Freedom Holding Corp. түсімін 40%-ға арттырды: жаңа қаржы жылында холдингтің қозғаушы күші не болды?

Freedom Holding Corp. 2027 фискалдық жылының бірінші тоқсанындағы қаржылық есептілігін жариялады. Осы кезеңде топ бизнестің бірнеше бағыты бойынша бірден өсім көрсетіп, түсімін өткен жылмен салыстырғанда 40%-ға арттырды және банктік пен брокерлік сегменттің, сондай-ақ қаржылық емес сервистердің клиенттер санын өсірді.

Холдингтің 2027 қаржы жылының бірінші тоқсанындағы нәтижелері

Freedom Holding Corp. 2027 фискалдық жылының бірінші тоқсанын (2026 жылдың 1 сәуірі мен 30 маусымы аралығы) негізгі көрсеткіштердің айтарлықтай өсімімен аяқтады. Сонымен бірге, холдинг клиенттік базаны кеңейтуді, қаржылық бизнесті нығайтуды және өзінің экожүйесін Қазақстаннан тыс жерлерде масштабтау үшін негіз қалауды жалғастыруда.

2027 қаржы жылының бірінші тоқсанында Freedom Holding Corp. компаниясының жалпы түсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ға — $524 млн-нан $732,5 млн-ға дейін өсті. Бір акцияға шаққандағы базалық пайда $0,52 құрады. Холдингтің таза пайдасы $31,7 млн-ды құрады. Холдингтің жиынтық активтері тоқсан ішінде 7%-ға өсіп, $14,05 млрд-қа жетті.
Кірістің өсуіне негізгі үлесті пайыздық және комиссиялық түсімдер қосты: пайыздық кіріс 49%-ға өсіп, $295,1 млн-ға жетті, ал комиссиялық алымдардан түскен кіріс 46%-ға артып, $156,7 млн-ды құрады. Бағалы қағаздар саудасынан түскен таза пайда $79,8 млн-ға жетті — бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 75%-ға артты. Компания тағы $9,9 млн-ды туынды қаржы құралдарымен жасалған операциялардан, негізінен валюталық своптарды оң қайта бағалаудың арқасында алды.

Көбірек клиенттер

Тоқсанның соңында брокерлік шоттардың саны 874 мыңға жетті. Қазіргі уақытта банктік қызметтерді 5,4 млн клиент пайдаланады – бұл өткен тоқсанмен салыстырғанда 8%-ға артық. Сақтандыру сегменті 1 млн клиентке жақындап қалды.

Экожүйенің қаржылық емес бағыттары: телеком, бұлтты бизнес, ЖИ, lifestyle-сегмент ерекше жылдам дамыды. Олардың клиенттік базасы 36%-ға өсіп, 1,5 млн адамға жетті. Freedom Holding Corp. негізін қалаушы және бас директоры Тимур Турлов қаржы жылының басталуын сәтті деп атады.

«Біз түсімді айтарлықтай арттырдық және әр тоқсан сайынғы пайда бойынша жоғары деңгейді тұрақты түрде ұстап тұрмыз. Бұл бізге Freedom экожүйесін дамытуға белсенді инвестиция салуға ғана емес, сонымен қатар оны жаңа нарықтарда өрістетуге мүмкіндік береді», – деді Турлов.

І тоқсанның басты оқиғалары

Шілде айының басында Freedom Holding Corp. Түркияның Банктік реттеу және қадағалау агенттігінен (BRSA) және елдің Монополияға қарсы басқармасынан Turkish Bank A.Ş. акционерлік капиталының 99,32%-ын сатып алуға мақұлдау алды. Бір айдан кейін компания мәмілені сәтті жауып, банк жаңа Freedom Bank A.Ş. атауына ие болды.

Корпорацияның СЕО-сы Тимур Турлов бұны бүкіл холдинг үшін маңызды оқиға деп атады.

«Жақын жылдардағы міндет – банктің капиталы мен технологиялық мүмкіндіктерін нығайту, оның айналасында Freedom экожүйесі жылдам дами алуы үшін жағдай жасау. Түрік нарығын жақсы зерттей келе, мен қазір біздің бизнесіміздің бұл ел үшін пайдалы әрі өзекті болатынына сенімдімін», – деп атап өтті Тимур Турлов.

Freedom Holding Corp. экожүйесі жай ғана жаңа актив сатып алып қойған жоқ, компания қазақстандық экожүйе моделін жаңа ірі нарыққа көшіру үшін іргетас қалауды көздеп отыр. Түркияда холдинг банктік қызметтерді брокерлік, инвестициялық және сақтандыру өнімдерімен біріктіруді жоспарлауда. Болашақта компания платформаны қаржылық емес сервистермен толықтырады.

Маусым айында холдинг Францияда банктік лицензия алуға өтінім берді. Компания француз нарығында цифрлық экожүйені дамытуға шамамен €500 млн инвестиция салу жоспарын мәлімдеді.

Есепті тоқсанда компания ChessBase-ті сатып алғанын жариялады. Бұл – шахмат бағдарламалары, аналитика мен деректер саласындағы әлемдік ең ірі сервистердің бірі. Freedom Holding Corp. жобаны дамытуға шамамен €5 млн инвестициялауды, соның ішінде қаражатты ЖИ көмегімен платформаны жетілдіруге жұмсауды жоспарлап отыр. Бұл сервистің аналитикасын және шахмат дерекқорларын жақсартуға мүмкіндік береді.

Осы тоқсанда S&P Global Ratings Freedom-ның бірқатар негізгі еншілес компанияларының рейтингін тұрақты болжаммен BB- деңгейіне дейін көтерді. Аналитиктер тәуекелдерді басқарудың және комплаенстің бірыңғай жүйесін дамытудағы үш жылдық прогресті атап өтті. S&P алдағы 12–24 айда Freedom Holding Corp. капиталдандыруы мықты күйде қалады деп күтеді.

Басқа жаңалықтар