырып, онлайн ойыншыларға ірі офлайн турнирлерге, яғни шахмат тақтасы басында өтетін нағыз жарыстарға қатысу мүмкіндігін беру қажет. Менің ойымша, бұл ұзақ мерзімді перспективада біздің ұйымның өміршеңдігі мен тұрақты дамуы үшін аса маңызды. Түптеп келгенде, FIDE-нің болашағы онлайн және офлайн шахмат әлемдерін біртұтас жүйеге біріктіре алуына байланысты.
– Сайлауалды науқан кезінде шахмат әлеміндегі аса ықпалды тұлға болып қала беретін Магнус Карлсеннің есімі салыстырмалы түрде сирек аталды. Дәстүрлі шахматтың көптеген жанкүйері белгілі бір дәрежеде оны классикалық шахмат үшін жоғалтып алдық деп санайды. Сіз оның қайта оралуының жолын табуды өз алдыңызға мақсат етіп қоясыз ба?
Менің ойымша, бәрі де жеделдей түсуі керек. Оның ішінде шахматтағы уақыт бақылауы да бар. Бұл мәселені біз Вишванатан Анандпен, FIDE кеңесінің басқа мүшелерімен, вице-президенттермен және жалпы шахмат қауымдастығымен бірлесіп жан-жақты талқылауды жалғастырамыз. Көбірек ойыншыны тарту үшін шахматты қалай серпінді әрі тартымды етуге болатынын талқылауымыз қажет. Осы идеяны белсенді қолдап жүрген Магнус та бұл пікірталас пен шешім қабылдау үдерісінің маңызды қатысушысы болуы тиіс. Мұндай мәселелерді тар шеңберде шешуге болмайды. Олар ашық әрі жақсы ұйымдастырылған қоғамдық талқылаудың тақырыбына айналуға тиіс. Жалпы алғанда, иә, біз заман талабына бейімделіп, алға жылжуымыз керек. Классикалық шахматтың жылдамырақ форматтарын енгізе отырып, дәстүрлі уақыт бақылауымен ойнау мүмкіндігін де сақтап қалу маңызды. Әрине, Магнустың да, басқа шахматшылардың да біртұтас шахмат қауымдастығының ажырамас бөлігі болып қала беруі үшін күш салуымыз қажет. Бұл қауымдастықтың одан әрі дамып, жетекші шахматшылар мен демеушілердің қолдауына ие болуы біз үшін өте маңызды.
Кейде адамдар жетекші шахматшылар арасында да, кең аудитория арасында да аса танымал емес белгілі бір ережелерді сақтап қалуға шақырады. Алайда бұл жағдайда біз ең алдымен шахматшылардың, әсіресе кәсіби ойыншылардың мүддесін қорғауымыз керек, олардың өз еңбегі арқылы табыс табуына жағдай жасауымыз қажет. Көптеген кәсіби шахматшыға өз қызметін коммерцияландыру үшін көбірек мүмкіндік керек. Мұнда әңгіме FIDE туралы емес, ойыншылардың өздері туралы болып отыр. Шахматта әлі күнге дейін қаржы жеткіліксіз. Әрине, әлемнің үздік шахматшылары жаман табыс тауып жүрген жоқ, бірақ олардың өзі де орасан зор қаражатқа ие болып отырған жоқ. Ал алғашқы ондықтың шегінен шыққан кезде жағдай күрделене түседі. Кейде кәсіби шахматшыға ұлттық федерациялардың немесе корпоративтік демеушілердің елеулі қолдауынсыз өзін толық қамтамасыз ету өте қиын. Сондықтан біз шахматтың коммерциялық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыруымыз керек. Шахматшыларға жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың еңбегінің құнын арттыруға жағдай жасау маңызды.
– Шахматты көбіне білім беру құралы ретінде насихаттайды. Мүмкін, сіз оны белгілі бір дәрежеде саяси құрал ретінде де қарастыратын шығарсыз. Қазақстан шахмат федерациясының қызметін өз бизнесіңізбен қалай ұштастырғаныңызға қарасақ, бұл байланыс табиғи көрінеді. Осындай модельді FIDE аясында да жүзеге асырғыңыз келе ме?
