Freedom Insurance-тің S&P Global Ratings агенттігіндегі рейтингі 2019 жылдан бері үш сатыға көтерілді

S&P Global Ratings агенттігі Freedom Insurance рейтингін «Тұрақты» болжамымен BB деңгейіне дейін көтерді. Бұл Freedom компанияларына қатысты оң рейтингтік шешімдер сериясының жалғасы болды: бұған дейін S&P банк, негізгі брокерлер және холдинг бойынша болжамды «Позитивті» деңгейіне жақсартса, Moody’s алғаш рет топтың екі сақтандыру компаниясына рейтингтер берген болатын.

S&P Global Ratings агенттігі Freedom Insurance компаниясының Қазақстан нарығындағы позицияларын нығайтқанын, капиталын ұлғайтқанын және сақтандыру қызметінің нәтижелерін жақсартқанын атап өтті. 2022 жылдан бері компания жалпы сақтандыру секторында 11-орыннан үшінші орынға көтеріліп, нарықтағы үлесін 2,1%-дан 9,7%-ға дейін арттырды.

Сонымен қатар агенттік Freedom Insurance компаниясының Қазақстанның ұлттық шкаласы бойынша рейтингін kzA− деңгейінен kzA+ деңгейіне дейін көтерді. Халықаралық рейтинг бір сатыға, ал ұлттық рейтинг екі сатыға өсті.

Freedom Insurance Freedom Holding Corp. экожүйесінің құрамына кіреді және автокөліктерді, мүлікті, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті, сондай-ақ бизнес тәуекелдерін сақтандыру қызметтерін ұсынады. Қаржылық тұрақтылық рейтингі агенттіктің сақтандырушының клиенттер алдындағы міндеттемелерін орындау қабілетіне берген бағасын көрсетеді. Ал ұлттық рейтинг компаниялардың Қазақстан ішіндегі кредиттік тәуекелдерін салыстыруға мүмкіндік береді.

S&P неліктен рейтингін көтерді

Freedom Insurance сақтандыру қызметінен түсетін табысын арттырып, ықтимал шығындарды жабуға мүмкіндік беретін капиталын нығайтты, деп есептейді агенттік сарапшылары. S&P бағалауынша, компанияның нәтижелері нарықтың орташа көрсеткіштеріне және рейтингі жоғары сақтандырушылардың көрсеткіштеріне жақындады.

2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша компанияның таза пайдасы 9,1 млрд теңгені (20,3 млн АҚШ доллары) құрады. Меншікті капиталдың рентабельділігі 27%-ға, ал нетто құрамдастырылған коэффициент 86,3%-ға жетті. Бұл әрбір 100 теңге сақтандыру сыйлықақысына шамамен 86 теңге төлемдер мен шығыстар сәйкес келгенін, яғни сақтандыру операцияларының пайда әкелгенін білдіреді.

Сонымен қатар, агенттік компанияға нарықтағы ең ірі екі қатысушымен арадағы алшақтықты қысқарту үшін әлі де уақыт қажет болады деп есептейді. Нарықтағы позицияларын одан әрі нығайту үшін бизнес көлемі ұлғайған сайын табыстылық деңгейін сақтап қалу маңызды.

Freedom Insurance капиталы 2025 жылғы 35 млрд теңгеден (78 млн АҚШ доллары) 2026 жылы 52 млрд теңгеге (шамамен 115,8 млн АҚШ доллары) дейін өсті. Биыл акционер компания капиталына 8 млрд теңге (17,8 млн АҚШ доллары) салды. S&P агенттігінің базалық сценарийі бойынша алдағы үш жылда қосымша капитал құю және 2026–2029 жылдары дивидендтер төлеу көзделмеген. Бұл компания тапқан пайданы өзінде қалдырып, оны одан әрі дамытуға бағыттайды дегенді білдіреді.

Агенттік сақтандырушының инвестициялық стратегиясына да оң баға береді. Freedom Insurance негізінен орташа BBB рейтингіне ие мемлекеттік және квазимемлекеттік эмитенттердің бағалы қағаздарына инвестиция салады. S&P мұндай инвестициялық портфельді консервативті деп санайды.

