Жасанды интеллект министрлігі, Citi және Тимур Турлов Freedom AI Super Cluster жобасын іске қосады

Freedom Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен және америкалық Citi банкімен әлемдік деңгейдегі AI-кластер — Freedom AI Super Cluster құру жөніндегі үшжақты меморандумға қол қойды. Бұл жасанды интеллект негізіндегі жобалардың жұмыс істеуіне қажетті жоғары қуаттармен жабдықталған инфрақұрылымдық GPU-кластер.

Меморандумға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы аясында қол қойылды. Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры (CEO) Тимур Турлов мемлекеттің цифрлық экономиканы дамыту бағытындағы жүйелі жұмысын атап өтіп, жасанды интеллект саласындағы одан әрі ілгерілеу есептеу инфрақұрылымын ауқымды жаңғыртусыз мүмкін емес екенін айтты.

«Мемлекет технологиялық болашақты қалыптастыру бағытында өте жүйелі жұмыс жүргізіп келеді: жаңа Конституцияны қабылдаудан бастап инфрақұрылымдық жобаларды іске қосуға дейін. Шынын айтсақ, технологиялық күн тәртібі үкіметтер мен саяси ахуал өзгерген сайын ауысып отыратын әлемде мұндай жүйелілік сирек кездеседі және инвесторлар мұны жоғары бағалайды. Бұл оларға шешім қабылдауды да, сенім артуды да әлдеқайда жеңілдетеді», – деп жазды Тимур Турлов Instagram желісінде.

Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры кластер Қазақстан заңнамасы мен дербес деректерді қорғау талаптарына толық сәйкес жұмыс істейтінін атап өтті. Бұл банктер мен мемлекеттік органдарға инфрақұрылымды қауіпсіз пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Тимур Турлов шетелдік клиенттерді тартуға жол ашатын Data Embassy жобасын құру туралы мәлімдеді.

«Шын мәнінде, қазір жаңа технологиялық дәуір қалыптасып жатыр: бұрын бәрі стандартты CPU есептеулеріне негізделсе, енді жасанды интеллект міндеттеріне бейімделген GPU-кластерлер түріндегі мүлде жаңа инфрақұрылым қажет. Мұндай инфрақұрылым деректер орталықтарына, салқындату жүйелеріне және электрмен жабдықтауға мүлде басқа талаптар қояды. Дәл осы себепті біз Freedom AI Super Cluster жобасымен айналысып жатырмыз. Бірінші кезең 2027 жылдың бірінші тоқсанында іске асырылады және ол өңір ауқымымен салыстырғанда қазірдің өзінде айтарлықтай ірі кластер болмақ. Ал екінші және үшінші кезеңдер 2027–2028 жылдары жүзеге асырылады», – деді Тимур Турлов.

Холдинг басшысы Freedom AI Super Cluster жабдықталатын есептеу қуаттарын экспорттық шектеулер мен олардың жоғары құнына байланысты сатып алу қиын екенін атап өтті. Сонымен қатар, мұндай шешімдерге деген сұраныс тұрақты түрде артып келеді.

«Біздің міндетіміз – осы инфрақұрылымды қамтамасыз ету. Ол жасанды интеллект міндеттерін шешу үшін ауадай қажет: онсыз бизнестің де, мемлекеттің де әрі қарай дамуы мүмкін емес. Қажеттіліктің белгілі бір бөлігін біз өз күшімізбен қамтамасыз ете аламыз және қол қойылған меморандум бұл бағытта үлкен қолдау көрсетеді», – деп қорытындылады холдингтің бас атқарушы директоры.

Freedom Holding Corp. Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, NVIDIA инфрақұрылымы негізінде Егеменді жасанды интеллект орталығын құрып жатыр. Бұл жобаның құны шамамен 2 млрд АҚШ долларын құрайды.

Сонымен қатар, Freedom компаниясының өз деректерді өңдеу орталықтары мен ірі бұлтты платформасы — Freedom Cloud бар. Ол бизнес пен мемлекеттік ұйымдарға деректерді сақтау, өңдеу және цифрлық сервистерді іске қосу үшін қажетті инфрақұрылым ұсынады. 2025 жылы Freedom Cloud Amazon Web Services (AWS) компаниясымен серіктестік орнатқан Орталық Азиядағы алғашқы жергілікті бұлтты провайдер атанды. Бұл қазақстандық компанияларға AWS технологияларын жергілікті серіктес арқылы пайдалануға мүмкіндік беріп, гибридті бұлтты шешімдерді дамытуға жол ашады.

Тимур Турлов өткен жылы Астанада салынып жатқан Орталық Азиядағы ең ірі деректерді өңдеу орталығы әрі өңірдегі алғашқы Tier IV деңгейіндегі Akashi Data Center жобасына жеке қаражатын инвестициялады. Бұл орталық аса маңызды цифрлық инфрақұрылымды, бұлтты платформаларды, жасанды интеллект сервистерін және жоғары өнімді есептеу жүйелерін (HPC) орналастыруға арналған. Жоба өңірдің цифрлық экономикасын дамытуға және Қазақстанның технологиялық егемендігін қамтамасыз етуге негіз болатын инфрақұрылым ретінде құрылуда.

Басқа жаңалықтар