Тимур Турлов Алматыдағы НЗМ мектебінің оқушыларымен кездесті

9 қазанда Тимур Турлов Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларымен кездесті. Кездесу барысында оқушылар FIDE президенті сайлауы, мансаптық даму, көшбасшылық, жасанды интеллект және Қазақстанның болашағы туралы сұрақтар қойды. Турлов өз тәжірибесімен бөлісіп, жастарға пайдалы кеңестер берді.

Шахмат және FIDE сайлауындағы жеңіс туралы

Оқушылар Турловты Халықаралық шахмат федерациясының президенті болып сайлануымен құттықтап, сайлау нәтижелері жарияланған сәтте қандай сезімде болғанын сұрады. Турловтың айтуынша, бұл сайлау өзі күткеннен әлдеқайда күрделі өткен.

«Мен қоғамдық ұйымдағы осындай бәсекелі сайлауға алғаш рет қатыстым және орасан зор тәжірибе жинақтадым. Сондықтан сіздерге мектептегі өзін-өзі басқару ұйымдарына, түрлі клубтар мен қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуға шын жүректен кеңес беремін. Мұндай жұмыс адамды жинақылыққа үйретіп, көптеген маңызды дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді», – деді Турлов.

Дауыс берудің екі кезеңі туралы айта келе, ол бұл сайлау науқанынан алған ең басты сабағы сенім мен беделдің құндылығын түсіну болғанын атап өтті.

«Қысқа мерзімді нәтижелер үшін ұзақ мерзімді артықшылықтарды ешқашан құрбан етуге болмайды. Өз сөзіңе ие болу, кімге және не уәде беретініңді мұқият таразылап, кейін сол уәделерді орындау өте маңызды. Адамды дәл осы қасиеттері арқылы бағалайды. Бұл тек мектептегі достарыңа ғана емес, әлемдік саясаткерлерге де қатысты», – деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, қазақстандықтардың халықаралық деңгейдегі жетістіктері елдің беделін арттырып, Қазақстанның әлемдегі оң имиджін нығайтуға ықпал етеді.

Білім беру және бизнестегі алғашқы қадамдар туралы

Оқушылар Турловтың қаржы нарығындағы еңбек жолын шамамен 16–17 жасында бастағанын еске салып, өмірлік жолын енді таңдап жүрген жастарға қандай кеңес беретінін сұрады. Ол жастарды өмірдегі «мінсіз» сценарийге ұмтылмауға шақырды.

«Өміріңізді қандай да бір қалыпқа сәйкестендіруге тырыспаңыз. Біз бәріміз қателесеміз, әрі ешқайсымыздың өмір жолымыз бір-біріне ұқсамайды. Кейде оқиғалар сіз ойлағаннан да әлдеқайда жақсы өрбуі мүмкін. Ал кейде өмірлік ісім деп санаған нәрсеңіз шын мәнінде сіздің жолыңыз болмай шығуы да ғажап емес», – деді кәсіпкер.

«Егер 17 жасымда университетке түсу мен жеке стартап ашу арасында таңдау жасау қажет болса, бүгінгі тәжірибеме сүйене отырып, мен оқуды таңдар едім. Өзім университетте оқуды жұмыспен қатар алып жүрдім, ал бизнесімді жұмыстан кеткеннен кейін ғана бастадым», – деді Турлов.

«Егер мені жұмыстан шығармағанда, бәлкім, өз бизнесімді ешқашан бастамас та едім. Әлемдік қаржы дағдарысы кезінде жұмыс берушім өз бөлімшесін толық жапты. Сонда мен: жұмыс табудың өзі қиын болып тұрған кезде, неге өз компаниямды ашып көрмеске деген шешімге келдім», – деп еске алды ол.

Сонымен қатар, Турлов таныс емес салаларға қомақты қаржы салудан сақ болуға шақырды: «Сіз әлі маман болып қалыптаспаған салаға келген кезде, одан табыс табу ықтималдығы өте төмен болады. Мұндай жағдайда сіз өз тәжірибеңізді сатып аласыз. Ол үшін уақытыңызбен, ақшаңызбен, кейде тіпті қарым-қатынастарыңызбен де төлеуге тура келеді», – деді ол.

Көшбасшылық және мықты команда туралы

Оқушылардың бірі шынымен болашағы зор қызметкерді тек жақсы әсер қалдыра білетін адамнан қалай ажыратуға болатынын сұрады. Турловтың пікірінше, нағыз көшбасшы өзгелерді өз идеяларымен қызықтыра білуі әрі өз ұстанымын дәлелдермен қорғай алуы керек.