Сақтандырушы Freedom Holding стратегиясында маңызды рөл атқарады, алайда оның қаржылық тұрақтылығы өз қызметінің нәтижелеріне де байланысты. S&P реттеуші талаптардың сақтандыру компаниясының қаражатын топтағы басқа ұйымдарды қолдау үшін пайдалануға шектеу қоятынын ерекше атап өтті.

Агенттік компанияға қандай болжам береді

S&P агенттігінің «Тұрақты» болжамы алдағы 12 ай ішінде Freedom Insurance компаниясы бизнесті кеңейтіп, сақтандырудың түрлі бағыттарын дамытуды жалғастыра отырып, табыстылық пен капиталдың тұрақты деңгейін сақтайды деген күтуді білдіреді.

Агенттік 2026–2029 жылдары компанияның жыл сайынғы таза пайдасы 11–16 млрд теңге, яғни шамамен 24,5–35,6 млн АҚШ доллары деңгейінде болады деп болжайды. Сондай-ақ S&P бағалауы бойынша құрамдастырылған коэффициент шамамен 90% деңгейінде қалыптасады, бұл сақтандыру операцияларының табысты болып қала беретінін көрсетеді.

S&P агенттігі компания бәсекелік позицияларын айтарлықтай нығайтып, нәтижелері болжамнан төмендемей, капитал қоры жеткілікті деңгейде сақталған жағдайда рейтингті қайта көтеруі мүмкін.

Кері сценарий капиталдың ұзақ уақыт бойы әлсіреуі жағдайында орын алуы ықтимал. Бұған бизнестің шамадан тыс жылдам өсуі, ірі инвестициялық шығындар немесе пайданың күткеннен төмен болуы себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар нарықтағы құбылмалылыққа көбірек тәуелді инвестициялар мен міндеттемелер көлемінің артуы қосымша тәуекел ретінде қарастырылады. Дегенмен қазіргі уақытта агенттік рейтингтің төмендеуін негізгі сценарий ретінде қарастырмайды.

Freedom Insurance бағалары қалай өзгерді

S&P агенттігімен жұмыс істеу кезеңінде Freedom Insurance компаниясының халықаралық рейтингі үш сатыға өсті. Компания алғашқы B рейтингін 2019 жылғы қарашада алды. 2022 жылғы желтоқсанда агенттік рейтингті B+ деңгейіне дейін көтерді, 2024 жылғы қарашада оны BB− деңгейіне жақсартты, ал қазір BB деңгейіне дейін арттырды.

2026 жылғы қыркүйекте сақтандырушы алғаш рет Moody’s агенттігінен бағалау алды: компанияға ұлттық және шетел валюталарындағы қаржылық тұрақтылық бойынша «Тұрақты» болжамымен Ba1 рейтингі берілді. Moody’s шкаласы бойынша Ba1 деңгейі инвестициялық санаттан бір саты төмен орналасқан.

Moody’s агенттігі Freedom Insurance компаниясының нарықтағы позицияларын, активтер сапасын, инвестициялаудағы консервативті тәсілін және капитал жеткіліктілігін оң бағалады. Агенттіктің бағалауы бойынша, 2025 жылы компания жалпы сақтандыру нарығында жалпы сақтандыру сыйлықақылары көлемі бойынша шамамен 10% нарық үлесімен үшінші орынды иеленген.

Алдағы 12–18 ай ішінде Moody’s компанияның сақтандыру операциялары мен инвестициялық кіріс есебінен табыстылығы артады және капитал жеткіліктілігі жоғары деңгейде сақталады деп күтеді. Компания тәуекелдерді төмендетіп, нарықтағы позицияларын нығайтуды жалғастырса, рейтингтің көтерілуі мүмкін.

Freedom Life Moody’s инвестициялық рейтингін алды

Freedom Life – өмірді сақтандыру нарығында жұмыс істейтін топтың екінші сақтандыру компаниясы. Компания жинақтаушы бағдарламаларды, сақтандыру қорғанысын және клиенттерге тұрақты төлемдер жасауға мүмкіндік беретін зейнетақы аннуитеттерін ұсынады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ол сақтандыру сыйлықақылары көлемі жағынан шамамен 20% нарық үлесімен өз сегментіндегі ең ірі үш компанияның қатарына кірді.

