BNE неміс БАҚ-ына Тимур Турловтың берген сұхбаты: Даладан басталған бәсеке

Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушы Тимур Турлов Орталық Азияда қаржылық империя құрды. Енді Freedom SuperApp, Nasdaq-тағы листинг және реттеуші органдар ақырында диалогқа дайын деген сенімге сүйене отырып, ол батыс нарықтарына шығуды көздеп отыр.

Адам көпшілік мүмкін емес деп санаған күресті жеңіп шыққаннан кейін пайда болатын сенімнің ерекше бір түрі бар. Тимур Турлов дәл осындай әсер қалдырады. Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры соңғы он жылда Қазақстанда және бүкіл Орталық Азияда қаржылық топ қалыптастырды — оның айтуынша, бұл нарық бүгінде Еуропадағы көптеген нарықтарға қарағанда әлдеқайда бәсекелі әрі шоғырланған. Енді ол Батыс нарығына бет алып отыр.

«Еуропада және болашақта АҚШ-та болуы – ұзақмерзімді өміршеңдік үшін шешуші маңызға ие», – дейді ол. – «Технологияңыздың болашағы сіз қай нарықтарда бар екеніңізге тікелей байланысты».

Ол цифрлық дәуірдің логикасына жүгінеді: Google, Meta, Bitcoin.

«Технологиялар бәрін өзіне шоғырландырады. Кейбір жабық елдерді қоспағанда, технологиялар жаһандық сипатқа ие болуда. Стейблкоиндерге қараңыз. Негізінде, бүгінде әлемде бір ғана негізгі валюта бар – АҚШ доллары. Еуро бар, өзге валюталар да бар, бірақ олардың ауқымы әлдеқайда кіші».

Уәж қарапайым, алға апарар жол күрделі болса да: дербес технологиялық және қаржылық платформа ретінде өмір сүру үшін жаһандық қарқыны бар нарықтарда болу қажет. Қалғанының бәрі уақыт өте келе шеткері аймаққа айналады.

Супер-қосымшаға бәс тігу

Халықаралық нарықтарда Freedom Holding ең алдымен брокерлік бизнесі арқылы танымал. Бұл бағыт 2019 жылдан бері Nasdaq-та саудаланып келеді және он жылдан астам уақыт бойы Еуропада Freedom24 атты кипрлік еншілес компаниясы арқылы жұмыс істеп отыр. Алайда компанияның амбицияларын алға сүйреген басты драйвер –салыстырмалы түрде жаңа бағыт, яғни суперқосымша. Қазіргі таңда ол Қазақстанда App Store мен Google Play-де көшбасшы орындарды иеленіп отыр.

Бұл қосымша банктік қызметтерді, инвестицияларды, электрондық коммерцияны, саяхат сервистерін, билет сатып алуды, ынталандыру бағдарламаларын және басқа да қызметтерді біртұтас экожүйеге біріктіреді.

Өсу қарқыны әсерлі. Екі жыл бұрын Freedom-нің Қазақстандағы клиенттері шамамен жарты миллионды құраған болатын. Бүгінде олардың саны 5,2 млн-ға жетті – бұл ел халқының төрттен бірінен астамы.

Төлемдер сегментінде компания Nasdaq-та да листингтен өткен, нарықтың көшбасшысы саналатын Kaspi-ден шамамен 15% нарық үлесін тартып алды. Бұған дейін Kaspi нарықтағы барлық экономикалық транзакциялардың шамамен 85%-ын бақыласа, қазір оның үлесі шамамен 70% деңгейінде.

«Kaspi – мықты бәсекелес: компания Nasdaq-та саудаланады, нарықта өте ауқымды, 13–14 млн пайдаланушысы бар, яғни бұл Қазақстан халқының барлығы дерлік», – дейді Турлов. – «Соған қарамастан, біз бар болғаны бір жылдың ішінде олардың нарықтағы үлесінің шамамен 15%-ын өзімізге тартып алдық. Бұл нарық толықтай шоғырланғандай көрінсе де, бәсекелесуге болатынын көрсетеді».

Турловтың айтуынша, экожүйенің ерекшелігі – ынталандыру бағдарламасы. Қосымшада алынған кэшбэк автоматты түрде Freedom Holding Corp. компаниясының бөлшек акцияларына айырбасталады – компания оны «Freedom Currency» деп атайды. Осылайша клиенттер акционерлерге айналады, ал олардың қосымшаға деген белсенділігі компанияның табыстылығымен тікелей байланысты болады.

«Мен тек табыс тауып отырған жоқпын», – дейді ол. – «Мен клиенттермен құндылықпен бөлісудемін. Егер банк өссе – олардың әл-ауқаты да бірге өседі».

