Тәуелсіз тексеру Freedom Holding-ке қатысты Hindenburg айыптауларын растаған жоқ

2023 жылдың тамызында акцияларына қарсы «аюлы» шабуылға тап болған Freedom Holding Corp. компаниясы Forensic Risk Alliance және Morgan Lewis & Bockius LLP жүргізген тәуелсіз тексеруден өтті. Тексеру қорытындылары Hindenburg Research шорт-сатушысы ұсынған айыптаулардың негізсіз екенін көрсетті.

2023 жылдың тамызында АҚШ нарығындағы танымал шорт-сатушы Hindenburg Research Freedom Holding Corp.-ты бағалы қағаздар нарығында манипуляция жасауға, санкцияларды айналып өтуге, сондай-ақ қаржылық есептіліктегі деректерді бұрмалау арқылы агрессивті өсімге қол жеткізді деп айыптаған болатын.

Алайда бұл айыптаулар расталмады. Тәуелсіз заңгерлік және сараптамалық ұйымдар – Forensic Risk Alliance және Morgan Lewis & Bockius LLP – Freedom Holding-тің соңғы жылдардағы өсуі негізінен табиғи факторлармен байланысты деген қорытындыға келді. Олардың қатарында клиенттік базаның кеңеюі, сауда көлемдерінің өсуі, стратегиялық сатып алулар, сондай-ақ АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясына (SEC) ұсынылған және аудиттен өткен қаржылық есептілікте көрсетілген бағалы қағаздармен операциялардан түскен кірістер бар.

Сарапшылардың пікірінше, компанияның қаржылық нәтижелері мен бизнесінің кеңеюі нақты операциялық көрсеткіштерге негізделген және жария есептілікпен расталған. Тексеру барысында Hindenburg Research ұсынған негізгі айыптауларды растайтын дәлелдер анықталмаған.

Тергеу барысында санкциялық шектеулерді айналып өту, санкция салынған тұлғалармен ынтымақтастық жасау немесе холдингтің акциялары мен Қазақстанның тұрақты даму қорының облигацияларына қатысты манипуляциялар жүргізу фактілерін растайтын дәлелдер анықталған жоқ.

Сонымен қатар сарапшылар Freedom Finance Europe Ltd. компаниясының Кипрдегі еншілес құрылымы мен FST Belize арасындағы операцияларда бақылау және комплаенс рәсімдерінің тиісті деңгейде сақталғанын растады. Оның ішінде ақшаны жылыстатуға қарсы талаптардың орындалуы және санкциялық режимді сақтау мәселелері де қамтылған.

2024 қаржы жылына арналған Freedom Holding Corp. қаржылық есептілігінде компанияның аудиторы Deloitte жүргізген тексеру нәтижелері де жарияланған. Аудит қорытындысына сәйкес, холдинг санкциялық заңнаманың талаптарына сай жұмыс істейді, комплаенс рәсімдерін сақтайды, қаржылық есептілікті тұрақты түрде жариялап отырады және реттеуші органдардың сауалдарына уақтылы жауап береді. Freedom Holding Corp. АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясының (SEC) қадағалауында жұмыс істейді. Компанияның тексеруден өткен қаржылық есептері SEC сайтында жарияланған.

Hindenburg Research Freedom Holding Corp. акцияларына қарсы шабуылды 2023 жылғы 15 тамызда бастады. Қысқа позициялар арқылы табыс табуға маманданған бұл ұйым сол кезде Freedom компаниясына қатысты есеп жариялап, бірқатар резонансты айыптауларды алға тартқан еді. Алайда кейінгі тәуелсіз тексерулер барысында бұл айыптауларды растайтын дәлелдер табылған жоқ.

Шорт-сатушылардың мақсаты NASDAQ биржасында саудаланатын FRHC акцияларының бағасын төмендету болды. Алайда Freedom Holding Corp. акцияларына жасалған шабуылдың әсері мардымсыз болды: Hindenburg есебі жарияланғаннан кейін үш күн ішінде холдинг акцияларының бағасы шабуыл жасалған күнгі деңгеймен салыстырғанда 15%-ға өсті.Бағаның өсуіне «short squeeze» («шорт-сквиз») деп аталатын құбылыс ықпал етті. Яғни акция бағасы одан әрі төмендейді деп болжап, қысқа позициялар ашқан инвесторлар кейін оларды жабу үшін нарықтан акцияларды кері сатып алуға мәжбүр болды. Шорт-сатушылар тарапынан туындаған қосымша сұраныс акция бағасының жоғарылау үрдісін күшейтіп, котировкалардың одан әрі өсуіне алып келді. «Курсив» басылымы сілтеме жасаған сарапшылардың пікірінше, есеп жарияланғаннан кейін ашылған қысқа позициялардың көлемі шамамен $100 млн-ға жетуі мүмкін еді. Осылайша, акция бағасының өсуі шорт-позиция иелерін қағаздарды жаппай сатып алуға итермелеп, нарықтағы өсімді одан әрі жеделдеткен.

Бұған дейін шорт-сатушылар Adani Group, Singularity Future Technology, HF Foods және басқа да ірі компанияларға қарсы осындай шабуылдар жасаған. Бұл компаниялардың акциялары мұндай есептердің әсеріне анағұрлым сезімтал болды. Алайда Hindenburg Research Freedom Holding туралы есебін жариялаған кезде, нарық қатысушылары шорт-сатушылардың табыс табу схемасымен жақсы таныс еді. Сондықтан инвесторлар аталған есепке айтарлықтай мән берген жоқ.

Hindenburg Research шабуылынан кейін бірден Freedom Holding Corp. негізін қалаушы және бас атқарушы директоры Тимур Турлов кеңейтілген сұхбат беріп, шорт-сатушылардың айыптауларын теріске шығарды және есептегі барлық тармақтарға қатысты компанияның ұстанымын егжей-тегжейлі түсіндірді.

Басқа жаңалықтар