Тимур Турлов FIDE президенті болып сайланды: ол әлемдік шахматта қандай өзгерістер енгізбек?

Халықаралық шахмат федерациясын алғаш рет Қазақстан азаматы басқарды: FIDE-нің жаңа президенті болып Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Тимур Турлов сайланды. Оның бағдарламасы миллиондаған инвестициялар тартуды, шахматшылар үшін бірыңғай цифрлық профиль енгізуді, сондай-ақ ұлттық федерациялардың қаржыландыру мен инфрақұрылымға тең қол жеткізуін қамтамасыз етуді көздейді.
Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Тимур Турлов Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті сайлауында жеңіске жетті. Ұйымның Самарқандта өткен Бас ассамблеясында ол дауыс берудің екінші турында 110 дауыс жинады. Вадим Розенштейнге 85 делегат дауыс берді. Ал үшінші кандидат Ян-Хенрик Бюттнер бірінші турда 20 дауыс алып, екінші турға қатысқан жоқ.
«Сайлауалды науқанымда қолдау білдірген командама және менің кандидатурама сенім артып, FIDE мен шахматты дамытуға арналған бағдарламамды қолдаған ұлттық федерациялар делегаттарына шынайы алғысымды білдіремін. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік әрі FIDE-ні заманауи, ашық және қаржылық тұрғыдан орнықты ұйымға айналдыруға берілген зор мүмкіндік. Біз әр елдегі шахматшылар мен ұлттық федерациялар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, шахматтың дамуына тың серпін береміз», – деді Тимур Турлов дауыс беру қорытындысынан кейін.
Ол FIDE-нің жүз жылдан астам тарихындағы тоғызыншы президенті атанды. Сонымен қатар, бұл қызметке сайланған алғашқы қазақстандық болды. Ұйымның вице-президенті қызметіне оның командасының мүшесі, бес дүркін әлем чемпионы және жиырма жылдан астам уақыт бойы әлемнің ең үздік шахматшыларының бірі саналған Вишванатан Ананд кіріседі. Ананд 2022 жылдан бері FIDE президентінің орынбасары қызметін атқарып келеді.
Тимур Турлов FIDE-ні қалай басқармақ
«FIDE-ге жетекшілік ету үшін ашық сөйлеп, күрделі сұрақтарға тікелей жауап беруге дайын болу керек. Қиын мәселе туындаса, оған ұйым басшысының өзі жауап бергені дұрыс. Қоғамдық талқылаулар кейде қолайсыз болғанымен, бұл жұмыстың ажырамас бөлігі. Сайлаудан кейін де осы ұстанымым өзгермейді. Менің кәсіби жолым бизнеспен тығыз байланысты. Дегенмен FIDE-нің өзіне тән қағидаттар бойынша жұмыс істейтінін жақсы түсінемін. Ұйымның табыстылығын тек кіріс көлемімен немесе жасалған келісімшарттар санымен бағалауға болмайды. FIDE ең алдымен ұлттық федерациялар мен шахмат қауымдастығының мүддесіне қызмет етуі тиіс», – деді ол FIDE президенті сайланған күні.
Тимур Турловтың айтуынша, федерация құрамындағы 200-ден астам елдің жағдайы мен мүмкіндіктері әртүрлі екенін ескеру қажет. Кейбір мемлекеттерде шахматқа мемлекет тарапынан қомақты қолдау көрсетілсе, енді бір елдерде бұл саланың дамуы санаулы жанашырлардың күшімен ғана жүзеге асып отыр. Оның пікірінше, FIDE әрбір ұлттық федерацияға өз мүмкіндігі мен ерекшелігіне сай даму моделін қалыптастыруға көмектесуі тиіс.
Турловтың айтуынша, коммерциялық серіктестіктер ұйымның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуі керек, алайда FIDE бизнес құрылымына айналмауға тиіс. Тартылған қаражаттың барлығы шахматты дамытуға бағытталуы қажет. Сондай-ақ ол сайлаудан кейін қарсыластары Вадим Розенштейн мен Ян-Хенрик Бюттнердің бағдарламаларындағы тиімді бастамаларды пайдалануға дайын екенін айтты. Оның айтуынша, шахмат қауымдастығына пайда әкелетін бағыттарда олармен ынтымақтастық орнатуға әзір.