Экожүйе басқа да элементтерді қамтиды. Мысалы, Expedia компаниясысияқты туристік сервистермен бәсекелесе алатын технология ізңрлеген: ол әуе компанияларымен тікелей келісімшарттарға негізделген және күрделі маршруттарды ұсына отырып, агенттіктер комиссиясының бір бөлігін клиенттерге қайтарады. Соның нәтижесінде компанияның әуе билеттері нарығындағы үлесі шамамаен  10%-дан 25–30%-ға дейін өседі. Сонымен қатар банктік карталардың дизайны бойынша коллаборациялар бар –мысалы, DC Comics-пен бірлескен жобалар.

«Біз әртүрлі карталардың көптеген түрін шығарамыз, және бұл да біздің бәсекелік артықшылығымыз, себебі олар басқа банктердің карталарына қарағанда әдемірек көрінеді. Бұл ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін, бірақ маңызды фактор», –деп атап өтті ол.

«Экожүйе – бұл үлкен жүйе. Табысқа бір ғана фактор емес, біз ұсынатын барлық мүмкіндіктердің жиынтығы әсер етеді».

Реттеушілік кедергілер

Орталық Азидағы қарқынды дамуға қарамастан, Еуропа мен АҚШ нарығына шығу жолы тек Алматыдағы нарық үлесімен шешілмейтін мәселеге – лицензиялауға тіреледі. Турлов бұл туралы ашық айтады: «Біз батыс нарықтарына мүдделіміз, бірақ ол тек бізге ғана байланысты емес – бәрі реттеуші органдарға тәуелді» – дейді.

Ол мысал ретінде Ұлыбританияда банк лицензиясын алу үшін көптеген жылдар бойы әрекет еткен Revolut компаниясын келтіреді.

«Егер барлық күш-жігерді жұмылдырып мұны бір жылдың ішінде іске асырудың жолы болса, біз оны міндетті түрде пайдаланар едік. Бірақ өкінішке қарай ондай мүмкіндік жоқ».

Еуропа нарықтарына шығатын компаниялар үшін әдетте екі жол бар: лицензиясы бар банкті сатып алу немесе инфрақұрылымды нөлден бастап құрып, рұқсат алу процесінен өту. Турловтың пікірінше, екі тәсіл де түптеп келгенде бір нәтижеге әкеледі. Банкті сатып алу сәл жылдамырақ болуы мүмкін, алайда өз инфрақұрылымыңды дамыту ескірген жүйелерден аулақ болуға және бірден заманауи платформаны құруға мүмкіндік береді. «Басты мәселе – реттеушінің келісімі», – дейді ол.

Ол сонда да сенімділікпен: «Біздің бәрібір көптеген басқа компанияларға қарағанда табысқа жету мүмкіндігіміз жоғары деп санаймыз» – деп отыр.

Капитал, бақылау және ұзақ мерзімді стратегия

Ауқымды кеңейту елеулі инвестицияны талап етеді. Турлов оның компаниядағы үлесінің біртіндеп азаюын білдіретінін ашық айтады.

«Негізінен дамуды қаржыландыру үшін жаңа акциялар шығарғандықтан, компания өскен сайын менің үлесім төмендей береді» – дейді ол.

Мысал ретінде ол Түркияда банкті сатып алу жоспарын келтіреді: реттеуші талаптарды орындау үшін алдағы жылдары меншікті капиталдан $300 млн -ға дейін қаражат қажет болуы мүмкін. Еуропа нарықтарына шығу да қосымша инвестицияларды талап етеді.

«Әр ел банк жеткілікті капитал деңгейін ұстап тұруды талап етеді. Мен өз үлесімді қысқартуға дайынмын» – деп түйіндейді Турлов.

Тимур Турлов мұны тек прагматикалық қана емес, сонымен бірге философиялық ұстаным екенін атап өтеді:
«Мен үшін міндетті түрде бақылаушы акционер болу шарт емес. Егер бір күні мені бас атқарушы директор қызметіне қайта сайламаса, лауазымды қайтарып алу үшін күресуге ниетім жоқ, Компания акцияларына иелік етпей ақ, өз стратегиямның дұрыстығына инвесторларды сендіре алатыныма сенімдімін» – дейді ол.

Оның айтуынша, шешуші мән формалды бақылау пакеті емес, акционерлердің, директорлар кеңесінің және клиенттердің сенімі болып табылады.

«Егер мен директорлар кеңесінің сенімінен айырылсам, сөзсіз түрде клиенттер мен серіктестердің сенімінен де айырыламын. Ондай жағдайда компанияның өзі де болмайды».

Бұл айтуға оңай болғанымен, оны күрделі реттеушілік ортада нөлден бастап қаржы институтын құрған, оны ел халқының төрттен бірін қамтитын деңгейге жеткізген және енді осы модельдің жаһандық деңгейде жұмыс істей ала ма, соны сыннан өткізіп отырған адам айтқанын ескерсек, ерекше салмаққа ие.

Қалай болғанда да Турловтың өзі бұған сенімді.

Дереккөз: https://www.intellinews.com/interviewthesteppechallenger-437474/ 

 

Басқа жаңалықтар