Тимур Турлов ChessBase басылымына сұхбат беріп, шахматтың тек тақта үстінде емес, өмірде де үйрететіні бар екендігі туралы әңгімеледі

FIDE Халықаралық шахмат федерациясы президентінің сайлауы қарсаңында осы лауазымға үміткер Тимур Турлов ChessBase басылымына сұхбат берді. Қазірдің өзінде Қазақстан шахмат федерациясының, сондай-ақ Халықаралық мектеп шахматы федерациясының президенті болып табылатын Турлов сұхбат барысында бұл зияткерлік спорт түрінің дұрыс шешім қабылдауға қалай үйрететінін айтып, FIDE басшысы қызметіне үміткер ретіндегі жоспарларымен бөлісті.

Бұл жолы шахмат саясатынан гөрі шахматтың өзіне көбірек тоқталғанды жөн көріп отырмын. Өмірбаяныңызды оқып, сұхбаттарыңызды тыңдаған кезде мені қызықтырған сұрақ: сіз шахмат ойнаудықашан және қалай бастадыңыз?

Менің ойымша, алғашқы ұстазым атам болған шығар, бұл көпшілікке тән жағдай. Шахматпен шамамен бес жасымда таныстым. Бірақ, өкінішке қарай, біз атаммен бірге тұрмадық, сондықтан тұрақты түрде жаттығуға мүмкіндік болмады. Оның үстіне, ол кезде біздің өңір үшін қиын кезең еді: Кеңес Одағы ыдырай бастаған болатын.

Шынымды айтсам, әсіресе балалық шағымда шахмат инфрақұрылымына қолжетімділік шектеулі болды. Бұрынғыдай шахмат клубтары көп емес еді. Мен ешқашан шахмат клубында жаттыққан емеспін, сондықтан кәсіби шахматшы бола алмауымның бір себебі де осы шығар.

Сізді жеңістің өзі көбірек қызықтырды ма, әлде шахмат ойынының табиғаты ма? Мүмкін, шахмат тастарының ерекше әлемі баураған шығар, не болмаса атаңыздың осы ойынға баулыған сәттері жадыңызда сақталып, шахматқа тән тылсым тартымдылықты сезінген боларсыз?

Әрине. Бала күнімнен шахматқа ерекше құрметпен қарайтынмын. Мен оны кез келген адамның қолынан келе бермейтін, зерде мен парасатты талап ететін ойын деп қабылдадым. Гроссмейстерлер туралы кітаптар мен түрлі хикаяларды, соның ішінде көркем шығармаларды да қызығып оқитынмын. Осындай туындылардағы шахматты шебер меңгерген кейіпкерлердің бәрі дерлік ерекше қабілетімен, беделімен және ақыл-парасатымен ерекшеленетін тұлғалар ретінде суреттелетін.

Олар жай ғана құрметке ие адамдар емес, нағыз гроссмейстерлер еді. Меніңше, бұрынғы Кеңес Одағы кеңістігінде ұлы шахматшыларға деген көзқарас кәдімгі құрметтен де биік болды.

Кейін де шахматқа қызығушылығыңыз сақталды, бірақ онымен шындап айналыспадыңыз: клубқа кірмедіңіз, чемпионаттарда немесе турнирлерде жеңуге ұмтылмадыңыз. Сондықтан шахмат сіз үшін көбіне әуестену болып қала берді ме?

Иә. Мен шахматты екінші рет балаларым мектепке барған кезде қайта аштым деп ойлаймын. Алматыдағы мектепте олардың қосымша сабақтары болды. Бір күні олар маған келіп: «Шахмат ойнай аласың ба?» — деп сұрады. Мен: «Иә, неге бірге ойнамасқа?» — деп жауап бердім.

Қанша балаңыз бар?

Менде алты бала бар: үш ұл және үш қыз.

Қызық екен. Қарбалас тірлігіңізге қарамастан, шахматқа қайта оралуыңызға балаларыңыз себеп болды дейсіз ғой?

