Тимур Турлов FIDE басшысының орынбасары қызметіне сайланбақ

Қазақстан шахмат федерациясының президенті әрі Freedom Holding Corp. компаниясының бас директоры Тимур Турлов Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) президентінің орынбасары қызметіне кандидатурасын ұсынды. Ұйымның жаңа басшылығын сайлау 2026 жылғы 26–27 қыркүйекте Самарқанд қаласында өтетін FIDE Бас ассамблеясы аясында ұйымдастырылады. Бұл шара 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасымен қатар өтеді.

FIDE жарғысына сәйкес, президент пен оның орынбасары біртұтас команда ретінде сайланады. Тимур Турлов федерацияның қазіргі президенті Аркадий Дворковичтің тізіміне енді. Дворкович те өз өкілеттігін жаңа мерзімге ұзартуға ниетті.

Өз шешімін түсіндіре отырып, Тимур Турлов бұл қадамның 2023 жылдан бері Қазақстанда жүргізіп келе жатқан жұмысының заңды жалғасы болғанын атап өтті.

«Осы 3,5 жылда қол жеткізілген нәтижелер мені бір қарапайым нәрсеге көз жеткізді: біз Қазақстанда қолданып жатқан тәсіл өз тиімділігін дәлелдеді және оны әлдеқайда кең ауқымда – әлемдік шахмат деңгейінде де қолдануға болады», – деді ол.

Тимур Турлов Қазақстан шахмат федерациясын басқарған кезеңде қазақстандық шахматшылар федерация мәліметіне сәйкес ресми халықаралық жарыстарда 448 медаль жеңіп алды. Сонымен қатар елде жас шахматшыларды қолдау жүйесі қалыптастырылып, оған болашағынан үміт күттіретін ойыншыларды даярлау, халықаралық турнирлерге қатыстыру және әлемнің жетекші бапкерлерімен жұмыс істеу бағыттары енгізілді.

Білім беру бағыты да қарқынды дамып келеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Білім берудегі шахмат» бағдарламасына бүгінде 1 500-ден астам мектеп пен 60 мыңнан астам оқушы қатысуда. 2026 жылы федерация шахмат мектептері мен клубтарын аккредиттеу жүйесін енгізуге кірісті. Сондай-ақ елдің шахмат экожүйесіндегі негізгі сервистерді біріктіретін KazChess ID цифрлық платформасын іске қосуға дайындалуда. Тимур Турловтың айтуынша, сайланған жағдайда ол FIDE қызметін цифрландыруға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлмек.

Тимур Турлов халықаралық деңгейде шахматты дамытуға белсенді инвестиция салып келеді. Freedom Holding Corp. басшысы жыл сайын шахмат жобаларын қолдауға 15 млн доллардан астам қаражат бөледі. 2025 жылы ол «Үздік спорт меценаты» атағына ие болып, «Парасат» орденімен марапатталды.

Тимур Турловтың өзі шахматты ойлау қабілетін дамытудың ең тиімді құралдарының бірі деп санайтынын бірнеше рет атап өткен. Ол шахматпен өзі де айналысады және бұл ойынның қыр-сырын балаларына да үйретіп жүр.

 

«Шахмат – ерекше ойын. Ол ойлау жүйесін қалыптастырады, тәртіпке баулиды, шешім қабылдауды үйретеді және өз әрекеттеріміздің салдарын алдын ала бағамдауға көмектеседі. Мен мұны тек Қазақстан шахмат федерациясы мен Шахмат мектептері федерациясының басшысы ретінде ғана емес, шахмат ойнайтын балалардың әкесі ретінде де айтып отырмын. Әр партия сайын олар шыдамдылыққа үйренеді, жеңіске жетуді меңгереді, ал кейде жеңілісті де лайықты қабылдауды үйренеді», – деп атап өткен болатын Турлов.

2026 жылғы сәуірде Freedom Holding Corp. шахматқа арналған ең танымал бағдарламалық кешендердің бірін әзірлеген әрі шахмат партияларының ең ірі дерекқорларының біріне ие ChessBase платформасын сатып алды. Холдинг жобаны дамытуға 5 млн еуро инвестиция салуға ниетті екенін мәлімдеп, ChessBase платформасын Freedom компаниясының цифрлық экожүйесіне біріктіруді жоспарлап отырғанын хабарлады. Компанияның серіктестерімен бірге есептегендегі жиынтық аудиториясы 14 миллионнан астам пайдаланушыны құрайды.

Басқа жаңалықтар