FIDE президенттігіне ресми кандидат атанған Тимур Турлов: оның сайлауалды бағдарламасында не бар?

Қазақстан шахмат федерациясының президенті және Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушы Тимур Турлов Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті лауазымына өз кандидатурасын ұсынды. Онымен бірге 26–27 қыркүйекте Самарқандта өтетін сайлауда ықтимал вице-президент ретінде Вишванатан Ананд та қатысады. Ол 2022 жылдан бері FIDE президентінің орынбасары қызметін атқарып келеді. Ананд қазіргі заманның ең танымал шахматшыларының бірі, әлемнің бұрынғы чемпионы және рапид пен блиц бойынша әлем чемпионаттарының бес дүркін жеңімпазы.

FIDE басшылығы үшін бәсекеге түсетін өзге кандидаттар қатарында Германия өкілдері Вадим Розенштайн мен Ян-Хенрик Бюттнер де бар.

Турлов Қазақстан тәжірибесін халықаралық деңгейге шығаруды көздеп отыр

Тимур Турлов Қазақстан шахмат федерациясы соңғы 3,5 жылда жинақтаған тәжірибені әлемдік деңгейде қолдануды мақсат етеді.

«Соңғы бірнеше жылда шахмат мен үшін шынайы құмарлыққа және мен көп күш, уақыт пен қаражат жұмсаған жеке жобаға айналды. Қазақстан шахмат федерациясындағы жұмысым мен үшін өте маңызды іс. Кейде мен оған бизнесіммен бірдей деңгейде көңіл бөлемін әрі сол іспен өмір сүремін», – деді Тимур Турлов.

Оның айтуынша, Қазақстандағы жұмыс тәжірибесі елдегі шахматты дамыту моделін халықаралық деңгейде де тиімді қолдануға болатынын көрсетті. Президент болып сайланған жағдайда, Турлов FIDE жұмысының тұрақтылығы мен ашықтығын арттыруға, федерацияның цифрлық инфрақұрылымын дамытуға және ұлттық шахмат ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға басымдық бермек.

«Менің міндетім – FIDE қызметіне көбірек тұрақтылық, тепе-теңдік пен өзара түсіністік енгізу, сондай-ақ федерацияны цифрландыру деңгейін жаңа сатыға көтеру», – деп атап өтті кәсіпкер.

Цифрландыру, мектеп шахматы және тұрақты қаржыландыру

Оның бағдарламасындағы негізгі бағыттардың қатарында жасанды интеллектіні енгізу және ойыншыларды, ұлттық федерацияларды, деректер базаларын әрі білім беру контентін біріктіретін бірыңғай цифрлық экожүйе құру бар.

Мектеп шахматын дамыту да басты басымдықтардың бірі болып саналады. Қазақстандағы тәжірибе бүгінде 1,5 мыңнан астам мектепте шахматты оқытуды қамтиды. Турловтың пікірінше, мұндай бағдарламалар шахмат аудиториясын кеңейтудің және жаңа буын ойыншыларын қалыптастырудың ең тиімді құралдарының бірі бола алады.

Тағы бір бағыт – ұлттық федерацияларға серіктестік жобалар, демеушілік бағдарламалар және активтерді кәсіби басқару арқылы тұрақты қаржыландыру көздерін қалыптастыруға көмектесу.

«Бүгінде әлемдік шахматтың дамуында келесі деңгейге көтерілуге бірегей мүмкіндік бар деп шын жүректен сенемін. Менің жеке тәжірибем де, командамның жаһандық қаржылық және технологиялық экожүйе құрудағы тәжірибесі де осы мүмкіндікті барынша тиімді іске асыруға сөзсіз көмектеседі», – деді Турлов.

Freedom тарапынан шахматты қолдау

Тимур Турлов 2023 жылдың қаңтарында Қазақстан шахмат федерациясының президенті болды, ал 2024 жылдан бастап Халықаралық мектеп шахматы федерациясын да басқарды. Соңғы жылдары Freedom Holding Corp. пен Тимур Турловтың шахматты қолдау және дамытуға бағыттаған инвестицияларының жалпы көлемі шамамен 75 млн АҚШ долларын құрады. Бұл қаражат халықаралық турнирлер өткізуге, балалар мен мектеп шахматын дамытуға, жас ойыншыларды даярлауға және цифрлық инфрақұрылымды жетілдіруге жұмсалды.

Сәуір айында Freedom Holding Corp. әлемдегі ең ірі шахмат бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеушілерінің бірі және ауқымды партиялар деректер қорының иесі ChessBase компаниясын сатып алғанын жариялады. Платформаны дамытуға жоспарланған инвестиция көлемі шамамен 5 млн еуроны құрайды. Компания ChessBase жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізіп, шахматшыларға арналған білім беру сервистерін дамытуды көздеп отыр.

2026 жылы Freedom Holding Corp. пен FIDE балалар және мектеп шахматын дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Компания сондай-ақ халықаралық мектептік жарыстардың серіктесі болып табылады, оның ішінде Кейптаунда өткен World Schools Team Chess Championship турнирінің кезеңі бар. Шілде айында бұл жарысқа Африканың оннан астам елінен келген мектеп командалары қатысты.

Төрт континент – бір чемпионат

Көктемде Алматыда WSTC (World Schools Team Chess Championship) турнирінің Азия кезеңі өткізді. Жарысқа Азияның 19 елінен келген 26 мектеп командасы қатысты. Турнирдің басты ерекшелігі – оған тек жалпы білім беретін мектептердің командалары қатысып, олардың құрамына 8 бен 14 жас аралығындағы жас шахматшылар енді.

Қазақстан атынан өз алаңындағы турнирде Астанадағы SEED Uniker School, Алматыдағы №92 мамандандырылған лицей және Республикалық физика-математика мектебінің командалары өнер көрсетті. SEED Uniker School құрлықтағы ең үздік төрт команданың қатарына енді, ал Азия кезеңінің жеңімпазы Өзбекстан құрамасы болды.

Азия кезеңінен кейін тарихта алғаш рет Африка құрлықтық турнирі ұйымдастырылды. Келесі кезең Америка құрлығында өтеді: жарыс 11–16 тамыз аралығында Коста-Риканың Сан-Хосе қаласында ұйымдастырылады.

Одан кейін 28 қыркүйек пен 3 қазан аралығында Еуропаның ең мықты мектеп командалары Арменияның Цахкадзор қаласында бас қосады.

Төрт құрлықтық турнирдің жеңімпаздары 2026 жылдың желтоқсанына жоспарланған WSTC Гранд-финалында кездеседі.

Басқа жаңалықтар