Иә, сөзсіз. Шахматтың адамдарды жақындастыратын тамаша құрал екенін ұқтым. Мен үшін ол балаларыммен тіл табысып, бірге уақыт өткізудің бір жолы. Үлкен қызымды қоспағанда, кез келген баламмен отырып шахмат ойнай аламын. Қазір ол 17 жаста, сондықтан шахматқа қызығушылығы сәл бәсеңдеу.

Жұмыстан үйге келген соң бәріміз бірге кешкі ас ішеміз. Ал астан кейін жарты сағаттай, кейде бір сағатқа дейін шахмат ойнап отырамыз. Балалар өзара кезектесіп ойнап, келесі партияда кімнің менімен ойнайтынын анықтайды. Бұл біз үшін ерекше әрі қызықты дәстүрге айналды.

Сонымен қатар шахматтың зейінді дамытудағы мүмкіндігі өте зор екеніне көзім жетті. Ол балаларды ұзақ уақыт бойы назарын бір іске шоғырландыруға үйретеді, өз жүрісінен кейін қарсыласының қандай қадам жасайтынын алдын ала болжауға және оқиғаның қалай өрбуі мүмкін екенін түсінуге баулиды. Меніңше, бұл бәріміз үшін өте пайдалы жаттығу.

Иә, шахмат адамның бойына төзімділік пен басқа да көптеген маңызды қасиеттерді сіңіреді.

Дәл солай. Қазіргі балаларға смартфонға телміріп, әлеуметтік желілерді үздіксіз парақтап отырған кезде назарын бір нәрсеге ұзақ уақыт шоғырландыру оңай емес. Ал шахмат оларға қызықты әрі ешқандай мәжбүрлеуді қажет етпейтін пайдалы іс ұсынады. Ең бастысы, балалар ондаған минут бойы тақтаға үңіліп отырып, алаңдамай, ешқандай ішкі қарсылық сезінбей-ақ ойынға беріле алады.

Шахмат жарыстарын өткізуге қалай келдіңіз? Балаларыңызбен шахмат ойнаудан Қазақстан шахмат федерациясының президенті қызметіне дейінгі жол өте ұзақ болған шығар?

Алғашында балаларым баратын шахмат клубына көмектесе бастадым. Меніңше, алғашқы қадамым дәл осы болды. Клуб қызметкерлерімен сөйлесіп, оларға қандай қолдау көрсете алатынымызды, тағы қандай бастамаларды жүзеге асыруға болатынын талқылайтынмын. Сондай-ақ көбірек баланы қамтуға қалай мүмкіндік жасауға болатыны және еліміздегі шахматты дамытудың ауқымдырақ көзқарасын қалай қалыптастыру керектігі жөнінде жиі пікір алмастық.

Мен бұл іске шынымен ден қойдым. Балаларыммен бірге сол жаттықтырушыдан тәлім ала бастадым, кейін ол мені де жаттықтырды. Осылайша шахматтың теориясы мен тәжірибесіне қатысты негізгі қағидаларды меңгердім. Әрине, өзімді кәсіби шахматшымын деп айта алмаймын, бірақ бұл сабақтар мен үшін ерекше әсерлі әрі өте құнды тәжірибе болды.

Шахмат пен бизнес арасындағы байланысты өзіңіз қозғаған соң сұрайын: сіздің ойыңызша, бұл екі саланың арасында қандай ұқсастық бар? Бір салада жинақталған білім мен дағдыларды екіншісіне қолдануға бола ма? Шахмат стратегиялық ойлауды дамытатындықтан, оның ойлау мәдениеті мен бизнес жүргізуге пайдасы зор деген пікір жиі айтылады. Сіз табысты кәсіпкерсіз әрі, байқауымша, шахматқа шын мәнінде қызығатын жансыз. Расында да, шахмат адамға өмірде және бизнесте қажет болатын қандай да бір маңызды қасиеттерді үйрете ала ма? Егер солай болса, ең алдымен нені атар едіңіз?

Меніңше, шахматтың ең үлкен пайдасы өзіңнің қалай ойлайтыныңды тереңірек түсінуге мүмкіндік беруінде. Қай кезде дұрыс шешім қабылдайтынымды, ал қай кезде қателесуге бейім болатынымды осы ойын арқылы жақсырақ аңғардым. Ойын сапасының неге байланысты екенін түсіне бастадым.

