Freedom Turkish Bank A.Ş.- ті сатып алуға Түркия реттеушісінің мақұлдауын алды

Freedom Holding Corp. құрамына кіретін түркиялық Freedom Finansal Hizmetler A.Ş. компаниясы Түркияның Банктік қызметті реттеу және қадағалау агенттігі (BRSA) Turkish Bank A.Ş. акцияларының 99,32%-ын сатып алу мәмілесін мақұлдағанын хабарлады.
Freedom-ның Түркиядағы банкті сатып алу ниеті туралы осы жылдың наурыз айында белгілі болған еді. Freedom Holding Corp. компаниясының CEO-сы Тимур Турловтың айтуынша, холдинг Түркиядағы өз экожүйесін дамытуға шамамен 300 млн АҚШ долларын инвестициялауды жоспарлап отыр.
Мәміле аяқталғаннан кейін Turkish Bank A.Ş. Freedom-ның Түркиядағы өңірлік платформасының бір бөлігіне айналып, топтың Freedom Yatırım брокерлік бөлімшесімен бірге жұмыс істейді.
«Түркия – Freedom үшін стратегиялық маңызы зор нарық, және біз бұл нарыққа нақты не құрғымыз келетінін айқын түсініп келіп отырмыз. Қазақстанда біз цифрлық экожүйенің адамдардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айнала алатынын дәлелдедік. Іске қосылғанына екі жылға да жетпейтін уақытта Freedom SuperApp 5,67 млн пайдаланушыны тартып, елдегі ең қарқынды дамып келе жатқан цифрлық сервистердің біріне айналды. Біз қаржылық қызметтер мен заманауи цифрлық өнімдерді бір платформаға біріктірдік, соның арқасында олар бірін-бірі толықтырып, күшейте түседі», – деді Freedom Holding Corp. негізін қалаушы және бас атқарушы директоры Тимур Турлов.
Холдинг басшысы бұған дейін Түркиядағы әлеуетті клиенттік базаның Қазақстанмен салыстырғанда 4–5 есе үлкен болуы мүмкін екенін атап өткен болатын.
«Банкті сатып алу өз тиімділігін дәлелдеген бизнес-модельді кең ауқымда дамытуға берік негіз қалайды, ал BRSA-ның мақұлдауы – бұл модельді Түркия нарығында іске асыру жолындағы маңызды қадам», – деп атап өтті Тимур Турлов.
Мәміле аяқталғаннан кейін Turkish Bank түркиялық реттеуші органдардың қадағалауында жұмысын жалғастыра отырып, Freedom тобының цифрлық сервистер саласындағы тәжірибесі мен сараптамасына қол жеткізеді.
BRSA мақұлдауы Freedom-ның Түркиядағы брокерлік бизнесті құру үдерісінің соңғы кезеңінде де алынды. 2025 жылы Түркияның Капитал нарығы кеңесі компанияға брокерлік ұйым құруға лицензия берген болатын. Осыдан кейін Freedom Yatırım Menkul Değerler A.Ş. брокерлік компаниясы құрылды. Қазіргі таңда ол реттеушінің барлық талаптарын орындағаннан кейін толыққанды брокерлік лицензия алу рәсімінен өтіп жатыр.
«Бүгін Freedom компаниясы Түркиядағы өз тарихының жаңа кезеңін бастауға бұрынғыдан да жақындай түсті», – деді Freedom Holding Corp. серіктесі және Freedom Finansal Hizmetler A.Ş. директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Почекуев. – «Бүкіл процесс бойы сындарлы өзара іс-қимыл танытқаны үшін BRSA-ға алғысымызды білдіреміз. Мәміле аяқталғаннан кейін банк біздің брокерлік және инвестициялық бизнесімізбен бірге клиенттерге күнделікті банктік қызмет көрсетуді, төлемдерді, жинақтарды, кредиттеуді және инвестициялық шешімдерді біріктіретін біртұтас әрі ыңғайлы қаржылық қызмет көрсету тәжірибесін ұсынуға мүмкіндік береді».
Болжам бойынша, банк Freedom-ның өңірлік стратегиясының маңызды бөлігіне айналып, банктік қызметтерді, капитал нарықтарын, сақтандыру өнімдерін және трансшекаралық қаржылық шешімдерді өзара терең ықпалдастыруға мүмкіндік береді. Болашақта бұл модель электрондық коммерцияны, телекоммуникация қызметтерін және lifestyle бағытындағы сервистерді қоса алғанда, қаржылық емес қызметтер есебінен де кеңейтілуі мүмкін.
«BRSA-ның мақұлдауы – Түркиядағы стратегиямызды жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам», – деді Freedom Finansal Hizmetler A.Ş. бас директоры Х. Дженк Эйнехан. – «Мәміле аяқталғаннан кейін біз Түркиядағы белгілі банктердің бірінің көпжылдық тәжірибесі мен нарықтағы берік позицияларын Freedom-ның технологияларымен, кәсіпкерлік мәдениетімен және халықаралық сараптамасымен ұштастыру мүмкіндігіне ие боламыз. Біздің басты басымдығымыз – инновациялар, қолжетімділік және қаржылық өнімдер мен қызметтердің кеңейтілген желісі арқылы клиенттер үшін қосымша құндылық қалыптастыру».
Freedom компаниясы цифрлық трансформацияға, клиенттік арналарды дамытуға, өнімдер желісін кеңейтуге және операциялық тиімділікті арттыруға бағытталған жаңғырту және даму бағдарламасын іске асыруды жоспарлап отыр. Интеграция технологиялық инфрақұрылымды дамытуға, клиенттік тәжірибені жақсартуға, жаңа өнімдер әзірлеуге және Түркиядағы Freedom бизнесінің барлық бағыттары арасындағы өзара ықпалдастықты күшейтуге бағытталады.
Бұл мәміле Freedom Holding Corp.-тың Еуразиядағы, Таяу Шығыстағы және Орталық Азиядағы қатысуын нығайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Сонымен қатар ол топтың перспективалы нарықтардағы ұзақ мерзімді инвестициялық стратегиясын қолдауға ықпал етеді.
Freedom Holding Corp. әлемнің 22 елінде, соның ішінде Қазақстанда, АҚШ-та, Кипрде, Польшада, Испанияда және Еуропаның басқа да елдерінде, сондай-ақ Өзбекстанда, Тәжікстанда және Арменияда жұмыс істейді. Өткен жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі холдингке Грузияда банк ашуға рұқсат берді.
Биылғы маусым айында холдинг Францияда банктік лицензия алу үшін өтінім берді. Бұл елдегі цифрлық инфрақұрылымды дамытуға Freedom шамамен 500 млн еуро инвестиция салуды жоспарлап отыр.
Freedom Holding Corp. акциялары АҚШ-тың NASDAQ биржасында, Қазақстан қор биржасы (KASE) мен AIX биржасында FRHC тикерімен саудаланады. Холдингтің қызметі АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясының (SEC) реттеуінде. Ал холдингтің еншілес компаниялары Freedom бизнесі жұмыс істейтін барлық юрисдикциялардағы қадағалау органдарының бақылауында.