Freedom Holding Corp. деректер орталығының құрылысын бастады
Freedom Holding Corp. «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында («Алатау» АТП АЭА) Freedom Cloud деректер орталығының құрылысын бастады. Бұл туралы «Курсив» тілшісі хабарлады.
Жоба елдің технологиялық егемендігін нығайтуға және оның әлемдік жетекші IT-компаниялар үшін тартымдылығын арттыруға бағытталған. Деректер орталығы Еуропа мен Қытай арасында Қазақстан арқылы деректерді берудің баламалы транзиттік арнасын құрады.
Жоба 2,5 га алаңда орналасады. Құрылыстың екі кезегі 75 млрд теңге инвестицияны қажет етеді. Құрал-жабдықтарды сатып алуға тағы да 100 млрд теңге қажет, жалпы деректер орталығына инвестиция 175 млрд теңгені құрайды.
Жобада серверлерге арналған 480 арнайы шкафтарды (тұрақты орындар) сыйғызу жоспарланған, олардың әрқайсысы 15 кВт-қа дейінгі қуатқа шыдайды. Олардың қуаты 7-10 электр шәйнектермен немесе 5-7 ойын компьютерлерімен барабар.
Орталықтың пайдалы ІТ-қуаты 7,2 МВт (серверлердің жұмысы үшін энергия), ал суыту мен қолдауды қоса алғанда, жалпы энергия тұтыну — 13 МВт құрайды. Бұл шағын қаланың электрді тұтынумен салыстыруға болады.
«Деректер орталығы деректерді сақтаудың үлкен инфрақұрылымының бір бөлігі ғана емес, ол біздің технологиялық егемендігімізді қамтамасыз етеді, Қазақстанды халықаралық IT-компаниялар үшін танымал етеді, біздің азаматтарымызға жаңа жұмыс орындары мен мүмкіндіктер береді», – деп мәлімдеді Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов.
Ол сондай-ақ холдингтің еліміздің басқа өңірлерінде ұқсас нысандарды дамыту бойыншаауқымды жоспарлары бар екенін атап өтті.
Қазіргі таңда холдингтің қарамағында Қазақстанның түрлі өңірлерінде 7 деректерді өңдеу орталығы (ДӨО) бар. Бұдан басқа, Қарағандыда орталықты кеңейту және Алматы мен Астанада тағы екі орталықтың құрылысы жоспарлануда.
Дереккөз: https://kz.kursiv.media/2025-04-18/fvfv-freedom-cod/