Мысалы, күнім сәтті басталып, жұмыста қатты қысым мен күйзеліс болмаса, әдетте жақсы ойнаймын. Ал мазасызданып жүрсем немесе ұйқым қанбаса, қабылдайтын шешімдерімнің сапасы бірден төмендейді. Бұл мен үшін маңызды сабақ болды. Бұрын бизнесте қандай жағдайда болсам да, шешімдерді бірдей деңгейде қабылдаймын деп ойлайтынмын. Бірақ шын мәнінде олай емес екен. Шаршаған кезде, ұйқым қанбағанда немесе күйзелісте жүргенде қателіктерді әлдеқайда көп жіберетінімді байқадым. Ал өзімді сергек әрі байсалды сезінген кезде анағұрлым дұрыс әрі тиімді шешімдер қабылдаймын.

Бизнесте қолдануға болатын тағы қандай дағдыларды шахматтан үйрендіңіз? Мысалы, бірнеше жүрісті алдын ала есептеу немесе стратегия құру сияқты. Шешім қабылдауда мұның қаншалықты маңызды екенін анық түсінген сәтіңіз есіңізде ме?

Бірнеше жүрісті алдын ала ойлау қабілеті бұдан да айқын мысал деп ойлаймын. Егер мен осылай әрекет етсем, серіктесім қалай жауап береді? Ал оның жауабынан кейін менің келесі қадамым қандай болуы керек?

Әртүрлі сценарийлерді алдын ала саралап, олардың қайсысы сені тиімдірек жағдайға жеткізетінін түсіну маңызды. Сонымен қатар елеулі тәуекелдерді де ескерген жөн: егер қарсы тарап сен күткендей емес, мүлде басқаша әрекет етсе, оның салдарымен күресе аласың ба? Ең үлкен өкініштің бірі көбіне өз қадамыңнан кейін қарсыласыңның анық әрі болжамды әрекет жасауы, ал сен соған қарамастан оған дайын болмай шығуыңнан туындайды.

Өміріңізде маңызды іскерлік немесе жеке шешім қабылдар алдында өзіңізге саналы түрде: «Сабыр сақта», деп айтқан сәттер болды ма?

Еңбек жолымның басында мені шешімдерді блицтегі сияқты бірден қабылдауға үйретті. Ұзақ уақыт бойы ойлануға кеткен уақыттың шешім сапасына айтарлықтай әсері жоқ деп ойлап келдім. Бірақ кейін, соның ішінде шахматтың арқасында, күйзеліс жағдайында әлдеқайда нашар шешімдер қабылдайтынымды түсіндім.

Сондықтан дайындықтың маңызы зор. Ол тек жақсырақ шешім қабылдауға көмектескені үшін ғана емес, сонымен бірге күйзеліс деңгейін төмендететіні үшін де маңызды. Дайын болған сайын өзіңді сенімдірек әрі сабырлырақ сезінесің. Ал бұл, түптеп келгенде, дұрыс шешім қабылдауға ықпал етеді.

Шахмат туралы ой-толғамдарыңыздан бөлек, балаларыңыз қатысқан клубқа қолдау көрсете бастағаннан кейін шахматтағы ұйымдастырушылық жолыңыз қалай өрбіді?

Біраз уақыттан кейін серіктестерім менің шахматқа ерекше қызығатынымды байқап, осы саладағы түрлі бастамалар туралы жиі айта бастады. Бірде Қазақстан шахмат федерациясының сол кездегі президенті Астанада әйелдер арасындағы Гран-при турнирінің кезеңін өткізу жоспары бар екенін айтып, маған оның демеушісі болуды ұсынды.

Шахматқа деген ықыласымның арқасында бұл ұсынысты қуана қабылдадым. Сол жерде FIDE өкілдерімен танысып, бұған дейін тек YouTube-тегі сабақтарынан көріп жүрген шахматшылармен жүзбе-жүз кездесудің сәті түсті.