Қыркүйекте Moody’s алғаш рет Freedom Life-қа алғаш рет «Тұрақты» болжаммен Baa3 рейтингін берді. Компания Freedom Holding Corp. құрамында осы агенттіктен инвестициялық деңгейдегі рейтинг алған алғашқы ұйым болды. Moody’s оның негізгі артықшылықтары ретінде активтер сапасын, жоғары капиталдандыру деңгейін және тұрақты табыстылығын атады.

Агенттік алдағы 12–18 ай ішінде Freedom Life компаниясы нарықтағы өз позицияларын және тұрақты қаржылық көрсеткіштерін сақтап қалады деп күтеді. Компанияның табысын инвестициялық кірістер, сондай-ақ активтердің табыстылығы мен сақтандыру шарттары бойынша клиенттерге кепілдендірілетін мөлшерлемелер арасындағы айырма қолдауы тиіс. Сонымен қатар зейнетақы аннуитеттері сегментінің өсуі болашақ төлемдер мерзімдері мен инвестициялардан түсетін түсімдердің мерзімдерін мұқият үйлестіруді талап етеді.

Freedom Life компаниясының қолданыстағы рейтингі S&P агенттігі бойынша «Тұрақты» болжамымен BB+ деңгейінде, ал ұлттық шкала бойынша рейтингі – kzAA. Агенттік халықаралық рейтингті соңғы рет 2025 жылғы қазанда көтерген болатын. Компанияның халықаралық рейтингі 2020 жылғы наурызда берілген алғашқы B бағасынан бері төрт сатыға өсті: B → B+ → BB− → BB → BB+.

Банк пен брокерлер S&P агенттігінен «Позитивті» болжам алды

Топтың негізгі банк және брокерлік компанияларының S&P рейтингтері де өсті. 2023 жылғы наурызда агенттік Freedom Bank Kazakhstan, «Фридом Финанс» АҚ, Freedom Finance Global PLC және Freedom Finance Europe Ltd. рейтингтерін B− деңгейінен B деңгейіне көтерді. 2024 жылғы желтоқсанда олардың рейтингі B+ деңгейіне, ал 2026 жылғы маусымда BB− деңгейіне жетті. 2023 жылғы наурыздағы алғашқы көтерілім алдындағы деңгеймен салыстырғанда бұл үш сатыға жоғарылағанын көрсетеді.

2026 жылғы қыркүйекте S&P аталған компаниялардың халықаралық рейтингтерін BB−/B деңгейінде растады және болжамын «Тұрақтыдан» «Позитивтіге» өзгертті. Сонымен қатар Freedom Bank пен «Фридом Финанс» АҚ-ның ұлттық шкала бойынша рейтингтері kzA− деңгейінен kzA деңгейіне көтерілді.

Агенттік топтың тәуекелдерді басқару және комплаенс жүйелерін күшейтіп жатқанын атап өтеді. Оның бағалауынша, капиталдың тұрақтылығын баланстың қалыпты өсуі мен әртүрлі бизнес бағыттары мен елдердегі қызметтен түсетін пайда қамтамасыз етеді. «Позитивті» болжам S&P агенттігі Қазақстандағы экономикалық тәуекелдер бағасын жақсартқан жағдайда, алдағы 12 ай ішінде рейтингтердің көтерілуі мүмкін екенін білдіреді.

2026 жылғы наурызда Freedom Bank та Moody’s агенттігінен алғашқы бағасын алды: агенттік банкке «Тұрақты» болжамымен Ba3 деңгейіндегі ұзақмерзімді депозиттік рейтинг берді. Moody’s банктің капиталдандыру деңгейін, клиенттік база мен депозиттердің өсуін оң бағалады. Агенттік алдағы 12–18 айда банктің теңгерімді түрде дамуын күтеді, дегенмен бизнестің жылдам өсуі мен бизнес-модельдегі өзгерістерге байланысты тәуекелдерді де назарда ұстайды.

Freedom Holding Corp. холдингінің ұзақмерзімді рейтингі S&P агенттігі бойынша B− деңгейінде сақталып отыр. Қыркүйек айында бұл рейтинг бойынша болжам да «Позитивті» деңгейіне өзгертілді. Бұл холдингтің жеке рейтингі екенін ескеру маңызды: банк, брокерлік және сақтандыру компанияларының рейтингтері олардың өз міндеттемелеріне қатысты беріледі және автоматты түрде бас компанияға қолданылмайды.

Басқа жаңалықтар