QR-төлемдерден бастап жүргізушісіз таксиге дейін: Freedom Holding Қытайда қандай серіктестіктер орнатты

Freedom Holding Corp. Қытайдың ірі технологиялық компанияларымен ынтымақтастығын кеңейтті. Қазақстандық делегацияның Шанхайға сапары барысында холдинг Tencent, Ant International, Alibaba Cloud, Baidu, Geely және Heilongjiang Huida Technology компанияларымен бірқатар келісімдерге қол қойды. Серіктестіктер халықаралық төлемдер, жасанды интеллект, бұлтты технологиялар, жүргізушісіз көлік және ауыл шаруашылығын цифрландыру бағыттарын қамтиды.
«Қазақстанның Орталық Азиядағы технологиялық даму орталығына айнала алатынына сенімдімін. Алайда бұл үшін дайын шешімдерді сатып алу жеткіліксіз. Өзіміздің инженерлік мектепті қалыптастырып, инфрақұрылымды дамытып, өндірісті жергіліктендіру қажет», – деп атап өтті Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов.
WeChat Pay және Alipay: ыңғайлы төлемдер
Негізгі келісімдердің бірі Freedom Bank пен Қытайдағы ең ірі төлем экожүйелері Weixin Pay (WeChat Pay) және Alipay операторлары TenPay Global (Tencent) мен Ant International арасындағы серіктестік болды.
Интеграция іске қосылғаннан кейін Freedom SuperApp пайдаланушылары Қытайда тауарлар мен қызметтердің ақысын өздеріне үйреншікті QR-код арқылы төлей алады, сондай-ақ Taobao, AliExpress және 1688 сияқты Қытайдың ең ірі маркетплейстерінде сауда жасау мүмкіндігіне ие болады. Кері бағытта бұл сервис қытайлық туристерге Қазақстан аумағындағы Freedom Bank терминалдық желісінде WeChat Pay және Alipay қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді.
«Тарихқа көз жүгіртсек, Қазақстан Азия мен әлемнің өзге бөліктерін байланыстыратын негізгі транзиттік хаб болған. Бүгінде біз осы “көпірді” толық цифрландырып жатырмыз», – деді холдингтің басшысы.
Эквайрингтен бөлек, тараптар трансшекаралық ақша аударымдарын дамыту және ұлттық валюталарда, оның ішінде қытай юанімен есеп айырысу мүмкіндіктерін кеңейтуді қарастыруда. TenPay Global деректеріне сәйкес, WeChat Pay экожүйесі әлемнің 13 елi мен өңіріндегі 40-тан астам шетелдік электронды әмиянмен интеграцияны қолдайды.
«Біз тұтынушыларымыз тауарларды үлкен үстеме бағамен емес, шын мәнінде бәсекеге қабілетті шарттармен сатып ала алуы үшін осы нарыққа тікелей қол жеткізу тетіктерін меңгергіміз келеді», – деп түсіндірді Тимур Турлов.
Geely: электромобильдерді дамыту
Freedom Holding Corp.-тың тағы бір серіктесі Қытайдың ең ірі автокөлік өндірушілерінің бірі Geely компаниясы болды. Тараптар Қазақстанда электр көліктеріне арналған инфрақұрылымды бірлесіп дамытуға, автомобиль саласына зияткерлік шешімдерді енгізуге және қуаттау инфрақұрылымының өндірісін жергіліктендіру мүмкіндіктерін зерттеуге ниетті.
Бұған дейін жоба аясында қуаттау станциялары желісін Freedom SuperApp қосымшасына интеграциялау көзделетіні хабарланған болатын. Бұл пайдаланушыларға холдингтің цифрлық экожүйесі арқылы электр көлігін қуаттау процесін басқаруға мүмкіндік береді.
Baidu: жүргізушісіз таксиді іске қосуға дайындық
Freedom Holding басшысы Тимур Турловтың айтуынша, қытайлық технологиялар мен жергілікті тәжірибені біріктіру Қазақстан үшін өз жүргізушісіз көлік сервисін құруға мүмкіндік береді.
Alibaba Cloud: бұлтты сервистер мен жасанды интеллект
Холдинг Қытайдағы ең ірі бұлтты қызмет провайдерлерінің бірі Alibaba Cloud-пен инфрақұрылым мен жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді дамыту туралы келісімге қол қойды. Жоба мамандар даярлауды, бұлтты сервистерді дамытуды және Орталық Азия елдері үшін өңірлік құзырет орталығын құруды көздейді. Болашақта бұл ынтымақтастық жаңа цифрлық сервистер мен ЖИ өнімдерін әзірлеу үшін халықаралық инфрақұрылымды пайдалануға мүмкіндік береді.
Heilongjiang Huida: ауыл шаруашылығын цифрландыру
Тағы бір ынтымақтастық бағыты Heilongjiang Huida Technology Co., Ltd. компаниясымен жасалған келісім болды. Құжатқа компания Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп қол қойды.
Серіктестік аясында агродрондар мен ауыл шаруашылығы техникасына арналған автопилот жүйелерінің өндірісін жергіліктендіру, бірлескен зерттеу орталықтарын құру және цифрлық ауыл шаруашылығы саласы үшін мамандар даярлау көзделген.
Қазіргі уақытта Huida Қытайдағы дәлме-дәл егіншілік нарығының көшбасшыларының бірі саналады. Компания спутниктік навигация жүйелерін, егіс алқаптарын өңдеуге арналған ұшқышсыз ұшу аппараттарын және ауыл шаруашылығы жұмыстарын мониторингтеуге арналған цифрлық платформаларды әзірлейді.
Халықаралық экспансия жалғасуда
Бұл келісімдердің барлығы Freedom Holding Corp. экожүйесінің халықаралық дамуы мен холдингтің әлемнің түрлі өңірлеріндегі қатысу аясын кеңейтуге бағытталған стратегиясының бір бөлігі болып табылады. 2025 жылы компания Жапонияның Ledax Co., Ltd. компаниясымен қаржылық қызметтерді дамытуға маманданатын бірлескен ұйым құру туралы келісімге қол қойды.
Осы жылдың жазында Freedom Holding Corp. өз экожүйесін Жапония нарығына шығару мүмкіндігін алу үшін жапондық бөлімшедегі үлесін 90%-ға дейін ұлғайтты. Қалған 10%-ы сақтандыру, автомобиль бизнесі және консалтинг салаларында жұмыс істейтін холдингтің жергілікті серіктесі Ledax Co., Ltd. компаниясына тиесілі. Жалпы алғанда, экожүйе өзінің жаңа жапондық бөлімшесіне 500 мың АҚШ долларын инвестициялады.
Сонымен қатар, Freedom Holding Жапонияда Ledax, Kort Valuta және Arai Shoji компанияларымен меморандумдарға қол қойды. Соңғысы Arbuz.kz компаниясының Жапониядан Қазақстанға өнім жеткізу жөніндегі серіктесіне айналды. Тимур Турловтың айтуынша, жапон бағыты цифрлық экожүйені Қазақстаннан тыс нарықтарға экспорттаудың негізгі кезеңдерінің бірі ретінде қарастырылады.
Егер жапондық жобалар ең алдымен бизнестің халықаралық қатысу аясын кеңейтуге бағытталса, қытайлық серіктестіктер Freedom экожүйесіне заманауи төлем шешімдерін, жасанды интеллект технологияларын, бұлтты платформаларды және автономды көлік сервистерін интеграциялауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Қазақстан нарығында жаңа өнімдер мен қызметтердің пайда болуына негіз бола алады.