Әрине. Шахмат – білім берудің тамаша құралы. Дәл осы себепті біз бөлек бюджеті мен жеке командасы бар Халықаралық мектеп шахматы федерациясы атты қосымша құрылым құрдық. Мен бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып, ұлттық федерацияларға шахматты мектеп бағдарламалары мен білім беру жүйесіне енгізуге көмектесуіміз керек деп санаймын. Бұл өте маңызды, өйткені шахмат балаларға TikTok пен басқа да әлеуметтік желілерді шексіз парақтау әдетінен арылуға, зейінін шоғырландыруға, стратегиялық ойлау қабілетін дамытуға және басқа да маңызды дағдыларды қалыптастыруға көмектеседі. Менің ойымша, шахматтың балалардың дамуына тигізетін әсері математика пәнінің ықпалымен шамалас. Мұнда әңгіме тек шахмат туралы ғана емес. Ең бастысы – білім беру, яғни балаларымыздың қабілеттерін ашып, олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік жасау. Сондықтан шахматты кеңінен насихаттау арқылы біз жай ғана спорт түрін дамытып қоймаймыз, сонымен қатар жаңа буынның зияткерлік әлеуетін арттыруға үлес қосамыз.
Сондай-ақ, жоғарыда айтқанымдай, біз шахматты тек кәсіби спорт ретінде ғана емес, маңызды әлеуметтік құрал әрі адамдарды біріктіретін қауымдастық ретінде де дамытуымыз керек. Бүгінде Қазақстанда бизнес өкілдеріне, банк секторына, құқық қорғау органдарына, соның ішінде Ішкі істер министрлігі қызметкерлеріне арналған көптеген әлеуметтік және корпоративтік шахмат турнирлері өткізіліп келеді. Сонымен қатар армия мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері үшін де түрлі жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Бұл өте маңызды әрі құптарлық бастама. Шахматтың беделін арттырып, қоғам тарапынан көрсетілетін қолдауды күшейтуіміз қажет. Мұндай қолдау турнирлерді қаржыландыруды тартуды айтарлықтай жеңілдетеді және федерациялардың тұрақтылығын нығайтады. Бұған қоса, шахматтың қоғамдағы оң имиджін қалыптастырып, оның медиакеңістіктегі қатысуын күшейтуге ықпал етеді. Менің ойымша, дәл осындай тәсіл арқылы әрбір ұлттық федерацияны анағұрлым тұрақты әрі орнықты етуге болады. Бұл олардың FIDE Даму қорының субсидияларына немесе мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржыға тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді.
– Соңғы жылдары сіз FIDE-нің бірқатар іс-шарасына қаржылай қолдау көрсеттіңіз. Сайлауалды науқан кезінде қарсыластарыңыз ауқатты демеушілердің ықпалына қарсы күресіп жатқанын мәлімдеді (күлді). Ал сіз болсаңыз, жаңа қаражат тартпас бұрын, болашақ жоспарларды іске асыруға қажетті берік қаржылық негіз қалыптастыру керек деп айттыңыз. Осы мәселеге қатысты ұстанымыңыз бен көзқарасыңызды толығырақ түсіндіріп бере аласыз ба?
Әрине. Менің арманым – FIDE-ні қаржылық тұрғыдан тұрақты ұйымға айналдыру. Біз бұл мақсатқа алғашқы күннен бастап ұмтылып келеміз. Менің ойымша, FIDE қазірдің өзінде дамытып отырған және алдағы уақытта да жалғастыратын Salesforce, Google және басқа да компаниялармен серіктестік осы көзқарастың нақты мысалы болып табылады. Мен ұзақ мерзімді перспективада FIDE-нің қаржылық жағынан тұрақты әрі тәуелсіз ұйымға айналуына ерекше мүдделімін. Мұндай ұйым өз даму стратегиясын сыртқы қолдауға тәуелді болмай жүзеге асырып, жаһандық шахмат қауымдастығының мүддесіне сай шешімдер қабылдай алады.
