Қазақстанның ЖИ хабына айналу әлеуеті: Тимур Турловтың жобалары және Nvidia басшысының пікірі

Nvidia B300 чиптері негізіндегі серверлер, көпшілікке арналған GPU-бұлт және жеке тілдік модель – осындай жоспарлармен Тимур Турлов Nvidia компаниясының бас директоры Дженсен Хуангпен оның Қазақстанға алғашқы сапары барысында бөлісті. Ашық кездесуде Nvidia басшысы еліміздің жасанды интеллектіні өнеркәсіпте, ғылымда және ауыл шаруашылығында қалай қолдана алатыны туралы айтып берді.
Қазақстанға алғашқы сапар
Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Тимур Турлов Nvidia басшысы Дженсен Хуангпен оның Қазақстанға алғашқы сапары барысында кездесті. Олар Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиевпен бірге Астанадағы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына барды. Тимур Турлов Akashi Data Center деректер орталығының құрылысы және 2027 жылы бизнес пен әзірлеушілерге арналған жария GPU-бұлтты іске қосу жоспары туралы айтты. Сондай-ақ ол Дженсен Хуангқа өз компаниясының экожүйесін таныстырды. Оның құрамына банктік, брокерлік және сақтандыру қызметтері, телекоммуникация сервистері, сондай-ақ билет сатып алудан бастап азық-түлік жеткізуге дейінгі күнделікті қызметтер кіреді.
Тақырыптардың бірі жасанды интеллектке арналған инфрақұрылым болды. Тимур Турловтың айтуынша, Freedom Nvidia B300 чиптері негізіндегі алғашқы есептеу кластеріне тапсырыс беруге дайындалуда. Оның құрамына 300-ге дейін сервер кіреді, ал инвестиция көлемі жүздеген миллион доллармен бағаланып отыр.
Кластер негізінде 2027 жылы ашық қолжетімді GPU-бұлтты іске қосу жоспарланып отыр. Бұл компаниялар мен әзірлеушілерге қымбат жабдықты өздері сатып алмай-ақ, жасанды интеллект модельдерін оқыту және іске қосу үшін графикалық процессорлардың есептеу қуатын жалға алуға мүмкіндік беретін сервис болады.
Тимур Турлов сондай-ақ Қазақстанда электрондық коммерция мен қаржы саласына арналған технологияларды әзірлеген командалар қалыптасқанын атап өтті. Оның пікірінше, мұндай құзыреттердің өз есептеу инфрақұрылымына қолжетімділікпен үйлесуі елдің маңызды артықшылықтарының біріне айналуы мүмкін.
Құны шамамен $2 млрд болатын егеменді ЖИ-хаб
Freedom холдингінің Nvidia компаниясымен ынтымақтастығы егеменді ЖИ-хаб құру жобасы аясында дамып келеді. Холдинг бұл туралы Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен жасалған келісім аясында 2025 жылдың қарашасында жарияланған болатын. Жобаға салынатын инвестиция көлемі шамамен $2 млрд долларды құрайды.
Freedom жобаны қаржыландыру мен іске асыру бойынша негізгі серіктес, сондай-ақ болашақта хабтың операторы болады. Ал министрлік инфрақұрылымды орналастыру және пайдалану үшін қажетті жағдайлар жасауды, сондай-ақ кадрлар даярлау бағдарламаларын дамытуды қамтамасыз етуге тиіс. Хабты электр қуатының қолжетімді көлемі 100 МВт болатын алаңда орналастыру жоспарланған. Бұл қуат серверлерді, салқындату жүйелерін және басқа да жабдықтарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Жобаның мақсаты – Қазақстанда жасанды интеллектіні әзірлеу мен қолдануға арналған есептеу қуаттарын қалыптастыру. Бұл ретте «егеменді» ұғымы ел ішінде деректерді өңдеуді бақылауға және өз ЖИ-жүйелерін дамытуға мүмкіндік беретін инфрақұрылымды білдіреді.
Akashi дата орталығы: жобаның ауқымы мен міндеттері
Кездесу барысында Тимур Турлов Дженсен Хуангқа Астанадағы деректерді өңдеу орталықтарының кампусы саналатын Akashi Data Center жобасын таныстырды. Кәсіпкер бұл жобаға жеке қаражатын салған. Жоба Turlov Private Holding жеке холдингі арқылы жүзеге асырылуда және Freedom Holding Corp. құрамына кірмейді. Turlov Private Holding компаниясының бас директоры Ольга Баскакова бұған дейін Тимур Турловтың жеке активтері мен жария холдинг активтерінің бөлек басқарылатынын түсіндірген болатын.
