Тимур Турлов жолбарыстарды Қазақстанға қайтару жобасын ондаған жылдарға созылатын бастама деп атады

Амур есімді амур жолбарысының аталығы Қазақстандағы «Іле-Балқаш» резерватының бейімдеу вольерінен шығып, жабайы табиғатқа жіберілді. Оның Ресейден қоныс аударылуы Тимур Турловтың холдингі қолдау көрсетіп отырған бағдарламаның бір бөлігі болды. Freedom негізін қалаушы бұл бастаманың басты мақсаты жекелеген жануарларды ғана емес, тұтас экожүйені қалпына келтіру екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл ондаған жылдарға есептелген ұзақ мерзімді жұмыс.
Қазақстанда популяцияны қалпына келтіру бағдарламасы аясында Ресейден әкелінген екінші амур жолбарысы жабайы табиғатқа. Амур есімді аталық жолбарыс 31 қазанда «Іле-Балқаш» резерватының бейімдеу вольерінен шығарылды. Жобаға Тимур Турловтың Freedom Holding Corp. холдингі қолдау көрсетуде: компания вольерлер инфрақұрылымын дамытуға, оларды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге және мамандарды оқытуға 100 млн теңгеден астам қаржы бөлді. Кәсіпкер бұл бағдарламаны табиғи экожүйені қалпына келтірудің және қоғамды ұзақ мерзімді ортақ мақсат төңірегіне біріктірудің маңызды мүмкіндігі ретінде бағалайды.
Ресейден – тарихи мекендей ортасына
2026 жылдың мамыр айында төрт амур жолбарысы Ресейдің Хабаровск өлкесінен Алматы облысына жеткізілді. Алғаш болып шілде айында Үміт атты ұрғашы жолбарыс жабайы табиғатқа жіберілді. Қазір ол өз бетінше аң аулап, жеке аумағын игеріп үлгерді. Ал екі жас жолбарыс бейімдеу вольерлерінде табиғи ортаға үйрену кезеңінен өтуді жалғастыруда.
Тарихта Қазақстан аумағында Тұран немесе Каспий жолбарысы мекендеген. Алайда ол ХХ ғасырда жойылып кетті. Популяцияны қалпына келтіру үшін ғалымдар оған генетикалық тұрғыдан ең жақын саналатын амур жолбарыстарын пайдаланып отыр. Жануарларды жабайы табиғатта өз бетінше өмір сүруге бейімдеу ісіне Ресейдің «Амур жолбарысы» орталығы қазақстандық мамандармен бірлесіп атсалысуда.
Он жылдан кейінгі нәтижесі
Freedom негізін қалаушы үшін жолбарыстарды тарихи мекендеу ортасына қайтару ұзақ жылдар бойы нәтижесін беретін жобаның жарқын үлгісі саналады. Жабайы табиғатқа жіберу бағдарламаның бір ғана кезеңі. Бұдан бөлек, жануарларға жеткілікті жемтік қорын қалыптастыру, олардың мекендеу ортасын сақтау және болашақта ұрпақ өрбітуіне қолайлы жағдай жасау қажет.
«Бұл ауқымды әрі ұзақ мерзімге арналған жоба. Ол шамамен 35 жылға есептелген, өйткені біз тұтас экожүйені қалпына келтіру туралы айтып отырмыз. Басты мақсатымыз – жолбарыстар популяциясының тұрақты дамуына және уақыт өте келе өздігінен көбейе алуына мүмкіндік беретін жағдай қалыптастыру», – деп түсіндірді Турлов.
Оның айтуынша, дәл осы жобаның ауқымы оны бағдарламаға қосылуға ынталандырған себептердің бірі болған. Кәсіпкер жолбарыстарды тарихи мекендеу ортасына қайтаруды ел тұрғындары мақтан тұта алатын ерекше әрі маңызды бастама деп сипаттайды. Алайда көпшілік назарын аударатын жыртқышты табиғатқа жіберу сынды оқиғаның артында мамандар мен серіктестердің жүйелі әрі ұзақ жылдарға созылатын еңбегі жатыр.
Freedom холдингі бағдарламаға 2024 жылдың қарашасында осы бастамаға қосылған «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры арқылы қатысып келеді. Холдинг қазақстандық мамандардың Ресейде тағылымдамадан өтуін, бейімдеу вольерлерін қосымша жабдықтауды және жолбарыстарды тасымалдауды қаржыландырды.
Турловтың айтуынша, бұл инвестициялар бағдарламаның келесі кезеңдері үшін де берік негіз қалыптастырады: салынған инфрақұрылым жаңа жолбарыстарды қабылдау кезінде де пайдаланылса, жинақталған тәжірибе мен білім мамандар командасының құзыретінде сақталады. Сонымен қатар, Экология министрлігімен серіктестік аясында табиғатты қорғау жобаларын іске асыру барысында туындауы мүмкін күтпеген шығындарды жабуға қолдау көрсету де қарастырылған.
Клиенттер экожүйе жобасына қалай қатыса алады
Турловтың алға қойған тағы бір міндеті – жолбарыстарды тарихи мекендеу ортасына қайтару бастамасын қазақстандықтардың өздері қатыса алатын жобаға айналдыру. Осы мақсатта Freedom 2027 жылдың басында бағдарламаны қолдауға арналған арнайы банк картасын шығаруды жоспарлап отыр.
Кәсіпкердің айтуынша, бұл карта арқылы жасалған әрбір сатып алу үшін банк өз қаражаты есебінен транзакция сомасының 10%-ын жолбарыстарды қолдау қорына аударады. Осылайша, карта иесі кешбэктен бас тартып, табиғатты қорғау бастамасына үлес қоса алады. Freedom мұндай тетікті бұған дейін де қолданған: Araldy Saqta экологиялық картасы арқылы төлем жасаған клиенттер Арал теңізі экожүйесін қалпына келтіру жобаларын қаржыландыруға көмектесіп келеді.
Кәсіпкердің пікірінше, мұндай бастаманың басты мәні – жылдар өткен соң көрінетін ортақ нәтижеге қол жеткізу. Ол бизнестің қолдауын, мамандардың еңбегін және клиенттердің күнделікті қатысуын табиғатты қалпына келтіру жолындағы ортақ мақсатқа жұмылдыруға болатынына сенімді.
«Көп жылдардан кейін өткенге көз жүгіртіп, еліміз үшін шын мәнінде ауқымды іс атқарғанымызды және Қазақстанда амур жолбарыстарының қайтадан мекендей бастағанын бірге мақтанышпен айта алсақ, мен үшін одан асқан қуаныш болмас еді», – деп атап өтті кәсіпкер.