Сайлауалды науқан кезінде мен 200-ге жуық ұлттық федерациямен жүздестім. Олардың арасында талаптар мен ережелерді сақтау тұрғысынан мінсіз беделге ие, Батыс Еуропада орналасқан әрі беделді тұлғалар басқаратын федерациялар да болды. Алайда экономикасы қуатты елдерде жұмыс істейтініне қарамастан, олардың да қаржыландыру тартуда қиындықтарға тап болатын кездері кездеседі. Кейде дамуды бастау үшін алдымен қозғалтқышты іске қосу қажет. Ал бұл үшін бастапқы негіз, яғни белгілі бір ресурстар қоры болуы керек. Сол ресурстардың арқасында федерация кәсіби мамандарды тартып, өз қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз ете алады. Сондықтан менің көзқарасым бойынша, ең алдымен ұйымның берік қаржылық іргетасын қалыптастыру маңызды. Осындай негіз болған жағдайда ғана ұзақ мерзімді стратегияларды тиімді іске асырып, жаңа серіктестер мен демеушілерді тартып, тұрақты өсуді қамтамасыз етуге болады.
Соңғы бірнеше жылда FIDE айтарлықтай ілгеріледі, әрі бүгінде біз әлдеқайда ірі серіктестермен жұмыс істеу мүмкіндігіне иеміз. Кез келген істі табысты жүргізу үшін белгілі бір бастапқы капитал қажет. Менің мақсатым да дәл осы. Мен FIDE-ге қаржылық қолдау көрсетемін және бұл ұйымның алдында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Өйткені біз кедейліктің тұйық шеңберінен шығуымыз керек. Мен бұл мәселеге осылай қараймын.
– Сіздің бизнестегі жетістіктеріңіз туралы ақпаратты оңай табуға болады. Отбасыңыз бар, көптеген компанияларды басқарасыз. Бос уақытыңыз қала ма? Егер қалса, оны неге арнайсыз? Біз білуге тиіс қандай да бір құпия әуестіктеріңіз бар ма?
Менің алты балам бар, сондықтан отбасыммен мүмкіндігінше көбірек уақыт өткізуге тырысамын. Бұл тұрғыдан алғанда, сан түрлі міндеттеріме қарамастан, көптеген достарымнан да табыстырақпын деп ойлаймын. Алайда ірі халықаралық ұйымды басқару үшін бір адамның өзі жеткіліксіз. Бұл трансұлттық компанияларға да, FIDE-ге де қатысты. Бізге команда қажет. Өте мықты команда қажет. Менің міндетім – дұрыс адамдарды таңдау, тиісті корпоративтік мәдениетті қалыптастыру және команданы өз жұмысын тиімді атқаруы үшін жеткілікті ресурстармен қамтамасыз ету.
Президент ретіндегі рөлімді мен дәл осылай түсінемін. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыс істеуді жоспарлап отырмын және бұл қызмет менің бизнесті халықаралық деңгейде одан әрі дамыту жөніндегі жұмысымды толықтыра түседі деп ойлаймын. Кей жағдайларда іссапарларды шахматқа қатысты сапарлармен ұштастыра аламын. Мысалы, бір сапар аясында ұлттық федерацияларға барып, мемлекеттік қызметкерлермен кездесіп, шахматты дамыту мәселелерін талқылауға мүмкіндік бар. Бұл бағыттар бір-бірін толықтырып отыра алады. Оның үстіне, қазір холдингтегі жұмысым операциялық сипаттан гөрі өкілдік сипатқа көбірек ие болды.
– Тағы басқа қандай қызығушылықтарыңыз бар?
Мен жылына бірнеше рет әлемнің әр түкпіріне балық аулауға барып тұруға тырысамын. Ұялы байланыс ұстамайтын жерде кем дегенде бірнеше күн өткізіп, шын мәнінде тыныштықта болу мүмкіндігі маған ұнайды (күледі).
– Тамаша екен. Соңғы сұрақ. Сіз осы делегаттардың барлығымен кездестіңіз, бұл, сөзсіз, көп уақыт пен күш-жігерді талап етті. Gens Una Sumus – «Біз бір отбасымыз» деген ұранды өмірде жүзеге асыруға мүмкіндік бар деп ойлайсыз ба?
(Байыппен.) Иә, иә, иә, сөзсіз. Бізде мұндай мүмкіндік бар. Мен шахмат қауымдастығын біріктіру үшін бар күш-жігерімді саламын.