Олардың бірқатары турнирге қатысып жатты. Мысалы, Александра Костенюкті көрдім. Оған дейін шахмат негіздері туралы оның көптеген бейнесабағын қарап шыққан едім. Сондықтан ол кездесу мен үшін ерекше әсер қалдырды. Тіпті іштей: «Сізді осы уақытқа дейін тек экраннан көріп келіп едім, ал қазір бетпе-бет тұрмын. Нағыз аңыз екенсіз ғой», деп ойлағаным есімде.

Жұрт арасында «Өзің үлгі тұтатын адамдармен кездесуге асықпа» деген сөз бар. Өйткені жазушыны, актерді немесе шахматшыны сырттай бақылап жүріп-ақ оған тәнті болуға болады. Ал бетпе-бет жүздескенде, кейде ол адам туралы әсерің өзгеріп кетуі мүмкін.

Шынын айтсам, мұндай кездесулерден бірде-бір рет көңілім қалған емес. Бәлкім, мен оларды ешқашан шектен тыс дәріптеп, мінсіз тұлға ретінде қабылдамаған шығармын. Оның үстіне, бұл адамдармен мен олар туралы орынсыз қиялға берілмейтін, өмірге байыппен қарайтын шақта таныстым. Сондықтан әділін айтсам, олардың ешқайсысы мені таң қалдырған жоқ. Керісінше, көпшілігі туралы қалыптасқан жақсы пікірім сол күйінде сақталды.

Өзіңіз ерекше құрмет тұтатын шахматшы немесе шахматшы бар ма?

Меніңше, ол Виши шығар. Виши (Вишванатан Ананд, Тимур Турловтың FIDE-дегі вице-президенттікке кандидат серіктесі – ред.) керемет тұлға. Онымен бірге сайлауға қатысып жүргенімді үлкен мақтаныш санаймын. Ол бес дүркін әлем чемпионы, әлемге кеңінен танылған адам. Соған қарамастан, меніңше, ол қарапайымдылығын жоғалтпаған, өмірден алшақтамаған, өте шынайы жан болып қала алған.

Әңгімеміздің соңында тағы бір сұрақ қойғым келеді. Шахматтағы жолыңызға, егер оны осылай атауға болса, немесе шахматпен біте қайнасқан өміріңізге көз жүгіртсеңіз, сіз үшін айрықша мәнге ие бір сәт болды ма?

Мен еліміздің президентінің жас чемпиондарды қабылдап жатқанын көрген сәтті ерекше мақтанышпен еске аламын. Сол кезде осы дарынды балалардың жетістіктеріне де, олардың еңбегіне көрсетілген құрметке де тәнті болдым. Іштей: бәлкім, біздің қолдауымыздың арқасында олар өз әлеуетін толық аша алды, сөйтіп елге талай мәрте мақтаныш сыйлады ғой деп ойладым.

Олар өз жас санаттарында әлем чемпионаттарында топ жарып, дүниежүзіндегі үздіктердің қатарына қосыла алатын ерекше талант иелері. Мұндай нәтижелерге федерация мен бүкіл командамыздың бірлескен әрі жүйелі еңбегінің арқасында қол жеткізіп келеміз. Әрине, мұның негізінде олардың табиғи дарыны, ата-аналары мен жаттықтырушыларының өлшеусіз еңбегі жатыр. Бірақ біз дәл осыған, яғни талантты балалардың әлеуетін ашуға шын жүректен сенеміз.

Қазақстан — технологиялық дамуға сенетін, білім мен интеллектіні жоғары бағалайтын жас мемлекет. Сонымен қатар елімізде шахматтың бай дәстүрі қалыптасқан және бұл ойынға деген шынайы сүйіспеншілік бар. Шахматты дамыту жөніндегі жоспарды жүзеге асыра бастаған кезде оның алғашқы нәтижелері көріне бастады, сонымен бірге алдымызға жаңа міндеттер де қойылды. Біз атқарып жатқан іске және оның елдің халықаралық келбетін қалыптастыруға, халқымыз туралы оң көзқарасты нығайтуға қосып жатқан үлесіне зор мақтанышпен қараймын.

Басқа жаңалықтар