S&P Global Ratings Freedom еншілес компанияларының рейтингін көтерді

S&P Global Ratings халықаралық агенттігі Freedom экожүйесіне кіретін еншілес компаниялардың рейтингтерін көтерді. Ал холдингтің жалпы рейтингі «BB-» деңгейінде, «тұрақты» болжаммен расталды. Жоғары бағалар холдинг ішіндегі тәуекелдерді басқару және комплаенс жүйелерінің жетілдірілуімен байланысты.

S&P Global Ratings «Фридом Финанс» АҚ, Freedom Finance Europe Ltd., Freedom Finance Global PLC және «Фридом Банк Қазақстан» АҚ-ның ұзақ мерзімді кредиттік рейтингтерін «B+»-дан «BB-»-ға дейін көтерді. Ал Freedom Holding Corp. экожүйесінің ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі «BB-» деңгейінде расталды. Осы компаниялардың барлығының қысқа мерзімді рейтингтері бұрынғыдай «B» деңгейінде сақталды.

Сондай-ақ агенттік Freedom-ның банк бағыты бойынша Қазақстандық ұлттық шәкілдегі рейтингін kzBBB+ деңгейінен kzA- деңгейіне дейін көтерді.

S&P Global Ratings сарапшыларының атап өтуінше, холдинг соңғы үш жыл ішінде тәуекелдерді басқару және комплаенс жүйелерін жетілдіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізген. Дәл осы факторлар рейтингтердің жоғарылауына негіз болды.

«Біздің пікірімізше, тәуекелдерді басқару мен комплаенстің бірыңғай жүйесі топқа санкциялық талаптарды сақтау, киберқауіпсіздік, беделдік, реттеушілік және криптовалюталық тәуекелдер сияқты бағыттарды қоса алғанда, бүкіл топ деңгейіндегі тәуекелдерді мұқият бақылауға және тиімді басқаруға мүмкіндік береді», – делінген агенттік хабарламасында.

«Тұрақты» болжамдар рейтингілік агенттіктің Freedom компаниясында бизнестің одан әрі өсуі барысында тәуекелдерді тиімді анықтау, бақылау және басқару үшін қажетті мүмкіндіктердің бар екені жөніндегі пікірін көрсетеді.

«Біз Freedom тобы капиталдандыруға елеулі қысым түсірмей, акционерлік капиталға қосымша қаржы құю есебінен өзінің қаржылық және қаржылық емес бөлімшелерін дамытуды жалғастырады деп есептейміз», – деп атап көрсетілген S&P Global Ratings сайтында.

Freedom компаниясының бірыңғай комплаенс жүйесі топ қызмет ететін 22 елдің барлығында санкциялық талаптар мен ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл қағидаларының сақталуын бақылауға, сондай-ақ 40-тан астам реттеуші органмен өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді.

«Біз телекоммуникация және лайфстайл-бизнес бағыттарына инвестициялардың жалғасуына қарамастан, алдағы 1–2 жылда топ капиталдандыруының жоғары деңгейін сақтап қалады деп күтеміз. Сонымен қатар, Freedom тобының табыстылық көрсеткіштерін әлі де күшті деп бағалаймыз: негізгі қызметтен алынған орташа үш жылдық пайданың (2024 жылғы наурыздан 2026 жылғы наурызға дейін) тәуекелді ескере отырып өлшенген активтерге қатынасы шамамен 2,2%-ды құрайды. Бұл халықаралық деңгейде әлі де жоғары көрсеткіш болып саналады», – деп хабарлады S&P Global Ratings агенттігі.

Агенттік сондай-ақ Freedom-ды Қазақстандағы жетекші цифрлық финтех-экожүйелердің бірі деп атады. Қазіргі уақытта Freedom Holding Corp. құрамындағы компаниялардың клиенттерінің жалпы саны 8 миллионнан асады, ал серіктес компанияларды қоса есептегенде Freedom экожүйесінің клиенттік базасы 14 миллион адамға жетеді.