«Көшбасшыларды көбіне олардың іске шынайы беріліп, өз құлшынысымен айналасындағыларды да жігерлендіре алатынынан тануға болады. Олар кейбір мәселелерде көпшілікпен келіспеуі мүмкін, бірақ олардың келіспеуі нақты ақпаратқа және жан-жақты ойластырылған шешімдерге негізделеді. Бұл жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын, тәуекелден қорықпайтын әрі өзгелерді де батыл әрекет етуге ынталандыра алатын адамдар», – деп түсіндірді ол.

Ол сондай-ақ белгісіздік пен өзгерістерден қашпауға кеңес берді.

«Істің немен аяқталатынын ешкім білмейтін жағдайда жауапкершілікті өз мойныңызға алудан қорықпаңыз. Адамдарға белгісіздік ұнай бермейді, сондықтан мұндай сәттерде олар шешімді басқа біреудің қабылдағанын қалайды. Ал сіздер: „Мен жауапкершілікті өз мойныма алуға дайынмын. Біз мұны жүзеге асыра алатынымызға сенемін“, – деп айта алатын адам болуға ұмтылыңыздар», – деді Турлов.

Талантты, бірақ мінезі күрделі қызметкерлер туралы сұраққа жауап берген ол мықты мамандар үшін командадағы келіспеушіліктер ұжым жұмысына зиян келтірмейтін деңгейде күресу қажет екенін айтты. «Айналаңызға үздіктерді жинай бастасаңыз, олардың бәрі бірдей ыңғайлы бола бермейді. Мұндай адамдар үшін шындап күресуге тура келеді. Бірақ кез келген ауқымды жетістікке біз тек бірлесе отырып қана қол жеткізе аламыз», – деді Турлов.

Жасанды интеллект және болашақтың кәсібі туралы

Оқушылар жасанды интеллект бағдарламалау мен мәтін жазуда адамдардан асып түссе, болашақта қандай дағдылар сұранысқа ие болып қала береді деген сұрақ қойды. Турловтың пікірінше, адамның басты артықшылығы шығармашылық қабілеті мен өз алдына мақсат қоя білуінде болмақ.

«Қазіргі жасанды интеллекттің өз бетінше мақсат қоя білу қабілеті жоқ. Сондықтан болашақта ең маңызды болып қалатын қасиеттердің қатарында шығармашылық пен мақсат қоя білу бар. Мамандығыңыз қаншалықты шығармашылықпен байланысты болса, шешім қабылдауды, армандауды, жаңа идеялар ойлап табуды және этикалық мәселелерді шешуді қаншалықты талап етсе, оның болашақта сұранысқа ие болу ықтималдығы да соншалықты жоғары болады», – деп түсіндірді ол.

Кәсіпкер шахматты мысалға алды: компьютерлер адамдардан әлдеқайда мықты ойнайтындығына қарамастан, бұл ойынның тартымдылығын жоғалтқан жоқ.

«Адам адаммен ойнайды, сондықтан компьютердің есептеуді жақсы меңгергені маңызды емес. Адамдар алдағы уақытта да бір-бірімен өзара әрекеттесіп, ойынды жалғастыра береді», – деп атап өтті Турлов.

Қазақстанның болашағы туралы

Елдің даму перспективалары туралы әңгіме барысында Турлов экономикалық өсудің басты алғышарттары ретінде білім беруді, адами капиталды және инновацияларды атады. Оның пікірінше, табиғи ресурстардың мол қоры өздігінен ұзақ мерзімді өркендеуге кепілдік бола алмайды.

«Ең ауқатты елдер, сөзсіз, білім деңгейі ең жоғары мемлекеттер болады. Табиғи ресурстары, мұнайы немесе ураны көп елдер емес. Әрине, бізге табиғи байлыққа толы жер бұйырған. Дегенмен, ең табысты мемлекеттер адами капиталдың жоғары деңгейін қалыптастыра алған елдер болады», – деді ол.

Қазақстанның артықшылықтары туралы айта келе, Турлов елдің жас халқын және цифрлық экожүйелерді экспорттау әлеуетін атап өтті.

Кездесудің соңында оқушылар Тимур Турловтан жиырма жылдан кейін олардың бірінен қандай ісі үшін алғыс естігісі келетінін сұрады.

«Мүмкін, осы кездесу оны жауапкершілікті өз мойнына алудан қорықпауға және белгісіздікке қарай алғашқы қадам жасауға шабыттандырғаны үшін алғыс айтса, соның өзі жеткілікті болар еді. Өйткені біздің болашағымыз әрдайым белгілі бір дәрежеде беймәлім күйінде қалады», – деп жауап берді кәсіпкер.

Басқа жаңалықтар