«Шахтер» қайта оралуда: Тимур Турлов Қарағанды футболын қалай дамытып жатыр?

«Шахтер» футбол клубы мерзімінен бұрын ел Премьер-лигасына жолдама алды. Бір жыл бұрын клубты аукцион арқылы сатып алған Тимур Турлов мұны үлкен өзгерістердің бастамасы деп санайды. Былтыр кәсіпкер Қарағанды облыстық футбол қауымдастығын басқарып, өңірде футбол академиясын салу жоспарын жариялаған еді. Спорт Турловтың білім беру, шахмат, экология және әлеуметтік жобаларды қамтитын ауқымды қайырымдылық қызметінің бір бағытына айналды.
Қарағанды тағы да Премьер-лигада
«Шахтер», Қазақстан Премьер-лигасына қайта оралуыңмен құттықтаймын. Алдымызда жарқын болашақ күтіп тұр. Біз болашақ футболшылар тәрбиеленетін футбол академиясын салып, туған қаламыздағы инфрақұрылымды дамытамыз», деп Тимур Турлов Қарағанды клубын Instagram парақшасында құттықтады.
2025 жылғы қарашада Freedom Holding құрылымына кіретін компания аукционда «Шахтер» ФК-сын сатып алды. Ал сол жылдың тамыз айында Тимур Турлов Қарағанды футбол қауымдастығының президенті болды. Осы кезеңде кәсіпкер Қарағанды облысындағы футболды дамытудың төрт жылдық жоспарын таныстырды. Оны жүзеге асыру үшін Тимур Турлов пен Freedom Holding Corp. 18,5 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Оның ішінде 12 млрд теңге «Шахтер» футбол академиясын құруға, ал тағы 6,5 млрд теңге өңірдегі бұқаралық және балалар-жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталады.
«Шахтер» жаңа футбол академиясы
«Шахтер» футбол академиясы 9 гектардан астам аумақта орналасады. Оның құрамына үш толық өлшемді футбол алаңы, жабық манеж, жылыту жүйесі бар жаттығу алаңы, 3,5 мың көрерменге арналған стадион, интернат және медициналық инфрақұрылым кіреді.
Жаңа мүмкіндіктер тек жас спортшылар үшін ғана емес, жаттықтырушылар мен төрешілер үшін де ашылады. Мамандар біліктілікті арттыру курстарынан өте алады, ал үздіктері UEFA стандарттары бойынша лицензия алуға гранттарға ие болып, халықаралық тағылымдамаларға қатысады.
Жаңа инфрақұрылымды құрумен қатар, Тимур Турлов қолданыстағы спорт нысандарын жаңғырту жұмыстарын да жүргізіп жатыр. Қарағандыда «Локомотив» стадионын, ал Абай қаласында «Жігер» стадионын қайта жаңарту басталды.
«Футбол аулалардан басталады»
Тимур Турлов дамытып жатқан тағы бір маңызды бағыт ретінде футболды мектеп бағдарламасына енгізу және ауылдар мен шалғай аудандарда футбол алаңдарын салу бастамасы аталады.
«Футбол үлкен стадиондардан басталмайды, ол аулалар мен мектеп алаңдарында дүниеге келеді», деп санайды кәсіпкер.
Турлов Қарағанды футбол қауымдастығын басқарған бір жыл ішінде өңірдегі 40 мектепте 200 футбол сабағы өткізілді. Балалар турнирлеріне 159 команда қатысып, оған 2,5 мыңнан астам жас спортшы тартылды.
Тимур Турлов Қазақстандағы футболды дамытуға 2023 жылдан бері атсалысып келеді. Сол жылы ол Рохус Шохпен бірге еліміздің әр өңірінен командаларды біріктірген жастар футбол лигасы Freedom QJ League жобасын іске қосты. Холдинг чемпионаттарды өткізуді толық қаржыландырады, оның ішінде командалардың жол шығындары, сырт алаңдағы ойындар кезіндегі тұруы мен тамақтануы, төрешілік ету және матчтарды ұйымдастыру шығындары қамтылады.
Тимур Турловтың әлеуметтік жобалары
Шахмат Тимур Турловтың әлеуметтік инвестицияларындағы ең маңызды бағыттардың бірі саналады. Соңғы үш жылда Freedom Holding бұл спорт түрін дамытуға $75 млн бағыттады.
2023 жылдан бері Турлов Қазақстан шахмат федерациясын басқарады. 2024 жылы ол FIDE аясында жұмыс істейтін International School Chess Federation (ISCF) арқылы мектеп шахматын халықаралық деңгейде дамытуға кірісті. 2026 жылы ISCF Азияны, Еуропаны, Африканы, Солтүстік, Орталық және Оңтүстік Американы қамтитын ауқымды мектеп оқушылары арасындағы турнир өткізуде. Сондай-ақ 2026 жылы Тимур Турлов әлемнің экс-чемпионы Вишванатан Анандпен бірге FIDE президенті қызметіне кандидат ретінде ұсынылды.
Инвестициялардың жеке бағыты білім беру мен технологияларды дамытуға арналған. 2025 жылы Freedom Holding 165 мың мұғалімге ChatGPT Edu платформасына қолжетімділікті қаржыландырды. Сондай-ақ компания SDU University университетінде жасанды интеллект зертханаларын, финтех саласындағы зерттеу орталықтарын және қаржылық сауаттылық аймақтарын қамтитын жаңа білім беру кеңістігін құруды қаржыландырды.
2023 жылдан бері топтың әлеуметтік және экологиялық бастамаларын Freedom Шапағат корпоративтік қоры біріктіріп келеді. Қор жүзеге асырып жатқан жобалардың бірі ретінде Қызылорда облысындағы ауылдарды таза ауыз сумен қамтамасыз етуге және шөлейттенумен күресуге бағытталған «Эко-Ауыл» бағдарламасын атауға болады. Freedom USAID ұйымымен бірлесіп Арал теңізінің құрғаған табанындағы 150 гектар аумақта қара сексеуілдің тәжірибелік отырғызылуын қолдады. Freedom Holding Қазақстандағы түрлі қайырымдылық жобаларға 100 млрд теңгеден астам қаражат бағыттады.