Шахматты дамытуға миллиондаған долларлар
Жаңа президенттің бағдарламасы төрт негізгі бағытқа негізделген: қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, FIDE институттарын нығайту, цифрлық трансформацияны жеделдету және білім беру жүйесіндегі шахматтың рөлін кеңейту.
2027-2030 жылдары даму қорына жыл сайын €6,2 млн еуро (шамамен $7,07 млн доллар) бөлу жоспарланып отыр. Бұл қазіргі €1,6 млн еуро (шамамен $1,82 млн доллар) көлеміндегі қаржыландырудан 3,9 есе көп. Осылайша, төрт жыл ішінде қордың жиынтық көлемі €24,8 млн еуроға (шамамен $28,3 млн доллар) жетуі мүмкін.
Бағдарлама аясында он жас шахматшыға, оның ішінде бес ұл мен бес қызға үш жыл бойы жеке қолдау көрсету көзделген.
Сонымен қатар, 2027-2030 жылдары жыл сайынғы көлемі $1,5 млн доллар болатын FIDE медиа қоры жұмыс істейді. Бұл бағыт бойынша Тимур Турловтың жеке кепілдендірілген міндеттемесінің жалпы көлемі $6 млн долларды құрайды. Әңгіме бір реттік инвестиция туралы емес, ұзақ мерзімді әрі тұрақты қаржыландыру жөнінде болып отыр.
Медиа қордың жыл сайынғы бюджетінің $1 млн доллары немесе 67%-ы ұлттық жобалар мен ақпараттық науқандарды қолдауға бағытталмақ. Тағы $200 мың доллардан немесе 13%-дан ұлттық федерациялардың коммуникациялық мүмкіндіктерін дамытуға және мамандарды оқытуға бөлінеді. Қалған $100 мың доллар немесе 7%-ы ортақ құралдар мен бағдарламаларды сүйемелдеуге жұмсалады. Қолдау алуға FIDE құрамындағы барлық ұлттық федерациялар өтінім бере алады.
Сондай-ақ Тимур Турлов FIDE қызметіне жария компанияларға тән корпоративтік басқару стандарттарын енгізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, тәуелсіз аудит жүргізу, қаржылық есептілікті тұрақты түрде жариялау және ірі коммерциялық келісімдер туралы ақпаратты ашық ұсыну көзделген. Оның пікірінше, мұндай ашықтық ұлттық федерациялар, демеушілер мен серіктестердің ұйымға деген сенімін нығайта түседі.
«Кез келген ауқымды стратегияның мәні оны жүзеге асыруға және өз міндеттемелерін орындауға қауқары болған жағдайда ғана артады. Өйткені сенім дәл осылай қалыптасады. Қазақстанда біз бұл тәсілдің нақты нәтижесін көрдік. Ендігі мақсатымыз – осы тәжірибені халықаралық деңгейде кеңінен енгізу», – деп атап өтті FIDE-нің жаңа президенті.
Әрбір шахматшыға арналған цифрлық бейін
FIDE-нің негізгі бастамаларының бірі шахматшыларды, жаттықтырушыларды, турнир ұйымдастырушыларын және ұлттық федерацияларды біріктіретін бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптастыру болмақ. Осы жүйенің негізін шахматшының рейтингі, өткізген партиялары мен жетістіктері туралы мәліметтерді, турнирлерге тіркелу мүмкіндігін және білім беру ресурстарына қолжетімділікті қамтитын жеке FIDE ID профилі құрайды.
Бағдарлама аясында жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу де көзделген. Олар партияларды талдау, спортшылар мен жаттықтырушыларды даярлау, жарыстарды басқару және әділетсіз ойын жағдайларын анықтау үшін пайдаланылмақ. Сонымен қатар ұлттық федерацияларға рейтингтік жүйелерді жүргізуге, турнирлерді ұйымдастыруға және құжат айналымын цифрландыру арқылы әкімшілік үдерістерді оңтайландыруға арналған заманауи құралдар ұсынылады.