Кампус төрт корпустан, 4 мыңнан астам серверлік сөреден (серверлер мен желілік жабдықтарға арналған шкафтардан) және қуатын 100 МВт-қа дейін ұлғайту мүмкіндігінен тұрады. Ол есептеу инфрақұрылымын орналастыруға, деректерді сақтауға, бұлттық платформалар мен жасанды интеллект сервистерінің жұмысын қамтамасыз етуге арналған.
Akashi деректерді өңдеу орталығы жоғары сенімділік пен үздіксіз жұмыс істеуді көздейтін Tier IV стандарты бойынша салынуда. Бұл инфрақұрылымның жекелеген компонеттері істен шыққан жағдайда да жүйенің жұмыс қабілетін сақтап қалуына мүмкіндік береді. Ольга Баскакованың айтуынша, Turlov Private Holding компаниясының инфрақұрылымды құруға және жобаны іске қосуға салатын жалпы инвестиция көлемі кемінде $500 млн құрайды.
Қазақстанның ЖИ-есептеулер орталығы ретіндегі әлеуетін Хуанг жоғары бағалады
Жаслан Мәдиевпен өткен ашық әңгіме барысында Дженсен Хуанг Қазақстанның Еуропа үшін ЖИ-есептеулер орталығына айналу әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл мүмкіндік есептеу қуаттарының дамуына, энергетикалық инфрақұрылымға және халықаралық телекоммуникациялық байланыстардың кеңеюіне негізделген.
Nvidia басшысы физикалық жасанды интеллектке, яғни нақты әлемді талдап, сол ортада әрекет етуге көмектесетін жүйелерге ерекше назар аударды. Оның айтуынша, бұл бағыт тек робототехникамен шектелмей, одан әлдеқайда кең ауқымдағы міндеттерді қамтиды.
Қазақстан үшін Дженсен Хуанг жасанды интеллектіні тау-кен өнеркәсібінде, геологияда, ауыл шаруашылығында және материалтануда қолдану бағыттарын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мұндай технологиялар кен орындарын зерттеуге, пайдалы қазбаларды өндіру тәсілдерін анықтауға, шикізатты өңдеу үдерістерін жетілдіруге және жаңа материалдар жасауға көмектесе алады.
Оның бағалауынша, физикалық жасанды интеллект әлі даму жолының бастапқы кезеңінде тұр. Сондықтан қазақстандық компанияларда осы саланың қалыптасуына қатысып, оның болашақ бағытын айқындауға мүмкіндік бар.
Үлкен мақсаттар мен адамдар құралдардың өзінен маңыздырақ
Мамандықтардың болашағы туралы сұраққа жауап берген Дженсен Хуанг жасанды интеллектіні адам мүмкіндіктерін кеңейтудің құралы ретінде қарастыруды ұсынды.
«Егер сізде үлкен мақсаттар болса, жасанды интеллект пен робототехника жаңа деңгейге көтерілуге көмектеседі. Олар сізге бұрынғыдан да көп нәрсе жасауға мүмкіндік береді», – деді ол.
Мысал ретінде Nvidia басшысы роботтардың көмегімен шаруашылығын кеңейте алатын фермерді, ЖИ-көмекшінің арқасында көбірек бағытта зерттеу жүргізе алатын ғалымды және неғұрлым тиімді шешімдер табу мүмкіндігіне ие болатын инженерді атады.
Жеке тілдік модель және мәліметтерді бақылау
Турлов әріптесіне Freedom компаниясының жеке тілдік моделін әзірлеуге кіріскенін айтты. Бұл модель жергілікті контекст пен мәдени ерекшеліктерді, сондай-ақ деректер қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды ескеруге тиіс. Оның айтуынша, жеке технологияның болуы модельді нақты міндеттерге бейімдеуге және ақпаратты сақтау мен өңдеу үдерістерін бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.
Ашық кездесу барысында Хуанг жасанды интеллект жүйелерінің қауіпсіздігі оларға ең бастапқы кезеңнен-ақ енгізілуі қажет екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, файлдармен және баңғдарламалық құралдармен жұмыс істей алатын автономды ЖИ-агенттерге тек нақты тапсырманы орындауға қажетті қол жеткізу құқықтары ғана берілуі керек, ал олардың әрекеттері тұрақты түрде бақылауда болуы тиіс.
Алдағы бес жылда нені үйрену керек деген сұраққа жауап берген Nvidia басшысы жастарға жасанды интеллектпен жұмыс істеуді меңгерумен қатар, оның қалай жұмыс істейтінін де терең түсінуге кеңес берді. Оның пікірінше, технологияның жұмыс қағидаттарын, артықшылықтары мен шектеулерін білу аса маңызды.