Freedom бизнесі қалай дамуда

Қаржы жылының қорытындысы бойынша Freedom Holding Corp.-тың таза пайдасы екі еседен астам өсіп, 101%-ға артып, бір жыл бұрынғы $76,2 млн-мен салыстырғанда $153,3 млн-ға жетті. Компанияның жалпы түсімі $2,19 млрд болды. Компания 2019 жылы NASDAQ биржасына (тикері: FRHC) шыққан сәттен бері бұл көрсеткіш 26 еседен астам өсті.

Холдингтің жиынтық активтері $13,16 млрд-қа жетіп, өткен жылғы көрсеткіштен ($9,92 млрд) 33%-ға жоғары болды. Өсімге меншікті инвестициялық портфельдің кеңеюі және брокерлік шоттардағы клиент қаражаты көлемінің артуы ықпал етті. Қаржы жылының қорытындысы бойынша бір акцияға шаққандағы базалық пайда $2,56 болды.

Компания барлық негізгі бағыттар бойынша клиенттік базасын белсенді түрде ұлғайтуды жалғастырды. Брокерлік бизнес клиенттерінің саны 26%-ға өсіп, 858 мың адамға жетті. Банк секторында клиенттер саны екі есеге артып, 5,03 миллионды құрады, ал сақтандыру сегментінде 1,1 миллион адамға дейін өсті. Бизнестің басқа бағыттарында клиенттік база өткен жылмен салыстырғанда 83%-ға ұлғайды.

Холдинг географиялық ауқымын кеңейтуді жалғастырып, биыл Францияда банк лицензиясын алу үшін өтінім берді. Бұған дейін Тимур Турлов осы елде цифрлық банк құруға және цифрлық инфрақұрылымды дамытуға €500 млн-ға дейін инвестиция салу жоспарлары туралы хабарлаған болатын. Холдинг Францияны Еуропадағы одан әрі өсу үшін негізгі нарықтардың бірі ретінде қарастырады. Банк лицензиясын алу Freedom экожүйесін бүкіл Еуропалық одақ аумағында ауқымды түрде дамытуға негіз болуы тиіс.

Қазіргі уақытта Freedom Holding Corp. Еуропадағы қызметін Freedom24 инвестициялық платформасы және Кипр реттеушісінің лицензиясымен жұмыс істейтін Freedom Europe брокерлік компаниясы арқылы дамытуда. Холдингтің сервистері Еуропалық одақтың барлық аумағындағы клиенттерге қолжетімді. 2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша еуропалық бизнестің белсенді клиенттері саны 450 мыңнан асты, ал клиенттік активтердің көлемі $11 млрд-қа жетті. Сондай-ақ холдингтің Еуропаның тоғыз елінде кеңселер желісі бар және өңірдегі қатысу аясын кеңейтуді жалғастырып келеді.

Бұдан бөлек, 2025 жылы Freedom Freedom Yatırım брокерлік компаниясын іске қосуға лицензия алып, кейіннен Turkish Bank A.Ş. акцияларының 99,32%-ын сатып алу туралы келісімге қол қойды. Мәміле аяқталғаннан кейін холдинг шамамен 90 миллион халқы бар нарықта өзінің жеке банктік платформасына ие болады.

Тимур Турловтың айтуынша, Түркиядағы банктік және брокерлік бизнесті дамытуға бағытталатын инвестиция көлемі шамамен $300 млн болуы мүмкін. Компанияның мақсаты – Қазақстанда өз тиімділігін дәлелдеген модель бойынша Түркияда цифрлық қаржы экожүйесін құру.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 6 миллионнан астам пайдаланушысы бар Freedom SuperApp қосымшасын шетелдік нарықтарға, атап айтқанда Түркияға, ал кейінірек Еуропа елдеріне шығару жоспарланып отыр.

Басқа жаңалықтар