Кәсіби шахматты дамыту бағытында Тимур Турлов негізгі халықаралық жарыстардың күнтізбесін екі жыл бұрын жариялауды, жүлде қорларын кезең-кезеңімен ұлғайтуды және ойыншылар үшін жағдайды жақсартуды ұсынады. Бағдарламада әйелдер шахматына ерекше назар аударылған. Осы бағыттағы турнирлерді қаржыландыру көлемін қазіргі 100 мың доллардан 500 мың долларға дейін арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, FIDE-нің басқарушы органдарындағы әйелдердің үлесін кемінде 35%-ға жеткізу көзделген.
FIDE үшін қазақстандық тәжірибе
Сайлауға Тимур Турлов 2023 жылғы қаңтардан бері басқарып келе жатқан Қазақстан шахмат федерациясының президенті және Халықаралық мектеп шахматы федерациясының жетекшісі ретінде қатысты. Осы кезеңде Қазақстанда мемлекет, бизнес қауымдастығы, білім беру ұйымдары және кәсіби шахмат ортасын біріктіретін тиімді даму жүйесі қалыптасты.
Қыркүйек айының соңына қарай шахмат бағдарламалары еліміздегі 2,5 мың мектепті және 133 мың оқушыны қамтыды. Ел бойынша ай сайын 300-400 шахмат жарысы өткізіліп тұрады, ал соңғы үш жылда олардың жалпы саны 10 мыңнан асты. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында шахмат педагогтерін даярлау қолға алынды. Сондай-ақ KazChessLab зертханалары құрылып, шахмат клубтары мен мектептерін аккредиттеудің цифрлық жүйесі енгізілді.
2025 жылы қазақстандық шахматшылар халықаралық жарыстарда 162 медаль жеңіп алды. Оның 64-і алтын медаль болды, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 16%-ға жоғары көрсеткіш. Соңғы төрт жыл ішінде Қазақстанда FIDE аясында алты ірі халықаралық турнир ұйымдастырылды. Олардың қатарында әлем чемпионы атағы үшін өткен матч пен университеттер арасындағы командалық әлем чемпионаты сияқты беделді жарыстар бар.
Отбасылық шахмат ойындарынан әлемдік шахматты басқаруға дейін
Тимур Турловтың шахматқа қызығушылығы балалық шағында басталған. Ол шамамен бес жасында атасынан шахмат ойнауды үйренген. Алайда сол кезде бұл спортпен жүйелі түрде айналысуға мүмкіндігі болмады. Шахматқа ол ересек шағында, балаларының арқасында қайта оралды. Балалары Алматыдағы шахмат клубына бара бастаған кезде, Турлов та олармен бірге ойнап, сол жаттықтырушыдан тәлім алды. Кейіннен клубтың жұмысына қолдау көрсетіп, оның дамуына көмектесе бастады.
«Алғашында балаларым барған шахмат клубына қолдау көрсете бастадым. Меніңше, шахмат әлеміне жасаған алғашқы қадамым дәл осы болды», – деп еске алған еді ол.
Келесі маңызды бастамалардың бірі Астанада өткен FIDE әйелдер Гран-при кезеңіне қолдау көрсету болды. Осылайша шахматқа деген қызығушылық біртіндеп бұл спорт түрін жүйелі түрде дамытуға бағытталған нақты жобалар мен бастамаларға ұласты.
Алты баланың әкесі Тимур Турлов үшін шахмат тек спорт қана емес, отбасы мүшелерін жақындастыратын ортақ құндылық әрі балалардың зияткерлік қабілеттерін дамытудың тиімді құралы болып саналады. Оның пікірінше, шахмат балалардың зейінін ұзақ уақыт шоғырландыруға, өз әрекеттерінің ықтимал салдарын алдын ала бағалауға және цифрлық құрылғыларға тәуелділікті азайтуға көмектеседі.
Шахмат оның басқарушылық және іскерлік көзқарасына да елеулі ықпал етті. Турловтың айтуынша, бұл ойын оған шаршау, ұйқының қанбауы мен күйзелістің шешім қабылдау сапасына тікелей әсер ететінін терең түсінуге мүмкіндік берген. Сонымен қатар шахмат бірнеше ықтимал сценарийді алдын ала саралап, серіктестер мен бәсекелестердің әртүрлі әрекеттеріне дайын болу дағдысын қалыптастырған.